Отбасы – қоғамның маңызды бір бөлшегі болса, ал некеге тұру – жанұялық өмірге қадам бастайтын жауапты сәт. Алайда мұндай қадамға ақыл-есін тоқтатып, оң-солын дұрыс тани білген қыз-жігіттердің барғаны дұрыс. Яғни отбасын құру үшін неке жасына жетудің үлкен маңызы бар. Дегенмен бүгінгі жастардың көпшілігі ерте отбасын құруға асығатын сияқты.
Әсіресе, соңғы жылдары кәмелет жасқа толмағандар арасында неке қиюға өтініш білдіргендердің саны артып отыр. Мұндағы басты себеп – қыз балалардың ерте жастан жүкті болып қалуы. Негізінен ҚР «Неке және отбасы» туралы Кодексінде 18 жастан бастап некеге тұруға рұқсат етілген, қажет болған жағдайда бұл екі жасқа дейін төмендетілуі мүмкін. Ал 16 жастан да ерте заңды некеге тұруға мүмкіншілік жоқ. Егер, қыз бала осы жаста жүкті болып қалса, туылған бала анасының тегіне жазылады. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, жылына 40%-дан астам балалар некесіз туылады екен.
Мамандардың айтуынша, бала көтеруге ыңғайлы кезең – 20-23 жас. Ал 13 жастағы қыз бала отбасын құрып, некеге тұруға физиологиялық жағынан да, психологиялық тұрғыдан да даяр емес. Кәмелет жасқа толмаған қыз баланың жүкті болуы және босануы, ана мен балаға да үлкен күйзеліс әкелуі мүмкін. Осының салдарынан сәбилердің жетілмей туылып жататыны тағы бар. Бұл медицина мамандарының берген түсінігі. Ал шариғат жағынан келсек, әйел адам 9 бен 15 жас аралығында балиғат жасқа толған кезде, ер адамның балиғат жасы 12 мен 15 жас аралығында отбасын құруға құқылы. Дегенмен, жастарымыздың ортамен, қоғаммен және заңмен санасқаны да дұрыс болмақ. Өйткені бұл шариғатымызға да, заңға да қайшы келмейді.
Дамушы елдерде жыл сайын 10-12 млн бойжеткен кәмелеттік жасқа толмай отбасын құратын көрінеді. Тіпті, Иордания, Араб Әмірліктері, Тунис, Йемен сияқты елдерде қыздарға 15 жастан бастап тұрмыс құруға рұқсат берілген. Бұл шетелде, ал біздегі заң мұндайға рұқсат бермеген. Сондықтан да жастардың жасөспірім шақта отбасы құруға асықпағандары жөн. Бұл әсіресе, аруларымыз үшін медициналық әрі психологиялық жағынан да зиян екенін зерттеу нәтижелері дәлелдеп отыр.
Ресми емес деректерге сүйенсек, елімізде бір жылда кәмелеттік жасқа толмаған 10 мыңға жуық қыз бала ана атанады екен. Ел заңына сәйкес азаматтар 18 жасқа толған кезде ғана ресми некеге тұра алады. Десек те арнайы АХАТ бөліміне бармай-ақ, Алланың үйінде некесін қидырып, емін-еркін отбасын құрып жүрген жастар да баршылық. Мұндай желіккен жастарымыз отбасылық өмірдің қызығына батамыз деп, шыжығына түсіп жататын кездері көбірек. Бұған дәлел ретінде үйленгендеріне көп уақыт өтпей ажырасып жатқандарды айтуға болады.
Сонымен қатар, бүгінде қаракөз қыздарымыздың шетелдік азаматтарға тұрмысқа шығу фактілері де көбейген. АХАТ бөлімінің берген мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері 5 ай ішінде шетел азаматтарымен неке қию туралы 122 өтініш түсіпті. Онсыз да демографиялық саясаттың үдесінен шыға алмай отырғанымызда, шетелдік азаматтардың тізгінін ұстаған қазақ қыздарының бұл қылығы қуантарлық әрекет емес. Жыл сайын қиылатын 100 мың некенің 20 мыңнан астамы аралас неке дейді ресми мәлімет. Таңқаларлығы, бойжеткендеріміз шетелдік азаматтарға тұрмысқа шығуды өздері қалайтын көрінеді.
Қорыта келсек, мұндай неке жақсылыққа алып бармайды. Тіпті, дініміз де бұған қарсы. Екі ұлт өкілінен дүниеге келетін «дүбәрә» балалардың кім боларын ойланғаны жөн болар қазақ қыздарының. Бұл дегеніміз, бір адамның бойында екі елдің тілі мен діні, мәдениеті мен салт-дәстүрі, тәрбиесі болады деген сөз емес пе?! «Тең теңімен, тезек қабымен» демекші, әр ұлттың өз дәстүрін бойына сіңірген ұрпақ тәрбиелегеніне не жетсін.
Гүлнұр СӘТБАЕВА
Жанетта Уалиханова, Шымкент қалалық Әділет басқармасы АХАТ бөлімінің бастығы
– Кәмелетке толмаған жастар балалы болған жағдайда, олар тек 16 жасқа толған соң ғана ата-ана құқықтарын өз бетінше жүзеге асыруға құқылы. Сол уақытқа дейін қорғаншылық немесе қамқоршылық функцияларды жүзеге асыратын мекеме балаға қорғаншы тағайындайды және ол баланың кәмелетке толмаған ата-аналарымен бірге жүргізіледі. Кәмелетке толмай балалы болған жастардың кәмелет жасқа толғанда некеге тұру мерзімі қысқартылады. Әдетте бұл ұсыныс 1 ай ішінде қаралады.