Шымкентте полиглоттар көбейеді. Қазақстан инженерлі-педагогикалық халықтар достығы университеті ұстаздары осылай деп мәлімдеді. Оқу орнының ғимаратында мектеп оқушылары мен студенттерге арналып жазғы лингвистикалық мектеп ашылып отыр. Күн сайын мұнда 100 оқушы шет тілін меңгеруде. Ең бастысы оларға АҚШ және Ұлыбританиядан арнайы шақырылған тәжірибесі мол ұстаздар дәріс беруде.
Ағылшын тілін еркін меңгерудің ең оңай жолы – ағылшын өкілдерімен сөйлесу. Қазақстан инженерлі-педагогикалық халықтар достығы университетінің бірінші курс студенті Бабур Құдайбергенов осылай деп есептейді. Бозбала жазғы лингвистикалық мектеп білімге ғана емес, үлкен мүмкіндіктірге жетелейді деп сенеді. Сондықтан ол жаттығу-сабақтан қалған емес.
Бабур Құдайбергенов, студент: «Сабақ ойын үлгісінде өрбиді. Ұстаздар күн сайын оқытудың жаңа бір қызықты әдісін ойлап табады. Ағылшын тілін тәжірибелі ұстаздар көмегімен меңгеруге мүмкіндік әперіп отырған университетіме үлкен алғысымды білдіремін».
Жазғы лингвистикалық мектептің Қазақстан инженерлі-педагогикалық халықтар достығы университеті ғимаратында жұмыс жасауына биыл 2-ші жыл. Мұнда тіл бойынша жаттығулар оқу идеясы кездейсоқ болған жоқ. Ұстаздар Елбасы жолдауы бойынша Шымкентте де үштілді меңгеру мақсатын қойды.
Айтпақшы, лингвистикалық мектепте тек студенттер емес, ұстаздар да білім алуына болады. Оқу-жаттығу сабақтарына кез келген уақытта жазыла аласыз және оқу ақысыз! Тегін. Оқу науқаны маусымның 17-сі мен 28-і аралығында жүреді.