«Мақта саласын дамыту туралы» Заңға өзгертулер енгізу керек. Өйткені, қолданыстағы заңда бірнеше бап мүлдем жұмыс істемейді. Ал бұл жағдай шаруаның түрлі кедергіге тап болуына себеп. Сондықтан да ортақ мәселені біріге шешкен жөн. ҚР Ауылшаруашылық вице-министрі Мүслім Өміряев пен Мәжіліс депутаты Розақұл Халмұрадов саланың білгірлерімен осы тақырып бойынша Мақтаралда бас қосты.
Өзгеріске енуі тиіс заңның басты мақсаты – мақтаны бәсекеге қабілетті өнім ретінде сақтау . Ол үшін не істеу ләзім? Шаруаның алдынан шығатын кедергілерді жою қажет десті диқандар. Оған мақта бағасының тұрақсыздығынан бастап, уақтылы берілмейтін субсидия, зауыттардың пайдакүнемдігі секілді мәселені қосыңыз. Сондықтан да істі ірілендіруден бастау қажет деп, ой түйді мінберде сөз алған жанашырдың бірі Серік Мамырайымов. Жетісайдағы «Сырдария» университетінің ректоры болып қызмет атқаратын азамат «Мақта саласын дамыту» деген тақырыптың өзін өзгерту керек деп санайды. Себебі, қазір бәсекенің заманы, Мақтаралдың мақтасы бәсекеге қабілетті өнім болмағы керек. «Мақта саласын дамыту және бәсекеге қабілеттілігін арттыру» мәселесін қарауымыз керек. Егер тақырыпқа сыйыспайтын болса, онда ішіне бәсекеге қабілеттілігін арттыру туралы баб енгізу керек деп есептеймін. Себебі, қазір бәсекенің заманы болып тұр. Бәсекеге қабілетті өнім өндірмесек, осы мақтаның өзін сақтап қалу қиын болады. Осы ретте мақта саласының тағдырын шешетін мәселе ― бұл ірілендіру екенін баса айтқым келеді. Ірілендірмесек, біз жердің құнарын арттыра алмаймыз, жаңа технологияны, инновацияны ендіре алмаймыз.Еңбек өнімділігін арттыру да қиынға соғады. Сондықтан ірілендіру мәселесін ең бірінші кезекте шешу керек. Егер іріленген шаруашылық құра алсақ, мақтамен қатар бәсекеге қабілетті мал шаруашылығын да өркендете аламыз», – деді ол.
Жиын-терім біткенде қолындағы ақ алтынын өткізе алмай жүретін шаруалар қаншама? Министрліктен келген өкілге ауылдағы ағайын Украина, Ресей, Белорусия сынды шет мемлекеттермен ақ алтынды жинау науқаны кезінде келісім жасап берілсе деген базынасын айтуды да ұмыт қалдырған жоқ. Тіпті, мақтаны өткізу жайы да заңда тайға таңба басқандай көрсетілуі тиіс дегенді айтады. Сонда ғана мұндағы шаруа тірлігіне еш уайымсыз кірісе алмақ.
Шаруалардың сөзінше, қолданыстағы заңда 4 бап жұмыс істемейді. Оның ішінде, әсіресе, 15-бапты мүлдем алып тастау керек делінді бір ауыздан. Өйткені, «мақта қолхаты» бабы мен «мақта өңдейтін зауыттардың кәсіпкерлік жұмысына» тыйым салатын жәйттер көп істің кері кетуіне себеп көрінеді. Алайда, «мақта қолхаты туралы» бабтың жұмыс істемеуін Розақұл Халмұрадов оның дұрыс жазылмағанымен түсіндірмейді. Тек, оны шаруаларға түсінікті тілмен қайта жазу керек деп санайды. Осылай деген Мақтарал, Шардара, Түркістаннан жиналған кіл диқандар мемлекеттік зауыт құрылса деген тілегін де жасырмады.
Елбасы жолдауы бойынша 2020 жылға дейін елдегі ауылшаруашылық өнімдері екі есеге, ал 2030-ға дейін төрт есеге өсуі тиіс. Ал біздегі нәтиже, оның ішінде мақта түсімділігі көңіл қуантпайды. Мақта туралы заңға өзгеріс енгізу ісі де осыдан туған ой. Елордалық қонақтар диқандардың ұсыныс пікірлерін Парламент Мәжілісінде қарауға уәде етті. Қыркүйекке қарай жаңа заң жобасының да нобайы дайын болмақшы.
Мақпал ЫБЫРАЙЫМ
Ибадулла ҮМБЕТАЕВ, мақта шаруашылығы ғылымы-зерттеу институтының директоры
– Зауыттарда дайындалып жатқан шитті мақтаны сақтау жайы мақта туралы заңда жазылған. Әр ауданда екі-үш мақта инспекторы бар. Бірақ өкінішке қарай, олар толыққанды жұмыс істеп жатқан жоқ. Заң бойынша олар зауыттарға кіріп, қандай мақта дайындалып жатыр, қалай сақталуда, ол қызып кетті ма, кондициясы қандай болып жатыр, осының бәрін тексеруі керек. Ал инспекторларға бұған мүмкіндік жоқ. Өйткені, ол жоспарда жоқ. Оны прокуратура органдары арқылы ғана өте қиын жағдайларда жасай алады. Сондықтан осы мәселеге заң жүзінде жақсы бір құқық берілсе деген тілегіміз бар. Бақылау жұмыстары дұрыс жүрсе тіпті жақсы болар еді.