«ПетроҚазақстанОйлПродактс» компаниясының басшылары салауатты өмір салтын насихаттауға әманда құмбыл. Әу бастан солай. Қай жарыс болмасын, турнирдің жоғары деңгейде өтуіне ұйытқы болып жүргені. Біздің айтайын дегеніміз бұл емес. Компания қызметкерлері жыл сайын бір сәт доп қуалап, спортпен тыныстауды әдетке айналдырған. Компания қызметкерлерінің спартакиада дегенде шығарда жаны бөлек екен.
Бәйгеден қара үзіп шыққан «Петро-қазақстандықтардың» қуанышын бөлісіп қайттық. Спорт ойындары кім кімді болса да бірлікке, ауызбіршілікке жұмылдыратыны мәлім. Осыны көкейіне түйген «мұнайшылар» күннің көзі жыли бере салауаттылықты насихаттауға ойысады екен. Биылғы бәсекеге бірлігі бекем 8 команда қатысқан. Бәрінің де ойын-өрнегі өзгеше. Сайысқа тыңғылықты дайындықпен келген. Ұғынғанымыздай, компания жұмысшыларының арасында футбол, баскетбол, волейбол, үстел теннисі және шахматтың қыр-сырын меңгерген саңлақтар жетерлік. Қуантарлығы, әуесқой спортшылар жылдан-жылға ширығып, шыңдала түскен. Оның бір себебі, спартакиада жеңімпаздарына үлестірілетін сыйақының көбейіп жатқандығынан болар. Жоғарыда мәністегеніміздей, спортқа жақын басшылар бюджеттің бүйірін тесіп, биыл 2 млн 200 мың теңге бөліпті. Спартакиаданы кең ауқымда өткізіп, жүлдегерлерді ұятқа қалдырмау үшін.
Сонымен, екі айға созылған сайыста топты жарып шыққандардың есіміне қанықтық. Жалпыкомандалық есепте 2 айға созылған спартакиаданың бас бәйгесін «ТТУ» ұжымы иеленді. Соңына дейін үзеңгі қағыстырып, шешуші сәтте бір ғана ұпаймен есе жіберген «ДОТБиЭ» командасы екінші орынды қанағат етті. Ал жүлделі үшінші орынның иегері «Цех №2» ұжымы. Қалған командалар елеусіз қалмай, ынталандыру сыйлығын иемденді. Олар: «ЗДУ», «ЛК-6 у», «ТСЦ», «ПВВС» және «КИПиА». Жүлдегерлерді марапаттау рәсіміне компания басшылары арнайы жеткен. «ПКОП» ЖШС президенті Асылбек Кәрібаев пен өндіріс жөніндегі вице-президент Цзян Ши спортты насихаттауға бұдан да көбірек көңіл бөлінетіндігін жеткізді. Басшылар тарапынан сый — құрметке бөленген қызметкерлердің қуанышында шек жоқ.
Тағабай ҚАСЫМ