Пысықайлыққа жол жоқ

Көбі банктен қарыз алып үй алуда
Көбі банктен қарыз алып үй алуда
Көбі банктен қарыз алып үй алуда

Баспаналы болу – басым жұрттың «бас ауруы». Олай дейтініміз, қазір қанша тыраштанып еңбек етсек те, көпшілігіміздің тапқан-таянғанымыз бірден үй сатып алуға жетпейді. Пәтер құны қымбат. Жыл өткен сайын баспана бағасы өспесе кемитін емес. Мәселен, 2012 жылы жаңа тұрғын үйді сату құны –                                                                                                         12,1%-ға, жайлы баспананы жалға беру – 14,4%-ға қымбаттаған. Әрине, бағаға әртүрлі факторлар әсер етеді. Құрылыс материалдарының, жер телімдерінің қымбаттығы, сондай-ақ, оған қажетті инфрақұрылымдарды орнату да оңайға соқпай отырғандығы, жалпы елімізде құрылыс индустриясының кенже дамығандығы, әйтеуір қымбатшылыққа себеп көп. Иә, бүгінде қолма-қол ақшаға үй сатып алу дегеніңіз арманға айналды. Тек ипотека, несие алып немесе айлық жалақыңнан басқа қандай да бір қосымша қаржы көзін тауып барып қол жеткізбесеңіз, баспана сатып алуға қажетті сома қазір қарапайым жұмысшының өңі түгілі түсіне де кіре бермейді. Халықтың көпшілігі банктен қарыз алып қана үй алып жүр. Ал біздегі банктердің кредиттік ставкалары өзі қымбат үйді одан сайын шарықтатып отырғаны шындық. Оны төмендетуге мемлекет барынша тырысып бағуда. Соның нәтижесінде енді бір қауым ел мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндіктерін пайдаланумен баспаналы болып отыр. Халық «әйтеуір ілігіп қалармыз ба» деумен мемлекеттік бағдарламаларға үлкен үміт артып отыратындығы да осыдан. Жұрт баспана жайында жылт еткен­ жаңалыққа да құлақ түре қарайды.

Мәселен, былтырдан бері жиі айтылып, елді елең еткізген «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасының жөні бөлек. Әсіресе, бағдарламада басымдық берілген жас отбасыларға арналған жеңілдіктер кім-кімді де қызықтырғандай. Мемлекет қолға алып отырған бағдарламаның орындалуына күмәнмен қарайтындар көп. Мәселен, кейбір пысықайлар көмекке мұқтаж жас отбасылардың жолын кесіп бұл мүмкіндікті пайдаланып кетуі  мүмкін. Сондықтан жеңілдікпен үлестірілетін баспананы алуға өтініш білдірген азаматтардың тұрғын үйге зәрулігі жан-жақты зерттеліп-зерделенеді. Табысы төмен азаматтардың жолын кесіп кететін пысықайларға шектеулер қарастырылған. «Қолжетімді баспана–2020» бағдарламасы аясында жеңілдетілген пайыздық мөлшерлемелер бойынша алдын ала және аралық тұрғын үй заемдарын алу үшін бағдарлама қатысушысы мынадай талаптарға сәйкес келуі тиіс. Біріншіден, қатысушының және оның отбасы мүшелерінің бағдарламаға қатысуға өтініш берген елді мекенде меншік құқығында баспанасының болмауы керек. Ал қатысушының, оның отбасы мүшелерінің меншігіндегі пайдаланып отырған ауданның мөлшері отбасының бір мүшесіне 15 ш.м. кем мөлшерді құраған жағдайда қатысушының тұрғын үй жағдайларын жақсартуға мүмкіндігі болады.

Екіншіден, қатысушының және оның отбасы мүшелерінің соңғы 5 жыл ішінде бағдарламаға қатысуға өтініш берілген елдімекенде тұрғын үй жағдайларын қасақана нашарлату жайттарының болмауы ескеріледі. Егер бағдарлама қатысушысы аталған талаптарға жауап бермесе, онда банктің стандартты мөлшерлемелері бойынша алдын ала және аралық тұрғын үй заемдарын алуға құқығы бар. Екінші бағыт бойынша айтар болсақ, жас отбасылардың ең жоғары таза отбасылық кірісі бойынша шектеулер белгіленген. Бұл нұсқа тек ай сайынғы таза жиынтық кірісі ең төменгі күнкөріс минимумының 15 еселенген мөлшерінен аспайтын отбасылар үшін көзделген. Бүгінгі таңда бұл сома 261 585 теңгеге тең.  Ал ай сайынғы төлемдер қалай есептеледі? Баспана кезегіне тұратындарды көп мазалайтын да осы сұрақ.

Мақпал РЫСБАЕВА

Самат Байдуанов
Самат Байдуанов

Самат Байдуанов, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» ОҚО филиалының директоры

– Отбасы кірісі алдын ала заем алуға жетпеген жағдайда, тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы жүзеге асырылатын бағдарламаның бірінші бағыты бойынша төлемдерді есептеудің үлгісімен танысуды ұсынады. Мысалы: шаршы метрі 90 мың теңге деп есептегенде, ауданы 60 ш.м. 2 бөлмелі пәтердің құны ― 5,4 млн теңгені құрайды. Қаражат жинау бойынша ай сайынғы жарна 8 жыл бойы – 28 620 теңгеге тең. Ал жалдау төлемі – 8 жыл бойы 6 000 теңгеге тұрақталып отыр. Жалдамалы тұрғын үйді сатып алуға тұрғын үй заемын өтеу бойынша төлем 18 900 теңгені құрайды Тұрғын үй заемы 15 жылға дейін мерзімге, теңгемен жылдық 4% мөлшерлеме бойынша беріледі.