Жарық аула, сазды әуенді есік қоңырауы, тіпті үй ауласы есігін арнайы құпия саны енгізілген пультпен басқару. Бүгінде көпқабатты үйлер үшін бұл жағдай сәнге айналған. Қаламызда ауланың мұндай сұлулығына ғана емес, тазалыққа да назар аударуды ұмытпайтын үй төрағалары бар.
Сөйтіп біз қаламыздағы үй аулаларын аралауға көштік. Кен-кечу көшесі бойындағы №37 үйдің ауласы алыстан көз тартады. Есік алдындағы раушан гүлдері де ауланың сәнін кіргізіп тұр, самсып пісіп тұрған шие ағаштары мен құлпынайлары тағы бар. Жасыл кілемдей төселген көгалы өз алдына. Құпия санмен жасырылған арнайы пульт арқылы басқарылатын баршаға ортақ үйге кіре берістегі үлкен темір есіктері де ерекше. Осылайша тынышына ғана емес, тазалығына, сақтаған тәртібіне де тәнті болдық. Алдымыздан «Қош келдіңіздер» деп дауыстап, құдды бір ескі достарын көргендей жасы 70-ті алқымдаған қария ашық-жарқын қарсы алды. Сөйтсееек, осы кісі үй төрағасы екен. 10 жылдан астам уақыт бойы тұрғындармен жұмыс жасауда машықтанып алған белсенді азамат. Бүгінде көршілерін тазалыққа шақырып, ауланы гүлдендіруге атсалысып жүр. Жөнімізді білген ол әңгіменің әлқиссасын бастап кетті. Айтуынша, күн сайын есік алдындағы гүлдер мен көшеттерді суарудан да ешкім қашпайды. Менің, сенің, немесе оның жұмысы деп сілтеу болған емес. Жұмыстан шаршап келген көршілер тілін табу да қиындық тудырмайды, қарапайым болу керек.Түсіністікпен қараған дұрыс. Мұнтаздай тазалықтың сыры да сыйластық пен қоғамға деген көзқарастың дұрыс қалыптасуында деп есептейді, Көшербай Өмірбеков. 16 пәтерлі үйдің ауызбіршілігін арттырып, тынысын тазартып, көпшіліктің көңілін тапқан үй төрағасының жұмысына деген жауапкершілігін атқарып жүрген жұмысына қарап-ақ байқадық.
Көшербай Өмірбеков, Кен-кечу көшесі №37 үйдің төрағасы: «Тазалықтың сыры көпшілікпен тілтабысуда деп ойлаймын. Бір атаның баласындай өмір сүреміз. Қазақта «Алыстағы ағайыннан, жақындағы көршің артық» деген аталы сөз бар ғой. Той-жиынды да жабылып атқарып тастаймыз. Әрине, көптеген қырсық мінезді, мінезі ауыр тұрғындар да бар. Бірақ олардың да көңілін табу керек. Мен мысалы, олармен теке тіресіп, қырсықпаймын. Жөнімді түсіндіріп айтып отырамын. Олар ешқашан сөзімді жерге тастамай, жұмыла кірісіп кетеміз. Әрбір жұмысты бір-бірімізге сілтеген емеспіз. Кімнің қолы босайды, жүгіріп келіп, гүл отырғызып немесе сыпырып-тазалап жүреді».
Келесі бет алысымыз Темірлан тас жолы бойындағы № 34 үйдің ауласы болды. Бүгінде күл-қоқыстан көз ашпайтын үй алдына жиіркеншіпен қарайсыз. Балмұздақ, кәмпит, шоколад қабықтары… Бұған қоса бос бөтелкелермен темекі тұтамдары үйме-үйме шашылып жатыр. Арам шөптер сәнді бамбук ағашындай «жайқала» жарысып өскен. Бұған себеп — тұрғындардың салақтығы болса керек деп ойлай бастағамын сол еді, жанымызға қолына «папкасын» ұстаған кісі келе қалды. Өзін бірден Аманбек Күмісбекұлы, зейнеткермін деп таныстырды. Терезеден көріп, жүгіріп келдім дейді қария. Көзімнің қолтығына қысқан дүниеге түскенін байқаса керек, «Мұны сіздерге көрсету үшін әкелдім, ортақ үйдің алдына мынадай гүлдер де қондырдым, сусыз қурап қалды» деп күрсіне бастады сөзін. Тұрғындарды тазалыққа шақырудан шаршадым, айта –айта жақ талды , шарасызбын деп ашынды ол. Шағымын үлкен ренішпен жеткізген Аманқұл атай 1 ай бұрын аталған үйдің төрағасы қызметінен бас тартыпты. 4 жылдан бері осы қызметте болған азамат бұл қадамын жылдар бойы еш нәтиже байқамағандықтан жасадым деп түсіндірді.
Аманқұл Күмісбекұлы: «Мен тұрғындар үшін ұялып отырмын. Бізде шыны керек, алдын ала дайындық деген жоқ. Аула қандай болса, Сіздер соны көріп отырсыздар. Мұнда ауланы тазалау туралы көптеген түсіндірмелер айтылды. Талай рет ескерту ретінде де айттым. Тұрғындардың өз тарапынан ынта болмағандықтан, оларды күштеуге менің құқым жоқ».
Қаламыздың көркін бүйірінен басып тұрған мынадай үй аулаларының қатары күн санап артып жатқаны жасырын емес. Сондықтан, үй төрағалары үйден шыққан қоқысты арнайы контейнерге төгуге ерінетін тұрғындарға тиісті шара қолдану керек деп есептейді. Бұл үшін жергілікті әкімдікке сұраныспен де шығыпты. Енді жауап күтіп жүр.
Нұрлан Тілеш, Абай ауданы әкімінің орынбасары: «Біз тұрғындарды тазалыққа шақыруда жұмыс жасап келеміз. Тіпті телеарна арқылы түсіндірме-роликтер де ұсындық. Негізінен бұл мәселе тұрғындармен келісім-шарт жасау арқылы шешілетін. Олар өзара ай сайын қаражат жинайды. Ал біз оларға аула тазалаушы жалдап, ай сайынғы жалақысын сол қаржыдан беріп отырамыз. Ал егер бұл шартқа келіспейтін болса және өздері тазалықты сақтауды қойса, биыл ОҚО әкімінің бекіткен «Қаланы көріктендіру» ережесі бойынша айыппұл салынады».
Әкімдік тарапы тиісті шара қолдануға бекініпті. Ендеше тұрғындардың тазалықты сақтауы қажет-ақ. Әйтпесе, қалтасы қағылады.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=Jl92RLgjwUs[/youtube]