Шымкентте көңілді тапқырлар клубының көңілді кеші өтті. Ерекшелігі сол, өнер додасы әдеттегідей студенттер емес, мектеп оқушылары арасында өрбіді. Ордабасы ауданынан келген “44” құрамасы ойынның шымылдығын түрді. Олар әрдайым сахнаны жандандырып, ойынды көңілді бастағанды ұнатады. “Қазақстан кеше-бүгін, ертең балалар көзімен” тақырыбы аясында өрбіген сайысты ОҚО Білім басқармасы ұйымдастырып отыр. Сахнада киелі Түркістан қаласының “Түркітан жастары” өнерпаздары да өнер көрсетті. Әзілкештер елдегі проблемаларды әзіліне арқау етуді ұмыт қалдырмады.
«Түркістан жастары» құрамасы: «Негізі біз мұнда жеңу үшін келдік. Басты қарсыласымыз деп шымкенттік құрамаларды санаймыз. Олардың да дайындығы жақсы екен. Біз тек сахнада ғана қарсыласпыз, ал әйншейінде достар екенімізді айтқымыз келеді. Ал ойын барысында біз әзіл арқылы шындықты жеткізуге тырысамыз. Сол сияқты бүгін де Арал теңізінің тартылып кеткенін, Темірланның ахуалы, және осы сияқты көптеген ауызсуға жарымай отырған елді мекендерді де айттық. Ия, күлдіріп тұрып, осындай жағдайларды жеткізсек, бәлкім жоғарыда отырған шенеуніктер құлақ асар деген үміттеміз. Тек бұл ғана емес, Түркістан қаласының да бүгінгі келбетін әзілдеп жеткізе алдық».
Мақтаралдық “Айхайшу” құрамасы да өздерінің Шымқалаға жету әлектерін әзілге қосты. Көпшілікке күлкінің дәруменін сыйлауға асықты осылай. Себебі өңірдің ең таңдаулылары қатысқан өнер додасы алғаш рет қолға алынған. Ал қазылар алқасы жайдарманның жас достарында еліктеушілік болған жоқ, алайда киім үлгісі де басты назарда деп бағалап отыр.
Азат Әміртаев, қазылар алқасының төрағасы: «Шынымды айтсам, риза болып отырмын. Әзілдердің барлығын шынайы өмірден алып отыр, бірі мектеп өмірін алса, өзгелері ауыл тіршілігі деген сияқты. Мысалы, бұлар оқушылар болғандықтан анау аға буын «жайдарманшылардан» әзілдерін алуға болатын еді. Бірақ оқушылар өз әзілдерін қойды. Сонымен қоса, бір айта кетерлігі, бұны сын немесе қателігіміз деп қабылдағандары жөн болар. Сахналық киімдерін реттеуі керек. Сонда ғана көзге жағымды көрінеді. Жастардың жастарша сахнада жүруі керек деп ойлаймын».
Ақтық мәреде әзілкештер қысқа-нұсқа әрі қызық әзілдерін ұсынуы қажет. Бұл айналымда «Зертас kz», «Қазығұрт қырандары», «Арманшылдар», «Біздің мектеп» сынды құрамалар өнер көрсетіп, замандастарына күлкінің дәруменін сыйлады.
Жанат Мамырбай, көрермен: «Өте тамаша, керемет өтіп жатыр КВН. Әбден үлкендердің ойынын көріп қалғасын ба, оқушыларды дәл осылай ойнайды деп ойламаппын мен. Қазір көріп, жас таланттарға шығармашылық табыс тіледім. Әсіресе ел арасындағы шындықты айтқандары ұнады. Тек шындықты ғана емес, жол салынып, ауыз судың қай аудандарға тартылып жатқанынан да хабардар болдық».
Қазақстанның өткені, бүгіні мен ереңін бағамдағын төлебиліктер 1-орынды жеңіп алды.Оларға планшеттік компьютер сыйға тартылды. 2-орынды (ноутбук) Шымкент құрамасы иеленді. 3-орынға (ұялы телефон) Мақтарал құрамасы місе тұтты. Ал өзге де қатысушылар арнайы диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталды.