Шымкентте полиглоттар көбейеді. Қазақстан инженерлі-педагогикалық халықтар достығы университеті ұжымы бұл үшін бар жағдайды жасап отыр. Оқу орнының ғимаратында мектеп оқушылары мен студенттерге арналып жазғы лингвистикалық мектеп жұмыс істеуде. Күн сайын мұнда 100-ден астам оқушы шет тілін меңгеріп жүр. АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Жаңа Зеландиядан арнайы шақырылған тәжірибесі мол ұстаздар сабақ беріп, практикалық дәріс жүргізуде.
Күн сайын ағылшындықтармен сөйлесу арқылы тілді жетік меңгеру мүмкіндігін пайдаланып жүргендер аз емес. Солардың бірі Амантай Балтабаев. 19 жасар бозбала Қазақстан инженерлі-педагогикалық халықтар достығы университетінде ағылшын тілі мұғалімі мамандығында білімін жетілдіріп жүр. Сондықтан, жазғы лингвистикалық мектептің жаттығау-сабақтарынан қалған емес.
Амантай Балтабаев, студент: “Жыл сайын бізге шетелдік ұстаздар келіп, ағылшын тілін оқытады. Оқытқанда теориялық қана емес, практикалық үлгіде. Осылайша тез үйреніп жатырмыз. Өздері бізбен достарындай сөйлесіп, бірге күліп, бірге оқу-жаттығуларын жасаймыз. Ішіміз пыспайтын қызықты жаттығулар бізді нағыз тілмаш етіп шығаратын болды. Мен ғана емес, менің достарым да ағылшынша еркін сөйлеу үшін қатысып жатыр ”.
Шетелдік профессорлар тілді үйретуге бағытталған қызықты қойылымдарды ұсынды. Олар бұл жаттығу арқылы жастолқын сөздерді оңай әрі тез меңгере алады деп отыр. Ән орындап, спектакль қойыа, қызықты қалжыңдар арқылы жүргізілген оқу -жаттығу замандастарымыздың да көңілінен шыққан. Айта кетейік, жазғы лингвистикалық мектептің Қазақстан инженерлі-педагогикалық халықтар достығы университеті ғимаратында жұмыс жасауына биыл 2-ші жыл.
Ален Притцлафф, профессор: “Бізге жастармен жұмыс істеген ұнайды, олар тілді тез меңгеруі үшін біз күн сайын жаңа бағдарламаларды ұсынып жатырмыз. Бастысы, оқушыларымыздың көңілді отыруы да үлкен рөл атқарады”.
Розали Притцлафф, прфессор: «Біз тек студенттермен емес, ұстаздармен жұмыс жасап жатырмыз. Қуаныштысы сол күн сайын олардың ағылшын тілінен білімі жақсарып келеді. Шымкенттіктердің ынта-ықаласына қарап қызығасың. Білімге деген құштарлығын сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Айтқан сөзімізді бірден жаттап алады”.
Айтпақшы, жазғы лингвистикалық мектепте тек студенттер емес, ұстаздар да білім алуда. Ең бастысы оқу-жаттығу сабақтарына кез келген уақытта жазылуға болады. Ағылшын тілін меңгеру ақысыз. Тегін. Оқу науқаны маусымның 17-сі мен 28-аралығында жүреді.