Қазығұрттың әкімі қайта тағайындалды. Былтыр сәуір айынан бері ауданға жетекшілік етіп келе жатқан Болатбек Қыстауов аттестациядан сәтті өтіп, өз орынтағына қайта жайғасты. Облыс әкімінің орынбасары Берік Оспанов аудан жұртына жаңа әкімді қайта таныстырып, екінші рет тағайындады. Үш кезеңдік сынақтан сүрінбей өткен Қыстауов мырза, негізгі тестілеудегі 100 сұрақтың 93-іне айнақатесіз, мүдірмей жауап берген.
Болатбек Қыстауов, Қазығұрт ауданының әкімі: «Әрине, әрбір сынақтан адам баласы өтерде аздап толқып, жүрексінетіні рас. Сол сияқты мемлекеттік қызметкерлерге жасалған сын кезінде мен де толқыдым. Десе де күнделікті жұмыста пайдаланып жүрген, іске асырып жүрген сауалдар болғандықтан сынақ сұрақтарынан сүрінбей өттім деп ойлаймын. Осыған дейінгі атқарған жұмысыңа абыроймен оралу үлкен әсер береді екен».
Мұнан соң, жаңа әкімді аудандық мәслихаттың хатшысы халық қалаулыларына таныстырды. Қазығұрттың тыныс-тіршілігін бес саусағындай білетін Болатбек Қыстауов ендігі істі ауданның әл-ауқатын көтеретін экономика саласынан бастамақ. Егістік жерлерінің де көлемін ұлғайтуды жоспарлап отыр.
Мұнан бөлек, Берік Оспанов облыс әкімінің өкімімен Сарыағаш, Мақтарал және Шардара аудандарының әкімдерін қайта тағайындады. Аталған өңірлерді осыған дейін басқарған әкім-қаралар өз орнында қалыпты. Өйткені, үш ауданның әкімі де мемлекеттік қызмет бойынша жүргізілген сынақтан сүрінбей өткен.
Ал бұл күні Түркістан, Отырар, Ордабасы және Бәйдібек аудандарына мүлдем жаңа әкімдер тағайындалды. Мұндағы бұрынғы басшылардың өзге жұмысқа ауысуына байланысты жаңа шенділер аудан тізгінін ұстауға кірісті.
Түркістан қаласының әкімі болып Бақытжан Әшірбеков таңдалса (Ол осыған дейін Шымкент қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқаратын. Ал Түркістанның бұрынғы әкімі Әліпбек Өсербаев басқа жұмысқа ауысты), Салыхан Полатов Отырар ауданын басқаратын болып шешілді (С.Полатов та бұған дейін Шымкент қаласы әкімінің орынбасары қызметінде болатын). Ордабасы ауданына Самат Айдарханұлы Сапарбаев жетекшілік ететін болды. Ал Бәйдібек ауданына Әбдімүтәліп Көбеев басшы болып тағайындалды.