«Актерлік өнер – жан азабы»

Сапар Өтемісұлы

Театр сахнасында жүргеніне жарты ғасыр толған С.Өтемісұлы осылай дейді. Ірілі-ұсақты талай рөлді сомдаған жан өз өміріне осылайша баға бергендей. Расында айтса, айтқандай-ақ, әрбір рөлді алып шығу үшін жан берісіп, жан алысып, образға ену үшін талай тердің төгілетінін былайғы көрермен біле бермейтіні рас.

Сапар Өтемісұлы
Сапар Өтемісұлы

Сапар ағамыздың айтуынша Ұлы Абайдың үш кезеңін де бірдей сомдаған актер Қазақстанда бүгін жоқтың қасы екен. «Маған осындай бақыттың бұйырғанына тәубе деймін!», – деп ағынан жарылды Сапар аға.

С.Өтемісұлының өнердегі өрісі 1970-2000 жылдар аралығында кеңи түскенін байқаймыз. Қазақ, шетел классикалық әдебиеттеріндегі әр кезеңнің 200-ден аса кейіпкерлерін сомдаған әртістің шынында да арманы бар ма дерсіз. Кезінде Кеңес Өкіметінің көсемі болған В.И.Ленинді де алғаш рет театр сахнасында сомдаған Сапар Өтемісұлы екен. Дегенмен, әртіс мұнысымен масаттанбайды. Ол бүгінгі театр өнерінің өрісін ойлап қынжылады. Жаны ауырады.

С.Өтемісұлының өнердегі өрісі 1970-2000 жылдар аралығында  кеңи түскенін байқаймыз
С.Өтемісұлының өнердегі өрісі 1970-2000 жылдар аралығында кеңи түскенін байқаймыз

«Ит күлкі, маска киіп алғандай көп актерлар. Түсінемін, заманың түлкі болса тазысы болып бақ. Табыс аз, айлық жетпейді. Соның салдарынан көптеген қыздар мен балдарымыз осы күні той қуалап кетті. Рөлге дайындық аз. Көбі жүрекпен ойнай бермейді. Қазіргі көрерменнің талабы жоғары. Анау-мынау дүниені олар қабылдамай тастауы мүмкін. Ақпараттық кеңістік кең, шетелдің қойылымдарын көреді, салыстырады. Бағасын беріп жатады. Кем-кетігіміздің себебі түсінікті ғой. Біздің айлық бір ай өмір сүруге жетуші еді. Қазіргі жастарға ол жетпейді. Өнер адамына қамқорлық жасалмай, өнер дамымайды. Кез-келген ұлт, өзге елдің алдында бірінші тілі, екінші мәдениетімен танылады. Сондықтан да біз мәдениетімізді жоғары деңгейге көтереміз десек, өнер иелеріне шығармашылығын арттыруда жағдай жасауымыз керек. Мықты жастар көп. Той қуалап еріккеннен жүрген жоқ олар. Соларды демейтін, қамқор болатын жан табылсашы…»

Сапар аға осылай толғанады. Өзі де жас болды. Өнерге имене келіп, үйрене жүріп, есейген кезі әлі есінде.

Қазіргі Өзбекстан, бұрынғы Шымкент облысы Бостандық ауданында 1943 жылы 21 наурызда дүниеге келген Сапар ағаның ата-анасы бұған дейін 10 перзент көріпті. Барлығы ерте шетінеп кете берген екен. Аман қалғаны осы Сапар аға ғана. Туылған соң кішкентай Сапар ұйқыдан бір апта бойына оянбапты. Анасы оның аузына құйрық салып қойыпты. Жасы елу бестегі әкесі «Е-е-е жаратқан, маған ұл бұйырмағаны ма?! Тым болмаса осы ұлым аман қалсыншы» деп жалбарына Жаратушыдан сұраған екен. Дұғасы қабыл болса керек, кішкентай Сапар ұйқысынан ояныпты. Қуанған әкесі той жасапты.

Осылайша 1959 жылы өнер іздеп, Шымкентке театрға реквезитр көмекшісі болып қызметке келдім
Осылайша 1959 жылы өнер іздеп, Шымкентке театрға реквезитр көмекшісі болып қызметке келдім

– Соғыс уақытында қайбір той дейсің. Қуанғаны сонша ырымын жасаған түрі болса керек, әкем жарықтықтың, – дейді Сапар аға алыста қалған күндерді сағынышпен еске алып. – Әкем қырғыздың жиені болатын. Бес уақыт намазын үзбеген. Өзі ақын. Сол тойда таңға дейін ән шырқаған деп отырушы еді елдегі азаматтар. «Осы Сапаржаным аман болып, артымда ұрпағым қалса, Құдайға мың да бір разымын» деп әндетеді екен сондағысы. Марқұм әкем, ағайынның айтуынша намаздың үстінде кеткен екен дүниеден. Осылайша бір жасқа толмай жатып әкемнен айырылыппын. Маған өнер сол әкемнен берілсе керек.

Мектепті сонда Абай атындағы интеранатта оқыдым. Ауылда әнші бала атанғанмын. Сапаржан ән айтшы десе, шырқап тұрып ән салады екенмін. Бірде ауылға «Қыз Жібек» қойылымы қойылды. Соны көріп, актер болсам деген арман маза бермеді.

Осылайша 1959 жылы өнер іздеп, Шымкентке театрға реквезитр көмекшісі болып қызметке келдім. Айлығым 30 сом. Үстім биттеп кеткен. Биті кетсін деп кешке қарға көміп қоям, таңғы сағат 5-6-да үйге кіргізіп, пешке жайып қоям. Е-е-е-, несін сұрайсың, өстіп жүріп өнерге деген қызығушылықтан түңілмеуге тырыстық қой.

«Абай жолына» 6 рет үңіліп, онымен сол кездегі қоғамды әр кезде әр қырынан таныдым. Біз Абайды әлі танымаймыз. Ол қазақтың маңдайына берілген бітпес, таусылмас рухани қазына. Ал қазіргі жастарға «Абай жолын» оқытудың өзі бір мұң болды, – деп Сапар аға өткенге көз жүгіртті.

Ұйқыдан бір апта бойы оянбаған
Ұйқыдан бір апта бойы оянбаған

Сапар ағамен сырласа отырып, жетпістің қырына шықса да, өзі қайратты азаматтың іштей «Эх, тағы да бір қырды бағындырсам» деген ниетін байқадым. Қызығасын. Мойындайсын. Осындай азаматтар көп болса екен деп тілейсің.

Бүгінде Сапар Өтемісұлы 4 ұл-қызынан 5 немере сүйіп отыр. Уақыттың құр өткенін қаламайтын Сапар аға бос уақытында кітап оқығанды жақсы көреді екен. «Абайды оқығаным жаныма рух беретіндей», – дейді.

Алла деген сөз жеңіл,

Аллаға ауыз жол емес.

Ынталы жүрек, шын пейіл

Басқасы Хаққа қол емес, – демекші, Абай атамыздың айтқанын үнемі жадында сақтайды екен.

Кейінгі жасқа айтары мол, берер тәлімі толағай Сапар Өтемісұлындай азаматтар барда өнеріміз өркендей түсеріне кәміл сенгіміз бар.

Асқар СӘТПАЕВ

Әшірбек Сығай
Әшірбек Сығай

Әшірбек Сығай, театр сыншысы:

– Мен білетін Сапар Өтемісұлы табиғи талантымен, шығарма-шылық жүрегімен, елдің зейінін, құретіне бөленген азамат. Талант кісілікпен байланысты. Талантты адам өзінің адамгершілігімен, өмірдегі орнымен сахынада ерекше бір құбылыс жасайды. Міне осындай құбылыс жасап жүрген Астана, Алматыда ғана емес, аймақтарда облыс орталықтарындағы ежелден келе жатқан театрларда айтуға тұрарлық айтулы, айтулы, азамтардың бірі осы Сапар Өтемісұлы. Жалпы сақына адамдарының өнерін дер кезінде түртіліп қалмаса, ол суретшінің суреті қаласа, режиссердің фильімі қалса, ал актердің жасағаны өзімен кетеді. Сапар Өтемісов өзінің 70, 80, 90 жылдардағы табыстарымен осы өлкеге ғана емес, бүкіл республика жұртшылығының назарына іліккен үлкен дарын иесі. Әншілігі бар, рольде ойнайтыны бар. Бәрін айтқанда ол өзінің орнын тапқан, қалыптасқан өнерде өз сөзін айта алған суреткер. Бұл әртіске үш нәрсе қажет жүрек, тірек, тілек. Үшеуіне де қол жеткізген шығармашылық тұлға.