Он төрт мыңдай халқы бар Ордабасы ауданына қарасты Төрткүл ауылында балалардың спортпен шұғылдануына мүлдем жағдай жасалмаған. Қара күштің иесі, палуан Қажымұқан атамыз ғұмыр кешкен өлкеде тіпті спорт алаңдарының да тозығы жетіпті. Ондағы шымыр денелі талантты жастар қолынан келгенше жергілікті мәдениет үйінің тозығы жеткен бөлмесінде шынығуда.
Қажымұқан атасының кілемдегі ерліктерін естіп өскен төрткүлдік балалардың арманы олимпиада жеңімпазы атану. Әзірге ол қиялға қол созу жасөспірімдер үшін қиынның қиыны. Себебі мәдениет үйінің тозығы жетіп, құлауға шақ тұрған бөлмесінде шынығуға мүлдем жағдай жоқ. Соған қарамастан болашақ чемпиондар бос уақытын бекер өткізгісі келмейді.
Ал 1972 жылы салынған Төрткүл ауылының орталық стадионы шөп басып қараусыз қалған.Тіптен 200 орындық көрермендер мінберінің өзі жарамсыз халде тұр. Үлкендердің айтуынша кезінде бұл жерде жастар жеңіл атлетикамен айналысқан екен. Бірақ спорт алаңына қарап тұрып, тұрғындардың бұл сөзіне сенбейсің.Себебі жүгіру жолының орнында тікен өсіп тұр. Ал, Шымкенттегі спорт мектептерінің бірінде тәлім алатын Ерасылды мұнда боксқа деген құштарлық ертіп келіпті. «Ауылда спорт залы болса, ана мен әкеме көмектесіп, соларға қолғабыс болып спортпен айналысар едім. Бірақ бізде ол жоқ. Биліктегі ағалар осыны ескеріп, ауылдағы жас балаларды қызықтырса барлығынан чемпион шығар еді» – дейді Төрткүлден Шымкентке келіп, жаттығып жүрген Ерасыл Сұлтанбек.
Спорт нысанын ауылдық әкімдіктегілер өз қаржысымен сала алмасы анық. Бірақ мәселені көтеріп, құзырлы мекемеге ұсынуға болады ғой.
Әзірге Қажымұқан атамыздың ізбасарлары әлі де болса мәдениет үйін жағалай тұратын секілді.Балалар бұған шыдауға мәжбүр. Өйткені, қалаға қатынап спортпен шұғылдануға көбісінің қалтасы көтермейді.
Жанар Есенбекова
Байжан Маханбетов, күрес секциясының жаттықтырушысы
– Бізге 40-50 бала келгенде сыйдыра алмаймыз. Ғимарат жаттығу жасауға лайықталмаған. Өздеріңіз көргендей жаттығамын деп балалар бір жерін ауыртып алуы мүмкін. Оған кім жауап береді?!
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=_QhZpaCU1Hg[/youtube]