Баспана кезегінде тұрғандар 1 миллионнан асты

Кезекте тұрғандар саны салынған үйлерден 10 есе көп
Кезекте тұрғандар саны салынған үйлерден 10 есе көп
Кезекте тұрғандар саны салынған үйлерден 10 есе көп

Қазақстанда бір жылда қолданысқа берілетін баспана саны 3000-нан аспай отыр. Ал қажеттілікті толық өтеп отыру үшін 50-60 мың пәтер берілуі керек. Бұл дегеніміз, бір қаланың тұрғындары баспанасыз баз кешіп жүр дегенмен пара-пар. Не істеу керек? Бас ауруымызға айналған баспана мәселесін қалай шешеміз?

Бұл мәселе Парламент қабырғасында қызу талқыланды. Қолжетімді бас-пана бағдарламасы өткен жылы іске қосылғанымен, мұқтаж азаматтардың баспаналы болуына ортақ мүмкіндік беретін құжат болмай тұрғанын депутаттар да мойындады. Ә дегеннен Парламент мәжілісі депутаты Гүлмира Исімбаева «мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақысы 50-60 мың теңгенің көлемінде. Айлығы аз болғандықтан олар қолжетімді баспана бағдарламасына қатыса алмайды екен. Сонда ол кім үшін қолжетімді?» деген заңды сауалын ортаға тастады. Ал «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» басқарушы директоры «Салымшының қандай мамандық иесі екендігіне мән берілмейді. Барлығына бірыңғай талап. Егер мұғалімнің айлығы жеткіліксіз деңгейде болса салым жинауға өзінің таныстарын тартуға рұқсат етіледі.» деген жауабын берді. Жиында баспана бағасы да қызу талқыға салынды. Әр аймақта пәтер құны әрқалай. Сарапшылардың дегеніне сенсек, баспана бағасы жуық арада тағы да қымбаттауы мүмкін. Сондықтан, «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасына өзгерістер енгізу қажет.

Атап айтқанда, оларды табыс көлеміне қарай бөлу керек. Яғни, кіріс мөлшері қомақты қызметкерлер айлық табысы төмен азаматтарға бәсеке болмауы тиіс. Осы арқылы «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасына тізілген ұзын-сонар кезекті қысқартуға болар еді. Парламент Мәжілісінің депутаттарына халықты тұрғын үймен қамтамасыз етудің жай-күйі туралы мән-жайды баяндаған Өңірлік даму министрінің орынбасары Серік Нокин осылай деп ой білдірді. Ол әлеуметтік үйлерді жекешелендіруге тыйым салу керектігін айтты. Сонда табысы жоғары мемлекеттік қызметкерлер кезекке тұруға қызығушылық танытпас еді. Оның орнына жалдамалы, коммуналды немесе уақытша тұрғын үй сияқты арнайы санаттағы баспаналарды қолданысқа енгізуді ұсынды. Бұл шара үміткерлер санын қысқартып, тұрғындардың жылдамырақ бас-паналы болуына жол ашатынын жеткізді. Отырыста халыққа жеке тұрғын үй салу үшін жер телімін беру мәселесі де көтерілді. Министрліктің дерегі бойынша бүгінде жер телімін алуға 1 млн. 300 мың адам ниетті.

Жыл сайын баспана алуға кезекке тұрғандар саны салынған үйден 10 есе көп болады. «Кезекте тұрған азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету мәселесiнде бiрқатар қиындықтар бар. 2012 жылдан бастап мемлекеттiк тұрғын үй қорынан баспана алу мақсатында кезекке тұру Халыққа қызмет көрсету орталықтарында мемлекеттiк қызмет стандарттары бойынша жүргiзiледi. Бұл ретте бюджеттiк сала жұмысшылары мен мемлекеттiк қызметкерлерге заң бойынша табыс көлемiне қатысты талаптар қойылмаған», – дедi Өңiрлiк даму министрiнiң орынбасары. Жоғарыда аталған мәселеге байланысты жыл сайын баспана алу үшiн кезекке тұратын отбасылар саны 50-60 мыңға артатыны болжанып отырғандығын атап өттi ол. «Қолжетiмдi баспана» бағдарламасы бойынша жыл сайын кезекте тұрған азаматтарға берiлетiн тұрғын үй саны – 6 мың. Нақты айтқанда жыл сайынғы кезекке тұрушылар көрсеткiшi қолданысқа берiлетiн баспана көрсеткiшiнен 10 есе артық болмақ. Бұл мәселенің заң тұрғысынан шешiмiн табу қажет екендiгi сөзсiз», – деп толықтырды Нокин.

Мақпал РЫСБАЕВА

Серік Нокин
Серік Нокин

Серік Нокин, ҚР Өңірлік даму министрінің орынбасары:

– Осы норма-ларға сәйкес мемлекеттік тұрғын үй қорынан бас-пана берілетін азаматтардың санаттары белгіленді. Әлеуметтік аз қамтылған азаматтарды кезекке тұрғызу кезінде олардың табыстары нақтыланады. Олардың бір айлық табысы отбасындағы әрбір адам басына шаққанда 3,1 ең төменгі күнкөріс көлемінен, яғни 57 846 теңгеден аспауы тиіс.

 

 

 

Дариға Назарбаева
Дариға Назарбаева

Дариға Назарбаева, ҚР Парламенті Мәжілісі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы:

– Заңнамалық негізде мемлекеттік тұрғын үй қорын жекешелендіруге тыйым салу қажет. Бұл – қазіргі уақытта аталған салада теріс пайдаланушылықты азайтудың жалғыз мүмкіндігі. Мүмкін жеке бір топтарды қалдыруға болар. Әйтпесе, кей пысықтар айлаға барып, бірнеше пәтерді иемденіп жатқан жәйттер бар. Ол мемлекет меншігі, мемлекеттің қаржысына салынған және мемлекет меншігінде қалуы тиіс. Тек мұрагерлік ретінде берілуін қарастырған жөн болар.