Ұлттық өнерді дамытып жүрген жастардың кезекті отырысы Абай саябағында жап-жақсы басталған. Дәстүрлі өнерді дәріптеп, қолына домбырасын қолтықтаған олардың бастамасын қолдаушылар да күн өткен сайын артып отыр. Әр аптаның бейсенбісінде қазақ жастары Абай саябағына келіп домбыраның үніне құлақ түріп, халық әндері мен күйлерін тыңдауды, орындауды осылайша әдетке айналдырып отыр.
Анаға деген үлкен құрмет те қара домбыраның үнімен астасты. Абай саябағының қонақтары халық қазынасына сусындап, кереметтей кештің куәгерлері болғаны үшін мәз-мейрам. Дәстүрлі өнерге ғашық жандар бір-біріне домбыраны жалғап, күмбірлете күй шертіп, жыр-термені нақышына келтіре орындап отыр. Қол соғып, демеу болушылар да табылды.
Сезімхан Шұғаев: «Қазақ болып Қарақоста туылып, қара домбыраны құшақтап өстік қой. Сондықтан бала күнімізден домбыраны кереметтей тартпасақ та, осының әуеніне аздап келтіріп жүретінбіз. Енді бұл араға келгендер домбыраның үні шықса үйінде жата алмайды ғой. Жетіп келеді. Сол жаңағы домбыраның үні бізді мұнда алып келіп отыр».
Амангелді Қалыбек: «Мен бүгін домбарыны емес, шаңқобыз деген аспапты әкеліп отырмын. Қазақтың ғана емес, ежелгі халықтардың барлығында болған аспап. Бұны бүгін әкеліп отырған себебім, оның «домбыра party»-ға ешқандай да қатысы жоқ. Дегенмен де бұл «домбыра party»-дың бір форматын бұзу ретінде емес, менің ойымша керісінше бұл оның сәнін кіргізетін сияқты».
Жастар «домбыра party»-дың сәнін кіргізу үшін жанталасқанымен, қуаныштары көпке ұзамады. Олардың париоттық қадамдарын құқық қорғау өкілдері қолдаған жоқ. Қайта қарсылық танытқан. Ұлттық өнерді бағалаушы жастардың айтуынша, ішкі әскер сарбаздары мен полицей қызметкерлері дөрекілік қалыппен сөйлеп, тез арада саябақты босатуын талап еткен. Бұл шешімге наразы болған белсенділер сол сәтті фотобейнеге түсіріп, әлеуметтік желілерге таратып жіберді.
«Домбыра party»-дың ұйымдастырушы белсенді жастары демалыс орнында ұлттық аспапта ойнау заңсыз әрекет деушілермен келіспейді. Садық Шерімбек полицей қызметкерлеріне ренішін жасырмай отыр.
Садық Шерімбек, «Домбыра party»-дың ұйымдастырушысы: «Мен қапамын. Бұл туралы «фейсбукка» да жаздым. Мысқылдап та, басқа қып та жаздық. Мәселен, Абай саябағы – демалыс орны ғой. Біреуі ол жерде темекі шегіп отыр. Біреуі ол жерде басқа нәрсе істеп отыр. Әркім өзінің қалаған нәрсесімен айналысып отыр. Біз ол жерге барып жаңағы домбыра тартып отырмыз. Соғұрлым мысалға қасымдағы кафеде дауысы жаңғырып, қатты музыка ойнап тұр да. Әйтеуір көпшілік орындағы тәртіпті бұздың деген айыпты таққан күннің өзінде, андағы музыка мысалы одан да бетер қатты шығып тұр. Соларға айтуы тиіс еді».
Халықтың қазынасына айналған өнерге қарсылық емес, қолдау қажеттігін облыс әкімдігі баспасөз қызметінің жетекшісі Берік Уәли бірінші болып құптаған. Ол ІІД-нің басшылығына хабарласып, мәселенің түсінбеушіліктен туындағанын фейсбукке жариялады. Погондылар көпшілік жиналған орында тәртіп сақталуы керектігін айтып ақталуда.
«Домбыра party» елімізде өткен жылы Астана қаласында бастау алған. Ұлттық сазды-аспапты өнерді дамытушы жастар Қазақстанның бар өңірінен табылып отыр. Ал домбыраны дәріптеуші жерлестеріміздің кезекті отырысы бейсенбіге белігенген. Билік басындағылар бұл жолы оларға ешкім кедергі бола алмайтынын айтады.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=pShRnhLyiTI[/youtube]