Жас отбасыға мүмкіндік бар
Жас отбасыға мүмкіндік бар
Жас отбасыға мүмкіндік бар

Мемлекет қолға алып отырған «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасында жас отбасыларын тұрғын үймен қамтамасыз етудің жаңа жүйесі де қарастырылған. Бұл жүйе екі кезеңнен тұрады.

Біріншісінде 8,5 жыл ішінде жас отбасы «Тұрғын ­үй құрылыс жинақ банкінде» қаражат жинақтап және бір мезгілде сол жалға алынған пәтерде тұру мүмкіндігіне ие болады. Бұдан кейінгі кезеңде салымдар есебінен аталған пәтерді бірден сатып алуға мүмкіндігі бар немесе қаржысы жеткіліксіз болған жағдайда 15 жылға дейінгі мерзімде жылдық төрт пайыздық несиені пайдалана алады. Онда займның жалпы мерзімі 23,5 жылға жетеді. Осы тұрғыда қарызды уақытынан бұрын жабу мүмкіндігі де қарастырылған. Бағдарламаның негізгі мақсаты орташа жағдайы бар отбасыларға арнап тікелей сату және кейін сатып алатындай етіп жалға беру жолымен қолжетімді тұрғын үйлердің пайдалануға енгізілуін қамтамасыз ету.

«Самұрық-Қазына» АҚ 2013 жылы – 200 мың шаршы метр, 2014 жылы – 300 мың шаршы метр және 2015 жылдан бастап жыл сайын 500 мың шаршы метрден үй салуды жоспарлап отыр. Қордың есебінен еліміз бойынша барлығы 3,5 миллион шаршы метрден астам үй салынатын болады. Бұл ретте қордың инвестициясы және республикалық бюджет қаражаты 688,7 миллиард теңгені және жеке инвестициялар кемінде 300 миллиард теңгені құрайтын болады. Бағдарлама жеке меншік құрылыс салушылармен бірлесіп эконом-класс бойынша тұрғын үй салуға арналған инвестицияны қарастырады. Бұл ретте жеке меншік құрылыс салушылардың қатысу үлесі жобаның жалпы сомасының кемінде 20 пайыз мөлшерінде болжануда. Мұнда барынша көбірек инвестиция сомасымен қатысатын құрылыс салушыларға артықшылық беріледі. Жобаны іске асыру үдерісінде құрылыс салушылар мен жеке инвесторлардың қаражатын тарту да көзделмек. Бұл пайдалануға енгізілетін тұрғын үйлердің жалпы көлемін ұлғайта отырып, бюджет инвестицияларының мультипликативтік тиімділігіне қол жеткізуге мүмкіндік бермек. Сонымен бірге құрылыс салушылардың (инвесторлардың) қаражаты есебінен салынған тұрғын-жайлардың үлесін сатуды олар өз бетімен жүргізбек. Бұдан өзге нысандар салудың негізгі тетіктері жобаларды іске асырудың үш нұсқасын қарастырады.

Атап айтқанда, нысандардың құрылысын жылжымайтын мүлік қорының жобалық-сметалық құжаттамасы бойынша және жеке инвесторлардың (құрылыс салушылардың) инвестициялық өтінімдері бойынша, сондай-ақ екінші деңгейлі банктерге нысаналы депозиттер орналастыру арқылы ұйымдастыру болып табылады. Бұл ретте халыққа тұрғын үйлер сату, сатып алу құқығымен және жалға беру арқылы тікелей сату жолымен жүзеге асырылмақ. Ай сайын жалгерлік төлемінің бір шаршы метр үшін базалық мөлшері сатып алу құқығымен жалға беру арқылы үй-жайды сатудың бірінші жылы өтеудің аннуитентті әдісі кезінде 1 280-нен бастап 1 500 теңгеге дейін болады. Жылжымайтын мүлікті сатып алу құқығымен жалға беру арқылы халыққа сату осы өңірде тұрғын үйі жоқ және тұрғын үй жағдайын жақсартқысы келетін адамдарға жүргізілмек. Осы тұрғыда өтініш беруші өзінің төлем қабілетін растауы тиіс. Қор халықтың қажеттілігін қанағаттандыру үшін еліміздің барлық өңірлерінде қолайлылығы 3 класты қолжетімді тұрғын үйлер салуды жоспарлауда.

«Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы бұйыртса, жұмыс орындарын құру, шағын және орта бизнесті, ілеспе салалар мен өңірлерді дамыту арқылы бірқатар әлеуметтік проблемаларды шешеді деп күтілуде. Бағдарламаның Ережесіне сәйкес, тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен төлем қабiлетiн растаған жас отбасыларға тұрғын үй құрылысы аяқталған соң, балдық жүйе арқылы тұрғын үй қомиссиясымен пәтер бөлінеді.

Шымкент қалалық тұрғын-үй секторының меңгерушісі Гүлнар Әшірбаеваның сөзіне сенсек, бұл бағыт бойынша бүгінде қалада 7 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Жос-пар бойынша биыл 5 үй пайдалануға берілуі тиіс. Бағдарлама талаптарына сәйкес, ЖАО-мен құрылыс жұмыстары басталғандықтан, былтырғы жылдың қараша айынан бастап жас отбасылардан өтініш және құжаттарын қабылдау жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда 363 құжат қабылданған. Жас отбасы санатына енетіндер өтініші мен құжаттарын тапсыру үшін Шымкент қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің тұрғын үй секторына хабарласуы қажет.

Мекен-жайы: Республика даңғылы, 6а үй, 2-бөлме.

Мақпал РЫСБАЕВА