Сағира Айтанаева, ОҚО бойынша бақылау және әлеуметтік қорғау департаменті басшысының орынбасары:
– Үстіміздегі жылдың 21 маусымында Қазақстан Республикасының Президенті «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Ол 2013 жылдың 2 шілдесінен заңды күшіне енді.
Жаңа қабылданған Заңда әйел азаматтарына қатысты біршама өзгерістер бар.
Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» 2003 жылғы 21 маусымдағы № 105 Заңның 11 бабының 1 тармағында:
2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап әйелдер – 58,5 жасқа толғанда;
2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап әйелдер – 59 жасқа толғанда;
2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап әйелдер – 59,5 жасқа толғанда;
2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап әйелдер – 60 жасқа толғанда;
2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап әйелдер – 60,5 жасқа толғанда;
2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап әйелдер – 61 жасқа толғанда;
2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап әйелдер – 61,5 жасқа толғанда;
2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап әйелдер – 62 жасқа толғанда;
2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап әйелдер – 62,5 жасқа толғанда;
2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап әйелдер – 63 жасқа толғанда зейнетақыға шығатындығы қарастырылған .
11 баптың 2 тармағында:
Төтенше және барынша радиациялық қауіпті аймақтарда 1949 жылғы 29 тамыздан 1963 жылғы 5 шiлдеге дейiнгі кезеңде кемiнде 5 жыл тұрған азаматтардың «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынықтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әйелдердің жалпы жұмыс өтілі кемінде 20 жыл болған жағдайда, 45 жасқа толғанда зейнетақы төлемдерін тағайындауға құқығы болады.
11 баптың 3 тармағында:
5 және одан да көп бала туған, асырап алған, оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген әйелдер 53 жасқа толғанда, 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін кемінде 6 ай еңбек өтілі бар азаматтарға еңбек өтіліне бара бар мөлшерде жасына байланысты зейнетақымен қамтамасыз етілетіндігі қарастырылған.
Осыған орай, жаңа қабылданған Заңға сәйкес 4 бала туып 5-ші баласын асырап алып, оларды 8 жасқа дейін тәрбиелеген аналар, жасы 53-ке толғанда 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін кемінде 6 ай еңбек өтілі болған жағдайда зейнетақы тағайындау құқығына ие болады.
Бұл ретте, егер зейнеткерлік жасқа жеткен әйел азаматтарының заңда талап етілген толық еңбек өтілі (20 жыл) болмаған жағдайда, бұл азаматтарға толық емес көлемдегі зейнетақы төлемі тағайындалады. Сонымен қатар, базалық зейнетақы төлемі төленеді.