«Қызметтен кеткеніммен жұмыссыз емеспін»

Қазақ боксында өзіндік із қалдырған Нұржан Сманов 2008 жылы Шымкент қаласы спортының тізгінін ұстаған-ды. Төрт жылға жуық тапжылмай отырды. Спортты өркендетуге күш салған азамат өткен жылы қызметінен кеткен еді. Содан бері даңқты спортшыны мемқызметтен көре алмадық. Смановтай саңлақтың қайда жүргеніне сұрау салып, ағаның өзін іздеп тауып едік… Әңгімеміз жарасып-ақ кетті.

Нұржан СМАНОВ,  ҚР еңбегі сіңген спорт шебері, Шымкент қаласының құрметті азаматы
Нұржан СМАНОВ, ҚР еңбегі сіңген спорт шебері, Шымкент қаласының құрметті азаматы

– Нұржан аға, қайда жүрсіз?

– Үйдемін. Тірі адам тіршілігін жасайды емес пе?! Үйдің шаруаларын ретке келтіріп, жеке кәсіптің көзін тапқандаймын. Отбасыма да молынан көңіл бөлудің реті келгендей. 2008-2012 жылдар аралығында шама-шарқым жеткенінше қала спортын өркендетуге күш салдым. Еңбегімді таразылау халықтың еншісінде. Осындай жауапты қызметті атқарғаным жұрттың ықыласы шығар. Әуелі осы күнге жеткізген Құдайға шүкір деймін. Дүние алма кезек. Уақыт шіркін өз дегенін істетпей қоймайды. Менің ешкімге өкпе-назым жоқ. Аллаға шүкір, дені-басым сау. Былайша айтқанда «тақтан» түссем де, «аттан» түскен жоқпын.

– Шыны керек, ел-жұрт сіздің қызметтен кетуіңіз туралы түрлі пікір айтып жүр. Анығын өзіңізден естісек. 

– Ол туралы сөз қозғаудың қажеті жоқ сияқты. Бұл іске кейбір өз мүддесін көздейтіндердің қатысы бар. Бұдан артық ештеңе айтқым келмейді.

Қазақ боксында өзіндік із қалдырған Нұржан Сманов 2008 жылы Шымкент қаласы спортының тізгінін ұстаған-ды
Қазақ боксында өзіндік із қалдырған Нұржан Сманов 2008 жылы Шымкент қаласы спортының тізгінін ұстаған-ды

– Қызмет барысында көздеген меже, аяқтай алмай қалған тірлігіңіз жоқ па еді? 

– Шыны керек, сол уақыттағы қала басшысы Арман Шәріпбайұлы спорттың шын жанашыры еді. Өзі де кезінде спортпен шұғылданған. Спорттың жайын жақсы біледі. Оның қолдауымен бірталай ілкімді тірлік біткеніне ел-жұрт куә. Қалада қаншама спорт мектептері есігін айқара ашты. Мәселен, ешбір облыста жоқ мемлекеттік көркем гимнастика мектебі, №8 Қысқы спорт мектебінің қазір халық игілігін көріп отыр. Әрине, адамда арман таусылушы ма еді. Бір мақсаттан кейін екіншісіне ұмтыласың. Тындырсам деген көкейде жүрген тірлік көп еді. Әлі де қаншама жұмыс жасалынуы тиіс.

– Әлгінде, отбасымның ортасындамын деп қалдыңыз. Ұл-қыздарыңыздың әке жолымен жүретін ниеті бар ма? 

– Алла берген 2 ұл, 2 қызым бар. Көз қуаныштарымның қай соқпаққа түсері әлі белгісіз. Үлкенім Олжас бесінші, Алмас бірінші сыныпты бітірді. Ал Дана мен Мерей екеуі де балабақшада. Қазір екі ұлым да спортты қызықтап жүр. Үлкенім жүзуге құштар. Енді кішкентайым да ағасының жанына серік болғысы бар. Негізінен, жас баланы әуелі жүзу, дойбы, шахмат, футбол секілді спортқа баулу керек. Он екі, он төрт жасқа жеткенде қай спортқа бейімі бар екенін баланың өзі таңдап алады.

– Сіз әуелде жұртшылыққа шойынжұдырық боксшы ретінде танылдыңыз. Мықты болу үшін спортшының бойында қандай қасиеттер болуы тиіс? 

– Спортшыға керегі ең әуелі тәрбие. Уақыты келгенде спортпен де қош айтысасың ғой. Одан әрі қарай күн көруіңді ойлауға тиіссің. Спортпен қатар, тәрбие, білім алуға да ұмтылу ләзім. Міне, әрбір спортшы осыны жете түсіне білсе. Ертеңгі күні далада қалмас үшін. Ашығын айтқанда, спорттан кеткеннен кейін сен кімге керексің? Күнделікті денесін шынықтырған секілді білім-біліктілігін де жетілдіріп тұру керек. Мен өзім үш жоғары оқу орнын бітірдім. Кезінде әкем де ең бірінші білімге, одан кейін спортқа үгіттеген еді. Жасыратыны жоқ, жұқалтам жетістігіне тоқмейілсіп кететін спортшылар бар. Болдым, толдым деген кесір кесел ғой адамды құртатын. Адамға жан-жақтылық жарасады. Мен осыны әуелден түсініп, қоғамдық өмірге бейімделе бастадым. Жас кезімнен ауылда қара жұмыста шыңдалып, ерте пісіп жетілдім.

Он алты жасымда халықаралық дәрежедегі спорт шебері атандым
Он алты жасымда халықаралық дәрежедегі спорт шебері атандым

– Әр спорттың өз заңдылығы болады ғой. Бокс басқа спорт түрінен несімен ерекшеленеді? 

– Адамды адам ететін – еңбек. Спортта да солай. Ынта-ықыласыңмен кіріспесең, жетістікке жетемін деу бос әурешілік. Боксты нағыз ерлердің өнері дер едім. Біздер жеңіл атлеттерден кем жүгірмейміз. Ауыр атлетика, гимнастикамен де ауыздықтануымыз шарт. Бокста ең бастысы қайсарлық, ержүректілік керек. Небір дарынды жігіттерде кейде жеңісті жұлып алардай мінез байқалмайды. Осы жағдай да кейде спортышының тағдырын шешіп жатады.

– Әр нәрсе замана көшіне ілесіп жаңарып, өзгеріп отырады емес пе?! Бүгінгі қазақ боксының қауқары қалай өзі? Көңіліңіз тола ма? 

– Жауынгерлік қазақтың генінде бар қасиет. Әу бастан жекпе-жекке бейімбіз. Әлем боксындағы бүгінгі беделіміз осының арқасы емей не. Олимпиада чемпиондары миллиардтаған қытайдан шықпаса да, қазақтан шығып жатыр. Қазақ боксының шоқтығы әманда биік болып қалатынына сенімім мол. Тәуелсіз ел болғалы Олимпиададан алты алтын, бес күміс, бес қола жүлдені өңгердік. Оған қоса Вэлл баркер кубогі үш рет қазақ топырағымен қауышты.

Қазір боксшыларға барлық жағдай бар. Не киемін, не ішемін демейді. Тек еңбек етсе болғаны. Дегенмен, бізге әлі де болса мықты материалдық-техникалық базалар қажет. Кәсіби бапкерлерге, жалақыдан ешқандай мәселе жоқ. Жарыстардан қалмайтыны өз алдына, шетелде де оқу — жаттығу жұмыстары жүріп жатыр. Осындай көзқарас барлық спорт түрінде болатын кез жеткендей. Лондон ойындары бүгінгі хал-ахуалымызды анықтап берді ғой. Әйткенмен, жеті алтын алдық деп жанбастап жатуға мүлдем болмайды. Енді осы биігімізден түспеуге тиіспіз.

– Кезінде Мұхтархан мен Бекзаттың қарымы қандай еді?! Жерлестерімізден көпшілік сақ жүретін. Қазір ше, боксшыларымыздың жеңісті дәстүрі үзіліп бара жатқандай. Бұл пікірмен келісесіз бе?

– Бәрімізді де ойландыратын осы жағдай. Облыс спортының басшысынан бастап қарапайым жанкүйерге дейін жанымыз жабырқап жүргенін түсінемін. Дегенмен, Оңтүстік боксы тоқырады деп кесіп-пішіп айту әбестік. «Сабақты ине сәтімен» дегендей, біздің де желпінер күніміз келер. Облыста қазір буын алмасу үрдісі жүріп жатқандай. Мені жасөспірім, жастардың қарқыны қуантады. Осы жігіттер әлі-ақ өз мықтылығын дәлелдейтініне сенемін. Қарап отырсам, өңірімізде әлемнің алтыны жоқ екен. Осы жағдайға да назар аударатын сәт әлдеқашан туды. Олимпиаданың алтын, күміс, қоласы қанжығамызда. Енді әлемнің алтынын алуға күш салсақ.

– Сізді бүгінде мазалайтын не жағдай? 

– Мені жастар тәрбиесі ойландырады. Ертеңгі елдің тұтқасын ұстайтын азаматтар кімнен, қалай тәрбие алып жатыр? Бұл мемлекетімізді алаңдатып отырған мәселенің бірегейі. Бұған салғырт қарауға болмайды. Бала – болашағымыз. Ұрпақ тәрбиесіне салғырт қарайтын ата-аналар көп қазір. Бұзақылық та осының кесірінен шығып жатыр. Жас шыбықты қалай исең солай иіледі ғой. Сол секілді жас ұрпақтың бойына үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді үйретсек. Шама шарқымызша.

Адам бұл өмірге келгеннен кейін адамдық қасиеттен айнымауы керек. Спортшы болу ол өз еркің, ал адам болу — міндет.

– Білуімізше, сіздің қоржыныңызда тек Олимпиаданың жүлдесі жоқ екен. Азия ойындары мен Азия чемпионатын екі рет ұттыңыз ғой. Қазір олимп тұғыры бағынбағанына өкінбейсіз бе? 

– Ең бастысы дені-басым сау ғой (күліп). Маңдайымызға жазылмапты, қайтеміз енді. Осы күнге жеткеніме шүкіршілік деймін. Он бес жыл бойы ұлттық құрамада нөмірі бірінші болдым. Спорттық ғұмырымда бас аяғы елу екі медаль бұйырыпы. Отыз бес алтын, тоғыз күміс, сегіз қола жүлде. Оның ішінде тек екі жүлденің орны ойсырап тұр. Ол әлемнің алтыны мен Олимпиаданың бір жүлдесі. Екі ғаламдық бәсекеде жүлдеге бір қадам жетпей тоқтағанымды білесіздер. Кейде есіме түссе, бала- шағама да бірдеңе қалу керек болған шығар деп ойлап қоямын (күліп).

Бір айта кететіні, он бес жасымда спорт шебері, он алты жасымда халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын алдым. Білсеңіз, мұндай жағдай тарихта болмаған. Жиырма екі жасымда елге еңбегім сіңді. Осыдан кейін қалайша өкпе айтуым керек?!

– Әңгімеңізге рахмет! Деніңізге саулық тілеймін!

Сұхбаттасқан – Тағабай ҚАСЫМ