Естеріңізде болса, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары – Өңірлік даму министрі Бақытжан Сағынтаев Оңтүстік Қазақстанға келеді деп бірнеше рет ресми ақпарат берілген болатын. «Әне келеді, міне келеді» деген сол министр кешегі аптада өңірімізге келді-ау ақыры. Бірнеше насандарды аралап көрді. Облыстағы атқарылған тірліктерге өзіндік бағасын да берді.
Көксарай кемеріне жетті
Бақытжан Сағынтаев облысымызға сапарын «Көксарай» су реттегішімен танысудан бастады. Вице-премьермен бірге барған облыс әкімі Асқар Мырзахметов пен орынбасары Берік Оспанов астаналық шенеуніктерді су реттегіштің қазіргі ахуалымен, өңірге тигізіп отырған пайдалы тұстарымен және де әрі қарай атқарылатын шаруалармен таныстырды.
Айта кетейік, Үкіметтің тікелей бастамасымен селден қорғау мақсатында салынған аталмыш су реттегіш 2011 жылдың желтоқсан айында пайдалануға берілген болатын. «Көксарай» су қоймасының сыйымдылығы 3 млрд метр куб 44 километрге созылып жатқан плотина мен гидроқұрылымның табанына 50 млн метр куб топырақ пен бетон төселіп, 100 мың тонна металл пайдаланылған.
Су реттегіштің мүмкіндіктері мен пайдалы тұстарын түсіндірген облыс әкімінің орынбасары Берік Оспанов «Көксарайдың» сол маңдағы аудандардың ауыл шаруашылығы саласын өркендетуге үлкен септігі тиіп отырғанын атап өтті. Сондай-ақ, Қызылорда облысының дихандары үшін де тигізетін пайдасы орасан зор. Осы маңдағы суармалы жерлердің 75%-ға жуығы біздің облыста екенін айтқан облыс әкімінің орынбасары су реттегіштің арқасында әлі талай елдімекендер мен егістік жерлердің суға қарық болатынын меңзеді.
Дегенмен бірінші кезекте Көксарай облыстағы су басу қаупі ерекше саналатын елдімекендерді бұл қорқыныштан құтқарады. Алдыңғы жылдары көктем шыға жиналған судың артығын Сырдарияның төменгі сағасына, яғни біздің өңірдегі бөлігіне ағыза салатын Қырғызстан мен Өзбекстаннан келер қауіп су реттегіш салынғалы осылайша шешімін тапқан.
Осылайша Б. Сағынтаев жасанды суқоймада ешқандай төтенше жағдайлар мен кем-кетістіктердің жоқ екеніне көз жеткізді.
Дәурен ӘБДІРАМАНОВ
Оңтүстік – өндірісі дамыған өлке
«Оңтүстік – өндірісі дамыған аймақ. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуда, қолдауда белсенділік танытып, өзге облыстарға үлгі боларлықтай дамыған». Осылай деп тілшілерге сұхбат берген Үкімет басшысының бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев «Бизнестің жол картасы-2020» аясында құрылған «Оңтүстік» индустриалды аймағын аралап көріп, жұмыс барысымен танысты.
Индустриалды аймақта 37,5 млрд теңге көлемінде 42 жаңа жобаларды іске асыру және 5 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын ашу көзделіп отыр. Айта өтейік, өткен жылы индустриалды аймақтың кәсіпорындары шығарған өнімнің көлемі 10 млрд теңгені құраған болатын. Одан басқа, ағымдағы жылы Шымкентте жаңа индустриалды аймақтың ашылуы жоспарлануда. Техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуге қаржы аударылып, жер учаскісін бөлу мәселесі де шешілу үстінде екен. Бақытжан Сағынтаев «Оңтүстік» индустриалды аймақ аумағында «HILL Corporation», «SPIRIT Қазақстан», және «Компания Юг Пласт» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері шығаратын өнімдермен танысты. Кәсіпкерлермен тілдесіп, мемлекеттік бағдарлама мен қолдаудың арқасында осындай жетістікке жетіп, өңірдің өндірісін дамытып отырғанын өз көзімен көрді.
Өзі Көкшетаудан болса да, Оңтүстікте нәпақасын тауып, шаруасын шыр айналдырып отырған «Юг Пласт» компаниясын құрған кәсіпкердің жасап жатқан тірлігі өңірлік даму министріне қатты ұнады. Өзге облыстар Оңтүстіктен үлгі алуға болады деп баса айтты ол.
Шымкентте болған вице-премьер «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасы бойынша салынып жатқан тұрғын үй құрылысының барысымен де танысты. Пәтерлерді аралап шығып, заманауи үлгіде әрі сапалы түрде салынғанына көз жеткізді.и2 Сонымен қатар әлеуметтік инфрақұрылымдар, тұрғын үйлер, саябақтар және демалыс нысандарын салуды жоспарлап отырған қаланың әкімшілік-іскерлік орталығының құрылысымен танысты. Осылайша әлеуметтік сала Үкіметтің жіті назарында екенін аңғарып, мемлекеттік бағдарламаның барысын саралады.
Жұмыс сапарының соңында кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығына барды. Онда кәсіпкерлерге арналған құжаттарды рәсімдеу және рұқсат беру, жобаларды қаржыландыру және консалтингті оқыту қызметтерін көріп, өңірдегі осындай серпінді жұмыстарға оң бағасын берді. Кәсіпкерлермен арнайы кеңес өткізіп, облыстағы бизнес қауымдастықты мазалап жүрген көкейкесті мәселелерді талқылады.
Б.Сағынтаев биыл кәсіпкерлік қызметтің мемлекеттік реттеу тұжырымдамасы әзірленетін болады деп ескертті. Сонымен қатар, рұқсаттардың бірыңғай тізімін белгілейтін заң әзірленеді, бұл ретте рұқсат берудің барлық рәсімдерін автоматтандыру жоспарланып жатқанынан да хабардар етті.
– Халық арасында Оңтүстік десе, мақта, ауылшаруашылығы, бақша өнімдерін сөз болады. Негізінде олай емес. Мойындауымыз керек, қазір облыс өндірісі дамыған аймаққа айналған, — деді ҚР Өңірлік даму министрі Бақытжан Сағынтаев. – Халық көп шоғырланғандықтан да кәсіпкерлікпен айналысатын азаматтар көп. Елдегі белсенді жұмыс істейтін шағын және орта кәсіпорындардың 14%-ы осы Оңтүстік Қазақстан облысында шоғырланған. Десек те кәсіпкерлер Үкімет тарапынан беріліп жатқан көмектің бәрін түгел алып отыр ма деген сауалға келер болсақ, иә деп жауап беруге болады.
Ардақ ЖАҚСЫЛЫҚОВА
Түйін
Сағынтаев сапаралап келді, кетті енді не өзгерер екен дейтіндер көп. Расымен де не өзгерер екен? Астанадағы сарайына жеткен соң, сапарын қорытып, Елбасыға есеп бермесе де, көріп қайтқан жерін бір сәт есіне алса, соған да шүкір дейміз. Әйтпесе Оңтүстікке кім келіп кім кетпей жатыр. Бастысы өңірдің атқарып жатқан жұмыстарына жіті назар аударып, кемшін тұстарын уақытылы түзетіп жатса сөзінің салмағы бар, қолынан іс келетін азамат екен демесек бізге серт. Сағынтаев мырза «Бір міндетімнен құтылдым, күл болмасаң бүл бол» дейтін шенеунік емес шығар деп пайымдаймыз. Дегенмен, өңірлерді дамыту міндеті жүктелген министрдің келуі де кетуі де, тіпті жүріс-тұрысы да суыт болды. Барған нысанына ары кетсе 10-15 минут аялдап, бірнеше жыл бойы жасалған өнеркәсіп нысандарына бір-бір қарады да кетті. Көзі талай нәрсені шалып кеткен де болар, кім білсін…