1. Кез келген су киімін таңдаған кезде иық сүйегіңіз жалпақ болса, V-белгісіндегі немесе дөңіс келген ойығы бар су киімін киюге кеңес береміз.
Ал иық тұсыңыз тым кішкентай болса, түстің көмегімен кемшілікті жасыруға болады. Мәселен, киіміңіздің жоғарғы жағының түсі ақшыл, сарғылт, қызғылт болуына назар аударыңыз.
2. Қысқа мойынды бойжеткендерге иыққа асатын әдемі баулы, V-белгісіндегі ойығы бар су киімдерін таңдаған дұрыс. Ал саронгті мықынға төстің үстіне байлап қойсаңыз болады.
3. Білегіңіз ерекше етті болса, оны жасыру мүмкін емес. Бірақ елдің назарын басқа жаққа аударуға әбден болады. Ол үшін төс тұсыңызды көптеген жапсырма, түймелері, қосымша бұйымдары бар купальникті сатып алыңыз. Білегіңізге моншақ, көзі ірі әшекей тағып, мойын тұсыңызды ашық қалдырыңыз.
4. Әрине, қыпша бел арулардың алмадай төсі кемшілік болып саналмайды. Дегенмен, елдің назарын ұрламау үшін, төсті жинақтап тұруға арналған астыңғы жағында темірі бар, төс тұсы берік матадан тігіліген, төсті тартып тұратын киімдер таңдауға болады. Су киімінің жоғарғы жағының түсі күңгірттеу болғанын қадағалаңыз.
Төсіңіз тым кішкентай болса, төстартқышы шағын, сырты шарф сияқты желең тұратын матамен қапталған су киімдерін кисеңіз болады. Төс тұсыңызда көледенең жолақтар, жиырмалар мен бүрмелер болса, артық етпейді.
5. Ал мықыны қысқа бойжеткендерге бикини киюге болмайды. Арқа тұсындағы ойығы ұзынша келген, тұтас келген су киімін таңдаңыз. Жолақтары тек қана тік орналассын. Бұл сізді ұзын етіп көрсетуге көмектеседі. Мықын тұсыңызда белбеу, бант, орама болу керек.
6. Егер мықыныңыз жалпақ, оның үстіне толықша келген болсаңыз, оған бола қамықпаңыз. Ұзынша келген дене бітімін жасаудың құпиясы да бар.
Бар назарды суға түсетін киімнің жоғарғы жағына аударыңыз. Кез келген қосымшалар, суреттер су киімінің жоғарғы жағында орналассын. Егер сіздің иық сүйегіңіз жалпақ болмаса, етекті су киімін сатып алсаңыз да болады.
Гүлнұр Сәтбаева