Құрғақ сүт обырға себеп

Құрғатылған сүт мал безінен алынады
Құрғатылған сүт мал безінен алынады
Құрғатылған сүт мал безінен алынады

Төскейінде төрт түлікті төлдеткен қазаққа әсте құрғақ сүтті пайдаланған жараспаса керек-ті. Әрине, қолдан сауылған құнарлы сүт тұрғанда құрғақ ұнтақты алып, ақымақ болыппыз ба?Табиғи сүт тапшы болғаннан кейін шетел асып келіп жатқан құрғақ сүтті алуға мәжбүрміз. Сарапшылар еліміздің құрғақ сүт бойынша импортқа тәуелділігі 97%-ды құрап отырғанын айтады. Тапшылық тек қалада ғана емес, бүгінде ауылдар да сиыр сүтіне сусап отыр. Ертеректе ауылда ағарған деген сатылмайтын. Әрбір үй сиыр ұстап, айран-сүтті қанып ішіп, құрт-майымен дастарханын жайнатып келген далалықтар бүгінде көрші-қолаңнан бір кесе сүтін сатып алатындай жағдайға жеткен. Ауылда тұрып, мал ұстамайтын қазақтың сылтауы көбейді. «Жайылым жоқ» дейді, қораға түсетін ұрылардан қорқады. Әйтеуір, түрлі себептермен тігерге тұяғы жоқтар ауылда тұрып жатыр.

Алайда, сарапшылар Қазақстанның сүт өнімдерімен ішкі сұраныстан бөлек, жүз елу миллионнан аса халқы бар Кедендік одақтың 25%-ын қамтамасыз етуге қауқары бар дегенді айтады. Ол үшін ауылдардан сүт қабылдау мен оны өңдеу орындарын ашып, асыл тұқымды сүтті сиырларды өсіруді, шаруашылықтарды ірілендіруді қолға алу керек. Әйтпесе, алыс Корея мен Сингапурдан жеткізіліп, Ресей арқылы бізге экспортталатын құрғақ сүттен әсте құтыла алмасымыз анық. Құрғақ сүтті шайға, түрлі пісірілімдерге, тіпті кейбіреулер балалардың ботқасына да қосып отырады. Алайда, құрғатылған сүттің мал безінен алынатынын көбіміз білмейміз де. Құрғақ сүттен төніп тұрған қауіп те зор. Айтқандай, жуырда Мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева дүкенде сатылып жатқан сүт өнімдерінің сапасына алаңдаушылық білдірді. Ғалымдардың пікірін алға тартқан Дариға ханым құрғақ сүтті пайдалану инсульт, инфаркт, онкологиялық сырқаттарға шалдықтыратынын айтты. «Бюджеттік мекемелер болса, оларды көптеп сатып алып, балабақша, мектептер мен ауруханаларда қолданады. Осыдан кейін ұлт денсаулығы туралы қандай сөз қозғауға болады?», – деп налыды халық қалаулысы. Бүгінде нарықта сүт өнімдерінің 27 түрі саудаланады. Оның 8 түрі шетелден әкелінеді. Отандық өндірушілер арасында да құрғақ сүттен өнім шығаратындары бар. Алайда, оның денсаулыққа қаншалықты қауіпті екенін көпшілік біле бермейді. Сондықтан, депутат жауапты тұлғалардан дүкен сөрелеріндегі сүт өнімдерін қатаң қадағалауға алуды сұрады. Жайбарақат отырған Ауылшаруашылығы мен Денсаулық сақтау министрлігінен шұғыл шаралар қабылдауды талап етті.

Сарапшылар еліміздің құрғақ сүт бойынша импортқа тәуелділігі 97%-ды құрап отырғанын айтады
Сарапшылар еліміздің құрғақ сүт бойынша импортқа тәуелділігі 97%-ды құрап отырғанын айтады

Айтпақшы…

Көрші Ресей өз халқының денсаулығына алаңдап, құрғақ сүттің дабылын қағып жатқанына біраз уақыт болды. Олар дүкенде сатылатын сүт өнімдерінің арасынан ағзаға қатерлі улы заттарды тауып, мұндай өнімдердің бәрін тиісті сараптамадан өткізуде. Меламин деп аталатын ұнтақ күнделікті тұтынатын сүт өнімдерінің арасынан табылып жатыр. Химиялық қоспасы көзге ақ ұнтақ түрінде шалынатын осы меламин дегеніңіз шынтуайтына келгенде, кәдімгі пластмасса жасайтын ұнтақтың өзі екен. Бұл сүтке қосылғанда оның көлемі ұлғаяды, дәмі аздап өзгергені болмаса, таза сүт сияқты әсер береді. Бүгінгі таңда Ресей сарапшылары зерттеп-зерделей келе осы қатерлі өнімнің аса кең көлемде таралып кеткенін анықтап отыр. Көршілер оны анықтап қана қоймай, мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз етудің шұғыл шараларын да қолға алып жатыр. Олар құрамында меламині бар өнімдердің бәрін нарықтан алып тастау туралы шешім қабылдады. Осындай шұғыл шараларды әлемнің басқа да бірқатар елдері қабылдай бастады. Неге? Өйткені меламин қосылған азық-түлік адам ағзасына өте зиянды саналады. Жақында ғана Еуроодақ құрамында құрғақ сүт ингредиенті бар балаларға арналған кез келген Қытай өнімін бірлескен елдерге алып келуге тыйым салды. Осы тектен-тек жасалып отырған шара ма? Ал Ресейдің бас санитарлық дәрігері құрғақ сүтке қатысты барлық Қытайда өндірілетін азық-түлік атаулыны елге әкелуге тыйым салып жатыр. Қазір Ресейдің бірқатар қалаларында, атап айтқанда, Хабаровскіде және Томскіде Қытайдан жеткізілген құрғақ сүт өнімдері тәркіленуде. Таяуда ғана Хабаровскіде осындай 2 тонна құрғақ сүт табылды. Бүгінде Ресейдің бүкіл ірі қалаларында арнайы тексерістер жүргізілуде.

Мақпал РЫСБАЕВА

Лаура Байконсова
Лаура Байконсова

Лаура Байконсова, Ұлттық салауатты тағамтану орталығының ОҚО бойынша департаментінің ғылыми қызметкері:

– Құрғақ сүттің сақталу мерзімі табиғи сүтке қарағанда жоғары және тоңазытқышта сақтауды қажет етпейді. Алайда, дұрыс емес жағдайда (жоғары ылғалдылықта және қоршаған ортаның жоғарғы температурасында) сақталған құрғақ сүттің тағамдық құндылығы төмендейді. Құрғақ сүттің басты кемшілігі, оның майлылығында. Құрғақ сүтті артық мөлшерде пайдаланған жағдайда белок, май, көмірсу алмасуы бұзылуына және де майдың мөлшерінің жоғары болуына байланысты холестериннің түзілуіне алып келуі мүмкін. Халықаралық стандарттарға сәйкес, сүтті термиялық өңдеудің бірнеше түрлері бар. Атап айтқанда, төменгі температурада, орташа және жоғарғы температурада сақтау. Төменгі термиялық өңдеуден өткен құрғақ сүттің құндылығы жоғары болады, мұндай сүт «төменгі температурада өңделген сүт» деп аталады. Бірақ, қазіргі таңда мұндай технология тек Батыс елдерінде ғана жұмыс істеп жатыр. Ал Ресейде микрофлоралардың деңгейін төмендету үшін жоғарғы температурада өңдейді. Бұл белоктардың денатурациясына және тез бұзылуға соқтыратын бос майлардың түзілуіне алып келеді. Сондықтан, мүмкін болса, құрғақ сүтке құнттанбай, табиғи сүтті пайдаланған жөн.