Шымкенттегі «қанды көшелер»

Шымкентте «қанды жолдар» бар
Мұсатілла Тоқанов:  Бейбітшілік көшесі мен Республика даңғылының, Бейбітшілік пен Ғ.Ілияев көшесінің, Тәуке хан даңғылы мен А.Байтұрсынов көшесінің, Тәуке хан даңғылы мен Б.Момышұлы көшесінің, Тәуке хан даңғылы мен Қазыбек би көшесінің, М.Дулати көшесі мен Тәуке хан даңғылының, Республика даңғылы мен А.Асқаров көшесінің, А.Асқаров көшесі мен Республика даңғылының қиылыстары қауіпті аймақ болып саналады.
Мұсатілла Тоқанов:
Бейбітшілік көшесі мен Республика даңғылының, Бейбітшілік пен Ғ.Ілияев көшесінің, Тәуке хан даңғылы мен А.Байтұрсынов көшесінің, Тәуке хан даңғылы мен Б.Момышұлы көшесінің, Тәуке хан даңғылы мен Қазыбек би көшесінің, М.Дулати көшесі мен Тәуке хан даңғылының, Республика даңғылы мен А.Асқаров көшесінің, А.Асқаров көшесі мен Республика даңғылының қиылыстары қауіпті аймақ болып саналады.

Адамдар жолда «жұтылып» жатыр. Күніне Шымкент қаласының өзінде бір емес, бірнеше көлік апаты тіркеледі. Полицейлер мұны 5 түрлі себеппен түсіндіреді. Біріншіден, көліктің ақауы, техникалық фактор, екіншіден, жүргізушінің масаң күйде болуы, үшіншіден біліксіздігі, төртіншіден жылдамдықты шамадан тыс арттыруы, бесіншіден, ауа райының қолайсыздығы. Біздің кейіпкеріміз бұлардың бірін де жоққа шығармайды. Алайда, жол апатының орын алуына тылсым табиғаттың да әсері болатынына әбден көз жеткізген. Шымкентте Мұсатілла Тоқанов (суретте) деген ғалым бар. Ол — қазір М.Әуезов атындағы ОҚМУ-нің ауылшаруашылығы және су қоры мәселелерінің ғылыми-зерттеу институтының директоры. Жұртшылық оны қатерлі ісік пен қант диабетіне дауа шұбатты таблеткаға, ұнтаққа айналдырған ғалым ретінде жақсы таниды. Мұсатілла ағаны бүгін бар ертең жоқ ұсақ-түйек жәйттер емес, күйіп тұрған ғаламдық проблемалар алаңдатады. Ғалымның көздегені — атақ та емес, абырой да емес, қомақты қаражат та қызықтырмайды. Тек тосыннан келген өлім-жітімді азайтатын жобасының шарапатын ел көрсе болғаны.

Әсіресе Тәуке хан даңғылында апат жиі болады
Әсіресе Тәуке хан даңғылында апат жиі болады

Магнит пе, әруақ па?

Сан ғасырлар бойы әлем халықтары өздері үшін маңызды тұрғын үй, құлшылық ететін жер (мешіт, шіркеу) және зират орнын ерекше мұқияттылықпен таңдаған. Уақыт өте келе бұл салтқа салғырт қарайтын болдық. Архитектуралық заңдылықпен қоныс мекендерді кезектік ретпен бір-біріне жақын етіп тұрғызған. Бұл тұста кейбір үйлерде адамдардың бірінен кейін бірі қатерлі ісіктен және басқа да созылмалы аурулардан қайтыс болу құбылыстары жиілей бастаған. Былайғы жұрт мұндай жерлерде елестер, аруақтар мекен етеді деп, ол үйлерді «қарғыс атқан» үйлер деп айтады. Биолокаторлық зерттеулер нәтижесінде мұндай үйлердегі өлім-жітімнің себептері елестер мен аруақтар емес, үй астынан өтетін жер асты су тарамдары мен жер қыртысының жарылыстарының әсері екендігі анықталды. Осыдан кейін жер астындағы қауіпті геомагнитті толқындардың әсері зерттеле бастады. Алғашқылардың бірі болып мұны неміс ғалымы Густав Фон Поль зерттеді. Ол өзінің Баварияда жүргізген зерттеуі бойынша талдау жасағанда, қатерлі ісіктен қайтыс болған 58 адамның жатын бөлмесі геомагнитті аумақта орналасқан деген тұжырымға келген. 1950 жылы Бавариядағы медициналық – биологиялық институттың директоры, медицина докторы Манфред Курри адамдарда қатерлі ісіктің туындауына бірден-бір әсер ететін геомагнитті жолақтар деп тұжырымдайды.

Оның пікірінше қатерлі ісікке итермелейтін факторлар болып жер асты сулары ғана емес, «Курридің диагональді торы» деп аталатын жердің ерекше энергетикалық торымен байланысқан «теллурациялық радиация» екендігін айтқан. Геомагнитті аумақтар жергілікті оншақты сантиметрге жететін ұзын жолақ немесе тор түрінде болады. Бұл аумақтардың құрылысы техникалық құралдардың көмегімен сипаттауға келмегендіктен, әлі күнге дейін толық зерттелмей келеді. К.Бахллердің зерттеулері бойынша геомагнитті аумақта тұратын адамдардың 5%-ы ғана бірталай уақытқа дейін денсаулығы сыр бермейді екен. Ғылыми зерттеулер көрсеткендей, геомагнитті толқынның аумағында ұзақ уақыт болған адамдарда әлсіздік, ұйқыдан кейін дел-салдық, қорқынышты түстер көру, бас сақинасының ауруы, жүрек айнуы, түсініксіз ашушаңдық, аяғының қалтырауы және мұздауы жиі болады. Егерде адам геомагнитті толқын аумағынан дер кезінде жырақтаса, көрсетілген ауру белгілерінен бір ай көлемінде арылып кетеді екен. Геологиялық қоғамның басшысы Э.Хартманның зерттеуі бойынша, егер адамның төсек орны немесе жұмыс орны солтүстіктен – оңтүстікке бағытталған геомагнитті толқындарының активті жолақтардың бойында жатса, жүрек-қантамыр ауруларына, ал шығыстан – батысқа бағытталған жолақтарының бойында болса, жүрек қабынуына, артритке, ревматизмге, ал жатын бөлмелері диагональді тордың қиылысу түйінінде орналасқан болса, қан тамыр ауруларына, демікпеге, ревматизм ауруларына, сіңірдің тартылуына, жүректің ұстамалы ауруына және қатерлі ісік ауруларына шалдықтырады. Сондықтан да геомагнитті толқын аумағында тұрсаңыз, Сізге тәжірибелі дәрігер де көмектесе алмайды. Сол сияқты автокөлік апаттары осындай геомагнитті толқындардың қиылыстарында жиі болып тұрады.Халық арасында мұндай жерлер «Қанды жер» немесе «Киелі жер» деп аталып кеткен.

Шымкентте «қанды жолдар» бар
Шымкентте «қанды жолдар» бар

Толқындар апатқа қалай әсер етеді?

БҰҰ-ның деректеріне сүйенсек, жыл сайын жер бетінде 5 миллионнан астам адам жол апатынан жарақат алып, ал жүз мыңдаған адам қайтыс болады екен. 1991-2008 жылдары елімізде 251 600 жол көлік апаты тіркеліп, 55 700 адам қаза тапты. Орны толмас осындай өкінішті оқиғалар не себепті туындайды? Жалпы, жол-көлік оқиғасы неліктен азаймай отыр? Жол-көлік оқиғаларын сараптау кезінде әдетте техникалық ақаулар, жүргізушінің жол ережелерін бұзуы және жолдың нашар болуы қарастырылады да, табиғи факторлар есепке алынбай жатады. Толқындардың сырын зерттеп жүрген Мұсатілла Тоқановтың айтуынша, геомагнитті толқын аумағында тұрған жаяу жүргінші немесе көлік жүргізуші қас-қағым сәтте кеңістікті дұрыс бағдарлау сезімінен айырылып, қарама-қарсы келе жатқан көлікпен ара қашықтығын дұрыс бағдарлай алмай, ауыр жол-көлік қақтығысына душар болады. ОҚО жол полициясының мәліметтері бойынша 1998 жылы 319 жол-көлік оқиғасы орын алған. Соның ішінде 21 адам қайтыс болып, 352 адам жарақаттанған. Ал 1999 жылы 5 ай көлемінде 336 ЖКО орын алып, 16 адам қайтыс болған, 395 адам жарақаттанған. Ғалымның сараптамасы бойынша жол-көлік оқиғалары Шымкент қаласындағы Т.Рысқұлов, Жібек жолы, Тауке хан, Темірлан тас жолы, Фурманов, Байтұрсынов және Жангелдин көшелерінде жиі болып тұратындығы анықталды. Шымкент қаласының автокөлік жолдарындағы геомагнитті толқындарды анықтау үшін 13 ғылыми тәжірибе мен зерттеулер МАЙ қызметкерлерімен бірлесіп жүргізілді. Зерттеу барысында Тауке хан, Т.Рысқұлов, А.Байтұрсынов, М.Дулати, Мәделі Қожа және Жангелдин көшелері геомагнитті толқын аймақтарында жатқандығы белгілі болды.

Түйін:

Ғалымның бұл жаңалығынан жергілікті билік те хабардар. Ол тіпті бұл жобасын еліміздің Көлік және Коммуникация Министрлігінің Автомобиль жолдары комитетiне жолдаған. Мақсат — толқынды жерлердің жол ережелерін жасап, арнайы жол белгілерін орнату. Жолда жүйіткіген сіз бен біздің сақтығымыз үшін, әрине. Алайда, құзырлы органдар «қаражат жоқты» алға тартып, жазбаша хат жолдаумен ғана шектеледі. Өкінішті. Әншейінде, шарқ ұрып, өнертапқыш іздейміз, «жаңалығың қайда» деп ғалымдарды ғайбаттап жатамыз. Ал бүкіл әлемге тұсау салдырмай отырған мәселенің түйінін аздап болса да босатуға мүмкіндік беретін мұндай жобаларды жандандыруға келгенде жайбасармыз. Шынында да өкінішті…

Мақпал РЫСБАЕВА