"Есірткісіз болашақ" акциясы

Арман. Жоспар. Болашақ. Жастолқын осы мазмұнда ән орындап, жастық шақтың мәнін арттыруды жөн көрді. Ертеңін есірткісіз елестететін олар Абай саябағына жиналып, аты суық дертке қарсы акция ұйымдастырды. Бірі түсіндірме парақшаларын таратты. Екіншісі көпті жиып, арнайы көңілді кеш ұсынды, салауатты өмір салтына шақырды. 19 жастағы Гүлжамал Қалыбек мұндай шарапаты мол шараларға жиі қатысады.

Гүлжамал Қалыбек, студент: «Бүгін нашақорлыққа қарсы акция өтіп жатыр. Өз еркіммен қатысып жатырмын. Қазір парақшалар тараттық. Жалпы өзімді ғана емес, таныстарымды, достарымды, отандастарымызды қорғап қалғым келеді. Олардың бақытты өмір сүргенін қалаймын. Мен өз болашағымды жарқын етіп, есірткісіз елестетемін. Оқимын, білім аламын, елім үшін қызмет етемін».

Есірткіге күресу үшін жастар спортпен айналасып, салауатты өмір салтын ұстануда
Есірткіге күресу үшін жастар спортпен айналасып, салауатты өмір салтын ұстануда

Айта кетейік, өткен жылы елімізде жасалған заңсыз есірткі айналымына қатысты 3548 қылмыстың 132-сі Оңтүстік Қазақстан облысында жасалған. Ал есірткі және алкогольдік мас халде жасалған 13 мың қылмыстың 687-сі біздің облыстың үлесіне тиеді. Сонымен қатар, 2013 жылдың 5 айында өңірде заңсыз есірткі айналамына қатысты 85 қылмыс жасалып, өткен жылмен салыстырғанда 16,4 пайызға артқан. Есірткі және алкогольдік мас халде жасалған 363 қылмыс есепке алынып, өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 25,2 пайызға артып отыр. Заңсыз айналымнан 41,2 кг. есірткі заты алынған, олардың ішінде 39,8 кг.марихуана, 1,1 кг.героин, 264,4 гр. гашиш бар. Заңсыз айналымнан 13,9 кг есірткі заты жойылған. Сонымен қатар, Оңтүстікте 2862 нашақор есепке алынған. Олардың 2358-і есірткіге құл болған нашақорлыққа тәуелді жандар болса, 1646-сы героинмен әуестенгендер. Есірткіге еліккен әйел азаматтарының саны — 254. Өкініштісі сол есепте кәмелетке толмаған 8 жасөспірім бар.

Жастар "Есірткісіз болашақ" акциясын ұйымдастырды
Жастар «Есірткісіз болашақ» акциясын ұйымдастырды

Нұркелді Әбілов, ОҚО ішкі істер департаменті есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының бөлім бастығы: «Есірткіден қорғану шаралары үздіксіз жүргізілуде. Түнгі клубтарда рейдтік шаралар жасаймыз. Профилактикалық іс-шаралар атқарылуда. Жастардың атсалысуымен мынадай акциялар да жиі өтеді. Жастармен түсіндірме жүргізіп, оларға қылмыстың жазасын да айтып жатырмыз. Бірақ қазіргі таңда жасөспірімдер арасында есірткі тасымалдау қылмысы бойынша дәйек болған жоқ».

Ал «Шымкент жастары» МКМ ұйымдастырған бұл бастама қаламыздың бар саябағында және көпшілік орындарда жалғасады дейді олар.

Ерлан Айтбаев, «Шымкент жастары» МКМ директоры: «Мақсатымыз тек қана жастарды емес, қаланың тұрғындарына да есірткінің келтірер зиянын ұқтыру. Сол себепті тек Абай саябағында емес, қаламыздың барлық демалыс орны мен көпшілік жүретін жерлерде өткізіп жатырмыз. Қаламыздың тұрғындары, дем алу үшін келген қонақтармен қатар, мектеп оқушылары, студенттер таратылған парақшаларды оқып, оны ойына түйеді деп ойлаймыз. Бұған қоса «Мой друг попал беду» деген кітапшаларды да бердік. Ішінде анимациялық суреттер, адамның нашақорлыққа тәуелді болу себептері, оны тоқтату жолдары жазылған. Соңы немен бітерін де дәйектеп тұрып түсіндіріліген ішінде. Бұл шара жалғасын табады. Бейсенбі және жұма күндері жастар көшеге шығып, насихат парақшаларын таратып жүр».

Адамдық қалыптан айыратын есірткі бір ғана бізді емес, бүкіл елдің ертеңін бұлыңғыр етеді. Болашағына балта шабады. Сондықтан өңірдің бастамасы жастолқынның болашағына бағдар болады деген деген үміт те жоқ емес.