Мейірбеков көшесінің жолына асфальт жақын арада төселмейді

354
Самалдықтардың жолы осындай
Самалдықтардың жолы осындай
Самалдықтардың жолы осындай

Самалдықтардың сарсаңы бітпейтін болды. Бұл күнде Мейірбеков көшесінің тұрғындары жолды ойлап бас қатырады. Ыңғайлы жағдай жасалмаған шағынауданның күйі расымен де қынжылтады. Құрылысы басталып, соңынан тұралап қалған бұл тірліктің түйінін кім шешетінін қарапайым жұрт білмейді де.

Жақып Ақбергенов, «Самал» шағынауданындағы Мейірбеков көшесінің тұрғыны: «Былтыр  осы төңіректегі көшелер жөнделіп, жұрт қарық болып еді. Біздің көшеде де тас төселген еді. Алайда әкім ауысты да, құрылыс тоқтады. Біраз уақыттан кейін түрік компаниясы техникасын да алып кетті. Енді тендер ойналады дейді. Көрші көшелерде Малқаров пен біздің көшеден басқаларында жол асфальттенген».

Бұрын бұл көшеге қара асфальт болған-ақ. Тұрғындар өз қаражатына салып алған жолдың бүгінгі сиқы осы.

Әділбек Қаражанов, «Самал» шағынауданындағы Мейірбеков көшесінің тұрғыны: «Әр отбасынан 50, 30 мың теңгеден ақша жинап, жолымызға асфальт төсеткен едік. 2012 жылы  асфальт алынып, оның орынына тас төселді. Енді асфальт төселеді дегенде  қала басшылары ауысып, жұмыс  мүлдем тоқтатылды. Қашан жалғасатынын  анықтау мақсатында ЖКХ-ға бардық, олар құрылыс бөліміне жібереді. Сөйтіп, доп сияқты бізді домалатып жүр әкімдіктегілер».

Сиырқұйымшақтанып кеткен бұл тірліктің басы-қасында жүргендерді қала әкімдігі жақсы біледі. Айтатын уәжі жалғыз. Ол сол баяғы қаржының тапшылығы.

Абай Әбдіманапұлы, қала әкімдігінің өкілі: «Ия, Мейірбеков көшесінде тас төселген болатын. Жөндеу жұмыстарына қаржы жетпей қалды. Биыл  ұсыныс беріп едік, бюджет құптамады. Ұсынысымызды 2014-2015 жылдарға арналған бюджетке енгізуді сұрандық. Қолдаса, жұмыстар жалғасады».

Сыдырмалы саясаттан шаршаған самалдықтардың ендігі әрекеті қандай болары белгісіз. Арыз-шағымдарын еститін құлақ, көретін көз болса деген жалғыз тілектері бар. Ал қазір оларда үміт артудан басқа амал жоқ. Былтыр 6 млрд-қа Шымкентте 164 көше жөндеуден өтсе, биыл облыс бюджетінен бөлінген 2,7 млрд-қа 101 көше жолы реттелмек.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=4INYPfSOvFU[/youtube]