«Үміттен» түлеп ұшқан «Сәт» тобы үлкен өмірге аттанды

1624
"Сәттің" әншісі Тұрар ән айдынындағы жолын тоқтатты

 

"Сәттің" әншісі Тұрар ән айдынындағы жолын тоқтатты
«Сәттің» әншісі Тұрар ән айдынындағы жолын тоқтатты

 

«Сәт» тобын білмейтін жан кемде-кем шығар… «Үміт» мектеп интернатының тәрбиленушілері Тұрар, Сапарбай мен Азаттың әнге деген махаббатттары үшеуін «Сәт» триосына тоғыстырған болатын. Биыл алтын ұядан қанат қаққан қарлығаштар «Сәт» тобы болып қайта құрылды. Не өзгерді? Трионың топқа айналуына не себеп?

Алты жастан бастап тай құлындай тебісіп өскен үш құрдас Сапарбай мен Азат, Тұрар алғаш рет республикалық өнер фестивалінде топ жарып, талайды мойындатты. Мойындатып қана қоймай, тағдырдың теперішіне тап келген талай жанға мойымау керектігін ұғындырды. Бүгінде «Сәттің» жігіттерінен жігер алып, өнер айдынына кемесін қосып жүрген мүмкіндігі шектеулі жан қаншама… Биылғы Астана қаласында өткен мүмкіндігі шектеулі жандардың өнер бәйгесінде осы «Үміт» мектеп интернатының оқушылары Ырысдәулет пен Назима бас жүлдені жеңіп алды.

Бүгінде «Сәт» өзгерді. Аты ғана емес, құрамы да… Триодағы Тұрар өнердегі жолын уақытша тоқтата тұруға шешім қабылдады. Бірақ Сапарбай мен Азат әлі де болса, «Сәттің» танымалдығын арттыруға тыным таппай еңбек етуде. «Сәттің» атауы мен құрамы ғана емес, өнерпаз жігіттердің өздері де өзгерген, шығармашылық шегі өскен. Қызығушылықтары мен армандары да ұлғайған. Биыл он сегізінші көктемін қарсы алған бозбалалар Сарыағаштағы Арыстанбаб колледжіне оқуға түсті. «Армандар көп… Мамандық иесі атанып, өнерді де өлтірмей өрісімізді кеңейткіміз келеді. Армандаған аруға жолығып, үйленуді де ойлап қоямыз.

Өнегелі отбасының отағасы болу да ойда бар»-дейді топ мүшесі Сапарбай. Ашық-жарқын мінезді, сырбаз жігіт Сапарбай жүрегін жаулап алған жанның барын да жасырмайды. Азаттың аңсары соңғы кездері рэп жанрына ауып жүр. Бұл құмарлық тағы да рэп тобының құрамына ертіп келген Азатты. Қос жанрда ән шырқап жүрген Азаттың сүйікті рэппері «Баги» лақабымен танымал, «11 блок» тобының рэпері Бағлан. «Сәт» тобының жаңарған репертуарындағы жаңа әндердің авторлары Сапарбай мен Азаттың өздері. Сөзін де, әнін де жүректерінен жарып шығарып жүр. «Бос уақыт деген бізде болмайды»-дейді жігіттер. Тағдырдың салған жүгіне жүнжімей, жігерін жасытпаған жігіттер мектеп табалдырығынан аттағалы бері, бір жарым айдың ішінде 8 жаңа ән жазып, екі бірдей бейнеклип түсіріп үлгіріпті. Бүгінде «Сәттің» репертуарындағы «Қош, махаббат», «Сүйіктіме» сынды әндер жігіттердің төл туындылары.

Биыл «Сәт» тобының құрылғанына 5 жыл толды. Осы жыл аралығында талай жүлдені жеңіп, талай елді таңдай қақтырып үлгірген. 2008 жылдан басталған жүлделер тізбегі Астанада өткен республикалық байқаудан басталып, Санкт Петербор қаласында өткен, 11 мемлекет әншілері сайысқа түскен байқауда үздік атанған. 2009 жылы 2011 жылы «Самғау» ұлттық сыйлығының иесі, 2011 жылы «Ең үздік орындаушы» атағына лайық деп танылған.

РФ Еңбек сіңірген әртісі Диана Гурцкаяның ұйымдастыруымен өткен «Белая трость.Без границ» атты зағип балалардың халықаралық қайырымдылық фестивалінде «Сәттің» жігіттері тамаша өнер көрсеткен. Мәскеу сахнасында Лариса Долина, Игорь Николаев, Дмитрий маликовтармен бірге ән шырқаған. Топтың продюссері Нұржан Қожабековтың айтуынша, биыл «Сәт» тобының 5 жылдығы Астана қаласында айрықша шығармашылық концертпек аталып өтілмекші. Жыл соңына жоспарланып жатқан бұл өнер кешіне көрші елден Диана Гурцкая әдейілеп шақырылып, «Сәттің «жігіттерімен ән шырқамақшы. Иә, «Сәт» тобына сәттілік тілейміз!