«Әкім сайлауда – демократиялық принциптер сақталады»

Самат САПАРБАЕВ, Ордабасы ауданының әкімі:
Самат САПАРБАЕВ,  Ордабасы ауданының әкімі:
Самат САПАРБАЕВ,
Ордабасы ауданының әкімі:

– Самат Айдарханұлы, жаңа қызмет құтты болсын! Білуімізше 25 жылдан астам уақыт Сайрам ауданында әртүрлі мекемелерде еңбек етіп келіпсіз. Үйреніп қалған мекеніңізді тастап, басқа ауданға жұмыс ауыстыру, жауапкершілігі зор әкімдік қызметке отыру қиындық туғызған жоқ па?

– Рахмет. Ия, дұрыс айтасыз, 25 жылдан бері Сайрам ауданында атқарушы органдарда жұмыс істеп келгенім рас. Сол жерде жүріп мемлекеттік қызметтің барлық сатысынан өттім. Қатардағы маманнан бөлім меңгерушісі, ауыл әкімі, аудан әкімі аппаратының басшысы, 2009 жылдан осы кезге дейін Сайрам ауданы әкімінің орынбасары ретінде қызмет атқардым. Өздеріңізге белгілі, Елбасының Жарлығымен кадр резервінің сапасын анықтау мақсатында А, Б корпустарына сай келетін мамандарға іріктеу жүргізілді. Мен де бағымды сынап көрейін деп А корпусына үміткер ретінде құжаттарымды тапсырып, емтиханға қатысқанмын. Тестілеудің нәтижесі бойынша мүмкін болған 100 балдың 95-ін жинап, одан кейінгі сындардан да абыроймен өтіп, А корпусына іліндік. Соның арқасында осы жаңа қызметке тағайындалған жайымыз бар.

Қызметте өсу, карьера жасау-кез келген адамның мақсаты ғой. Аудан басқару, халыққа қызмет етіп, жақсы қырынан көрінсем дейтін менде де бір арман бар-тын. Құдайға шүкір деу керек, сол мақсатым орындалып, облыс басшысы сенім білдіріп, Ордабасы ауданына әкім етіп тағайындады. Жаңа қызметке отырғаныма мінеки небары 3 апта ғана болыпты. Жер ауыстыру, бұрын қызмет етіп көрмеген ауданға барып, бірден үйренісіп кете алмау табиғи заңдылық қой. Келе сала етене араласып, бірден барлық нәрсені игеріп кеттім деп өтірік айтпай-ақ қояйын. Қанша дегенмен бөтен аудан, адамдары бейтаныс. Дегенмен осында келгенде үлкен саяси науқанның үстінен түстім. Басқа аймақтардағыдай мұнда да сайланатын ауыл әкімдеріне кандидаттарды іріктеу басталған екен. Осы сәтті пайдаланып, елдімекендермен танысып, халықпен жүздесіп, пікірлерін тыңдап, түйткілді мәселелеріне қанықтық. Аудан тіршілігінен хабардар болып, жең түріп, ақырындап жұмысқа кірісуіме бұл үлкен жәрдем, себепші болды.

Ордабасы ауданы бойынша 10 ауыл округінде әкім сайланады. Бүгінде 29 адам үміткер ретінде тіркелген. 1 орынға 3 адам үміткер.

Бір айта кетерлігі «бөтенсің» деп әзірге ешкім көзге шұқи қойған жоқ. Әкімдік аппаратындағылар, мәслихат депутаттары, қоғамдық ұйымдар, осындағы ақсақалдардың бәрі де қолдау көрсетіп жатыр. Мақсатымыз – бір елдің, бір халықтың мүддесін қорғау болған соң, арамызда түсініспеушіліктер болмауы керек. Ондайға жете қоймаспыз деп ойлаймын.

– Халық қашанда жаңа басшыдан жаңа ізденіс, тың серпіліс күтеді. Оның үстіне елімізде өзін-өзі басқару принципі біртіндеп енгізіліп жатыр. Бұл деген бюджетке түскен қаржыны өздігінше жұмсауға мүмкіндік бар деген сөз. Солай екен, енді алдағы уақытта ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін қандай шаруаларды атқару жоспарда бар? 

– Келгелі бері ауданның экономикалық мүмкіндігін зерделеп, бюджетін көтеру, тұралап қалған салаларды жандандырудың жолдарын қарастырудамыз. Шынымды айтсам, Ордабасы ауданының бюджеті соншалықты аз екен деп ойламаппын. Сөйтсем аудан қазынасы небары 590 млн теңгені құрайды екен. Бұл мемлекеттен келетін трнасферттерді есептемегендегі жергілікті кірістің сомасы ғана. Салыстырмалы түрде айтсам Сайрам ауданының бюджеті 3 млрд 700 млн теңге. Бірақ ол жақтағыдай мұнда өндіріс, ауыл шаруашылығы басқа да салалар қарқынды дамымағандығын, халық санының аздығын есепке алу керек. Әйтсе де Ордабасы ауданының табысы өте аз. Өндіріс орындары өзіңіз айтқандай жоқтың қасы. Тек қана ауылшаруашылығы, малшаруашылығымен, егін егумен айналысады. Артықшылығы аудан жайылым жерге бай екен. Тиісінше игерілмей жатқаны одан да көп. Тағы бір айта кететін нәрсе, Ордабасы ауданында ауылшаруашылығы өнімдерін өңдейтін бірде-бір орын жоқ екен. Мен осыған таң қалдым. Мысал ретінде айтайын, мен өзім туып өскен Қарасу ауылында көкөніс өңдейтін 6-7 цех бар. Үйінен ашып алғандар да көп. Олар консерві өнімдерін жасап, басқа облыстарға, Ресейге жөнелтіп жатады. Табыстары да айтарлықтай. Шынын айтқанда Ордабасыдағы ауылшаруашылығы өнімдерінің қызығын басқа жақтан келетін алыпсатарлар көруде.

Өндіріс орындарына келер болсақ, қазіргі таңда ауданда 9 қыш зауыты, 14 карьер, сосын Ордабасы құс фабрикасы, 2 шұжық цехы ғана жұмыс істеуде. Өндірген өнімнің көлемі 6 айда 3 млрд-тан сәл ғана асқан. Жалпы жыл соңына дейін 6 млрд теңге болады деп есептеп отырмыз. Осы тұста орын алып отырған қиындық ауданда өндірілген құрылыс материалдарының көлемі жыл санап артудың орнына кеміп барады. Өндіріс орындарының табысы аудан бюджетінің ары кетсе 10-15%-ын ғана құрайды. Қалған негізгі бөлігі ауылшаруашылығы саласының үлесінде. Дегенмен болашақта іске қосылатын өндіріс орындары бар. Мәселен биыл Индустрияландыру картасына құны 4512.2 млн теңгелік 4 жоба мақұлданып, олардың есебінен 307 жұмыс орнын ашу жоспарланған. Олар – «Ордабасы құс» ЖШС-не қарасты үндік фабрикасының екінші кезеңін іске асыру, өндіріс көлемін ұлғайту, тірі салмақта үндік еті көлемін 8110 тоннаға жеткізу жобасы. Инвестициялық жоба құны 1 млрд 728 млн 900 мың теңге, 140 жаңа жұмыс орны ашылуы тиіс. Одан кейін «Сейітбек-әулеті» ЖШС-нің қызыл мия дәрілік өсімдігінің тамырын жоғары технологияда өңдеп, дәрілік биологиялық белсенді құрам алу жобасы. Жоба құны 1 млрд 200 млн теңге, ашылатын жұмыс орны 50. Индустриалды аймақтан 10 га жер бөлінген. Сондай-ақ, Қайнар елдімекенінде Кеңес дәуірінен бері бос тұрған «Ақ құс» ЖШС-нің құс фабрикасын жандандырып, іске қосу көзделуде. Одан бөлек, «Нұр Каркен тұз» ЖШС фармацевтика және басқа да мақсатқа арналған жоғары тазартылған қайнатпа тұз өндіру жобасын қолға алмақшы. Жобаның құны 151 млн теңгені құрайды. 17 адам қосымша жұмысқа тартылатын болады.

– Ордабасылықтар көгілдір отын келіп қалады деп күтіп жүргеніне бірнеше жылдың жүзі болды. Әркім әрқалай айтады. Бірі келесі жылы газға қарық боламыз десе, енді бірі таяуда келмейді екен деп әртүрлі сөздер айтып жүр. Шындығында ауданға газ қашан келеді? Нақты мерзімін айта аласыз ба?

– Ордабасы ауданы сонау кеңестік тұста да газдандырылмағанын білеміз. Көмір жағып келген халық көгілдір отынға зарығып отырғанынан хабардармын. Бәрімізге белгілі мемлекет халықаралық жоба бойынша Бейнеу-Бозай газ құбырын тартып жатыр. Құбыр біздің аудан аумағымен өтеді. Осыған сай Төрткүл және Қараспан ауылынан газ тарату бекеттері салынады. Орындарын белгілеп қойдық. Осы арқылы бүкіл ауданға көгілдір отын таралмақ. Қазір мұның архитектуралық жобасын жасап жатырмыз. Оған 20 млн теңге бөлінген. Құдай қаласа 2015 жылға қарай Ордабасы ауданы толығымен газдандырылады деп ойлап отырмыз.

Мақсатымыз – бір елдің, бір халықтың мүддесі үшін тер төгу болған соң, арамызда түсініспеушіліктер болмауы керек. Ондайға жете қоймаспыз деп ойлаймын.

– Өзіңіз білесіз, Елбасының Жарлығымен ауыл әкімдерін сайлау науқаны қыркүйекке дейін аяқталуы тиіс. Кандидаттарды тіркеу, сайлауға дайындық басталғалы да біраз болды. Ордабасыда осы процесс қалай жүріп жатыр? Науқанға дайынсыздар ма?

– Біздің облыс әкім сайлау науқанын алғашқы боп бас-тайын деп отыр. Ол 5 тамызға белгіленген. Жоғарыда айттым ғой, мен осы қызметке тағайындалғанда науқанның үстінен түстім. Ауыл әкімдігіне кандидатты аудан әкімі ұсынуға құқығы бар. Әйткенмен бұл жұмыстар маған дейін атқарылған екен. Барлығының тізімі жасалып қойыпты. Бұл тізімді келе салып өзгертуге менің моральды тұрғыда құқығым жоқ еді. Бір шетінен бұл ауданның бір азаматын танымаймын. Дегенмен қоңырау шалып, алдыма келіп, мына азаматты ұсынсаңыз, біз осы адамның әкім болғанын қалаймыз дейтіндер болды. Бұрынғы ұсынылған кандидаттар ауыстырылмайтынын, не себепті олай ете алмайтынымды түсіндірдім. Себебі әрқайсысымен таныса келе дұрыс ұсыныс жасалғанын білгем. Ақырында барлығымен де ортақ мәмілеге келдік. Тізім бойынша сол ауыл округтеріне барып, халықпен жүздесіп, кандидаттарды таныстырдық. Сайлау қалай өтетінін, әкімдердің құзыретіне не кіретіні туралы айттық. Жеке-жеке қол қойып, дауыс бермегендеріңізбен, сіздер сайлаған депутаттар арқылы талап-тілектеріңізді жеткізе аласыздар дедік.

Ордабасы ауданы бойынша 10 ауыл округінде әкім сайланады. Бүгінде 29 адам үміткер ретінде тіркелген. 1 орынға 3 адам үміткер деген сөз. Үгіт-насихат жұмыстары басталып та кетті. Бір сөзбен айтқанда сайлауға дайындық процесі заңға сәйкес жүріп жатыр.

– Жалпы осы әкім сайлау дегенге көқарасыңыз қалай? Бұл сайлау рушылдықты, жершілдікті қоздыруы мүмкін деп ойламайсыз ба?

– Ондай болмайды. Бұл жерде демократиялық принциптер толық сақталған. Заңға сәйкес екі адамнан кем кандидат болмауы керек. Осы талап сақталып отыр. Депутаттар да бір орынға үш туысқанын кіргізе алмайтыны белгілі ғой. Халық та көріп отыр. Жұмыс істейді-ау, қолынан тірлік келеді деген кісіні таңдайды деп ойлаймын.

2015 жылға қарай Ордабасы ауданы толығымен газдандырылады деп ойлап отырмыз.

– Алдыңғы жылы Темірланда болған су тасқыны жергілікті әкімдіктің төтенше жағдайларға дайын еместігін, алдын алу шаралары ұйымдастырылмағанын, бұл туралы тіпті ойларына да кіріп шықпағанын көрсеткен еді. Бұл жөнінде аз айтылған жоқ әрине. Дегенмен алдын алу шаралары кеш те болса жасалғанын білеміз. Су тасқыны қайталанбайтыны туралы, қайталанса да үйлерді шайып кетпейтіні жайында бұрынғы әкім уәде беріп еді. Сіз ше? Сондай уәдені бере аласыз ба?

– Уәде беру үшін мәселенің мән-жайын толық зерттеп, шешілгеніне көз жеткізіп алуды өзіме басты міндет санаймын. Темірландағы су тасқыны шынымен де үлкен табиғи апат болғаны рас. Сол үшін де қызметке келе салып, тасқын өткен жерде атқарылған жұмыстарды барып көрдім. Үлкен іс жасалған екен. Су тасқынан қорғайтын 3.8 км су қашыртқысы салынған, 20 млн теңгеге 3 тоспа орнатылып, 66 млн теңгеге дамба құрылысы жасалған. Одан бөлек аудандық бюджеттен 40 млн теңге бөлініп, 26 канал мен қашыртқы тазаланған. Осының бәрін көріп, бағамдай келе су тасқынынан айтарлықтай қауіп жоқ деп айтуға болады.

– Қайсыбір сөзінде Елбасы «орынбасары қылмысты болса басшысы да қызметінен кетуі керек» дегенді меңзеп еді. Осыдан біраз бұрын, анығырақ 2012 жылы Ордабасы ауданы әкімінің орынбасары Бақыт Құрманбеков пара алып, сотты болды. Дегенмен сол кездегі аудан басшысы Данияр Тілеубергенов орнынан қозғала қоймаған-ды. Құдай ондайдан аулақ қылсын дейміз, дегенмен сондай жағдай бола қалса қызметіңізде қала бересіз бе?

– Менің айтарым, кім болса да заңды тұрғыда жұмыс жасайтын болса, тәртіп бұзбаса, өзінің белгіленген құзыреттерінің шеңберінен шықпай еңбек етсе, ондай жағдайға душар болмайды деп есептеймін. Өзім 25 жыл мемлекеттік қызметте жүріп ондай заңбұзушылыққа жол берген емеспін. Осында келген бойда аппаратты, қызметкерлерді жинап, 4 мәрте жиналыс өткізіп, қатаң талап қойдым. Барлық нәрсе заң аясында жасалынсын, біреудің ала жібін аттауға болмайды, халық үшін жұмыс істеп жатырмыз, сол үшін айлық аламыз деп түсіндірдім. Осының бәрін айтудан жалықпақ емеспін. Егер де қарамағымдағы қызметкер қылмысты боп жатса, заңға сәйкес жазасын алады. Жалпы, қай басшы қай кезде отставкаға кетеді, қай кезде қызметінен босайды деген мәселенің барлығы заңда көрсетілген. Құдай сақтасын, дегенмен ондайға жол берілмейді деген сенімдемін. Қызметкерлеріміз заңды аттап кететіндей жағдайға жете қоймас.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан – Дәурен ӘБДІРАМАНОВ