Заңгер кеңес береді

Дінмұхаммед ҚЫЛЫШБАЕВ
Дінмұхаммед ҚЫЛЫШБАЕВ
Дінмұхаммед ҚЫЛЫШБАЕВ

Оқырмандар сауалына тұрақты авторымыз, ОҚО «Тәуелсіз заңгерлер» ҚБ-нің төрағасы Дінмұхамед Қылышбаев жауап береді.

Сұрақ: 

– Бір адам жер учаскелерін алып беремін деп менен 20 000 АҚШ доллар алған. Міне бір жарым жыл өтті, не жер жоқ, не ақшасын да қайтарған жоқ. Ол адамға хабарлассақ әйелі «ол үйде жоқ басқа қалаға кетті, келгеннен кейін өзі хабарласады» деп, оның ұялы телефон нөмірін бермейді. Арамызда тілхат жоқ, себебі таныс кісі еді. Енді жер алып бермейтініне көзіміз жетіп отыр. Берген ақшаны қайтаруға бола ма? Болса қандай тәртіппен?

Жауап: 

– Сіз азаматтық тәртіппен сот арқылы берген ақшаңызды өндіру туралы ақшаны алған адамға талап қоя аласыз. Бірақ егер алған адам ақшаны расында да алғанын мойындамаса, онда сот Сіздің талабыңызды қанағаттандырусыз қалдыруы мүмкін. Себебі: 1) Қазақстан Республикасының 152-бабының 1-бөлігінің 2-тармағына сәкес мәмiлелердi жасау кезiнiң өзiнде орындалатындарынан басқа, жүз есептiк көрсеткiш жоғары сомаға мәмілелер жазбаша түрде жасалуға тиіс; 2) Осы кодекстің 153-бабы бойынша Мәмiленiң жай жазбаша түрiн сақтамау оның жарамсыз болып қалуына әкелiп соқтырмайды, бiрақ дау туған жағдайда тараптарды мәмiленiң жасалғанын, мазмұнын немесе орындалуын куәгерлiк айғақтармен растау құқығынан айырады.

Сұрақ: 

– Ассалаумағалейкүм, Дінмұхаммед мырза! Біздің бір көршіміз бар, ақылы-есі дұрыс, орта жастағы ер кісі. Дегенмен, мазамызды алып болды. Бір емес, екі емес, қайта-қайта әр-түрлі жаламен шағымданады. Оның бізге басты қоятын айыбы «Тыныштық бермейсіңдер» – дейді. Үйімізге баса-көктеп кіріп балағаттап, өнерін салып кетеді. «Сіз үйімізге кіріп, ойран салып кете беруді қашан қоясыз»-десем, «Бұл сендердің үйлерің емес, сендер пәтер жалдап тұрасыңдар, сендер келімсексіңдер, сендерді тексертемін, сендерге тыныштық бермеймін» – дейді. Негізінде бұл үй біздікі емес, рас апайымыздыкі, оның қалауымен, рұқсатымен тұрамыз. Неге ол бізді осынша кемсітіп, арымызға тиіп, білгенін істейді. Оған қандай шара қолдануға болады? Сонда пәтер жалдаушылар адам қатарында емес пе? Неге ол кісі бізді басынады?

Жауап: 

– Уағалейкүмассалам! Қазақстанда біреудің ар-намысын, қадір-қасиетін кемсітуге ешкімге жол берілмейді. Қазақстан Республикасы Конституциясының 17-бабына сәйкес адамның қадiр-қасиетiне қол сұғылмайды және ешкiмдi азаптауға, оған зорлық-зомбылық жасауға, басқадай қатыгездiк немесе адамдық қадiр-қасиетiн қорлайтындай жәбiр көрсетуге не жазалауға болмайды.

Осыған байланысты Сіз Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 33,390-баптарына сәйкес жеке тәртіппен Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 130-бабы бойынша қорлағаны үшін, яғни ар-намысыңызды және қадір-қасиетіңізді кемсіткені үшін сотқа шағым түсіруге құқылысыз.