Біздің облыстың тұрғындары жемқорлық фактілері туралы хабарлары үшін сыйақы алатындардың саны бойынша көш басына шығып отыр.
Қаржы полициясы департаментіндегілер «шенеуніктер мен өзге де лауазымды тұлғалардың заңға қарсы әрекеттері туралы арыз-шағымдарымен бізге ондаған адам келді, 17 жағдай бойынша фактілер расталды. Бүгінгі күнге дейін 4 қылмыстық іс бойынша соттың шешімі шықты», – дейді.
Мәселен, тұрғындардың көмегімен Шымкент қаласы әл-Фараби аудандық сотындағы сот отырыстарының хатшысы-бас маманы сотталыпты. Ол қылмыстық қудалауды тоқтату үшін, оның құзырына мұндай мәселелерді шешу кірмесе де, алаяқтық жолмен 100 мың теңге алып жатқан жерінен ұсталған. Ол бейбақтың мүлкі тәркіленіп, 4 жылға бас бостандығынан айырылды.
Айта кетейік, сыйақылардың көлемі қылмыстың ауырлығына байланысты болады екен. ОҚО-ның бірнеше тұрғыны «тоқылдақ» қызметін мінсіз атқарғаны үшін 121 170 теңгеден қаржылай сыйақы алыпты.
Дәурен ӘБДІРАМАНОВ