Кешегі аптада Шымкенттегі Абай саябағында «Жалпыреспубликалық «мамандықтар жәрмеңкесі» өтті. ОҚО бойынша ресми түрде тіркелген 58 мыңнан астам жұмыссыз бар. Ал, отбасын асырау мақсатында өз-өзін жұмыспен қамтамасыз етіп отырғандардың саны 600 мыңнан асып жығылады. Күн санап екі қолға бір күрек таппай жүргендердің саны артып, жұмыссыздар армиясы толығып келеді. Олардың денін жастар құрап отыр. «Жұмыспен қамтудың Жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 2012 жылы 33 мыңға жуық азамат жұмысқа орналасса, биыл 30 мыңнан астам жұмыссыздың айы оңынан туғалы отыр.
Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі мен облыстық, қалалық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мен бөлімінің ұйымдастыруымен өткізілген іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Әли Бектаев пен Шымкент қаласының әкімі Дархан Сатыбалды қатысты. Жәрмеңкеге облыс бойынша 809 жұмыс беруші кәсіпорын қатысып, 9820 жұмыс орындарын ұсынды. Сондай-ақ, 25-тен астам жоғарғы, орта арнаулы оқу орындары 250-ден астам мамандықтарын жариялады. Ал Шымкент қаласы бойынша 500-ден астам жұмыс беруші мекеме 800-ден астам жұмыс орнын ұсынса, үдемелі индустриалық-инновациялық бағдарлама шеңберінде 20-дан астам жаңа кәсіпорын иелері 900-ге тарта бос орындарын жариялады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс шара оқу бітіргелі отырған жас мамандар үшін өз мамандықтарына лайықты жұмыс табуға оңтайлы мүмкіндік береді екен. Оңтүстікте сұранысқа ие үш мамандық бар. Олар құрылысшы, мұғалім мен дәрігер. Екі күннің қорытындысы бойынша жәрмеңкеге облыстан 9000-ға жуық азамат қатысып, 2245-і жұмыс тапса, Шымкенттен 3500-ге жуық азамат қатысып, 412 адам жұмысқа орналасуға мүмкіндік алды. Оның ішінде тұрақты жұмысқа – 295, әлеуметтік жұмыс орындарына – 65, «Жастар практикасы» бойынша – 52 азамат жұмысқа орналасты. Қалалық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мамандарының айтуынша, жәрмеңкеге қатысқандардың 60%-ын әйелдер екен.
Айжан Ермекқызы