Тұрғын үй қорынан пәтер алудың жолдары

Кодексте жер телімдерін кім, қалай алатындығы көрсетілмеген
Кодексте жер телімдерін кім, қалай алатындығы көрсетілмеген
Кодексте жер телімдерін кім, қалай алатындығы көрсетілмеген

Бізде белгілі бір себептермен тұрғын үй сатып ала алмайтын азаматтар жетерлік. Мемлекет халықтың бірнеше санаттарына тегін тұрғын үй құқығын берді. Бәрінен бұрын бұл – Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары, мемлекеттiк қызметшiлер, бюджеттiк ұйымдардың қызметкерлерi, жалғыз тұрғын үйі авариялық деп танылған азаматтар, Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушыларына теңестірілген адамдар, I және II топтағы мүгедектер (өздерi жасаған қылмыс салдарынан мүгедек болған адамдарды қоспағанда), мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеушi отбасылары, заңдарда белгiленген тәртiппен бекiтiлетiн аурулар тiзiмiнде аталған кейбiр созылмалы аурулардың ауыр түрлерiмен ауыратын адамдар, жасына қарай зейнет демалысына шыққан зейнеткерлер, кәмелетке толғанға дейiн ата-аналарынан айырылған жиырма үш жасқа толмаған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, оралмандар, экологиялық зiлзалалар, табиғи және техногендi сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан тұрғын үйiнен айырылған адамдар, көп балалы отбасылар, мемлекеттiк немесе қоғамдық мiндеттерiн, әскери қызметiн орындау кезiнде, адам өмiрiн құтқару кезiнде, құқық тәртiбiн қорғау кезiнде қаза тапқан адамдардың отбасылары, толық емес отбасылар.

Сонымен қатар, «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының Заңында бірқатар талаптар белгіленген, оған мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алуға үміткер азаматтар сәйкес келуі тиіс. Өтініш беруші аталған елді мекенде тұруы, мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана беруге өтініш жасау алдындағы соңғы 12 айда отбасының әрбір мүшесіне шаққандағы жиынтық айлық табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен артық болмау керек. Сондай-ақ тұрғын үйге мұқтаж деп танылуы тиіс. Қалған санаттағы азаматтар егер ел аумағында меншiк құқығымен өздерiнiң тұрғын үйi болмаса, осы елдi мекенде мемлекеттiк тұрғын үй қорынан, сондай-ақ меншiктiң мемлекеттiк емес нысанына негiзделген заңды тұлғаларға тиесiлi үйлерде, соның iшiнде тұрғын үй (тұрғын үй-құрылыс) кооперативтерiнiң үйлерiнде өздерiнiң тұрақты пайдаланатын үйлерi болмаса жеңілдікке қол жеткізе алады. Сондай-ақ, отбасы тұрып жатқан тұрғын үй нормативтiк санитарлық және техникалық талаптарға сай келмесе, оқшауланбаған, шектес тұрғын үй-жайларда екi және одан да көп отбасы тұрып жатса бұл мүмкіндікті қалт жібермеуі керек. Отбасы құрамында кейбiр созылмалы аурулардың ауыр түрлерiмен ауыратын науқастар болып (заңдарда белгiленген тәртiппен бекiтiлген аурулардың тiзiмi бойынша), бiр үйде (пәтерде) олармен бiрге тұру мүмкiн болмаса, тұрғын үйге мұқтаж деп танылады. Заңда тұрғын үй азаматтарға жергілікті атқарушы органдағы тұрғылықты жері бойынша барлық қажеттi құжаттармен бiрге өтiнiш берiлген кезден бастап тiзiмде белгiленген кезек ретiмен берiледi деп белгіленген. Аталған тізімдерге енгiзiлген азаматтардың құқықтары тең. Тұрғын үй алуға осы тізімге енгiзiлгендер алдында, Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушыларын қоспағанда, ешкiмнiң де басымдық құқығы болмайды.

Сізді тұрғын үйге мұқтаж азамат ретінде кезекке қою үшін өзіңіз тұрғылықты жеріңіз бойынша Тұрғын үй басқармасының азаматтарды тіркеу бөліміне барып, тиісті құжаттарды тапсыруыңыз қажет. Азаматтардың өздерінің және олардың отбасы мүшелерінің тұрғын үйге мұқтаждар есебіне кезекке қою туралы өтініштері бір ай ішінде қаралады. Қабылданған шешім туралы өтініш иелеріне аталған мерзім өткеннен кейін жазбаша түрде ақпарат беріледі. Бұл бағыт біздің өңірде қалай жүзеге асарылып жатыр?

– Бұл бағыт бойынша былтыр тұрғын үй алу тізіміне тіркелген 60 азамат баспанамен қамтамасыз етілді. Биыл жыл басынан бері 45 пәтерлі 3 тұрғын үй пайдалануға беріліп, азаматтарға бөлінді, – дейді Шымкент қалалық тұрғын-үй секторының меңгерушісі Гүлнар Әшірбаева. – Биылғы жылы тағы 2 арендалық тұрғын үй пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Бұйыртса, бұл жоспарымыз іске асса, 126 азамат биыл бірінші бағыт бойынша пәтерлі болып, қоныс тойын тойлайтын болады. Өткен айдың аяғына дейінгі есеп бойынша ЖАО-да тұрғын үй алу тізімінде 8359 азамат тіркелген. Оның ішінде Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектерінен – 5 азамат, халықтың әлеуметтік жағынан тіркелген әлсіз тобы бойынша – 4578 азамат, мемлекеттік қызметшілер, әскери және бюджеттік ұйымдардың қызметкерлерінен — 3768 азамат, жалғыз тұрғын үйі апатты жағдайда деп танылған – 8 азамат құжаттарын тапсырды.

Мақпал РЫСБАЕВА