«Декреттік демалысқа» әжесінің шығуға құқы бар ма?

Сұрақ-Жауап:

Сағира, Сайрам ауданының тұрғыны:

– Келінім босанып еді. Жұмысы маңызды болғандықтан келінімнің орнына бала күтіміне байланысты сәбидің ата-апасы «декреттік» демалысқа шығуға болады дегенді естіп, бастығыма «бір жылға бала күтіміне байланысты демалыс беруіңізді өтінемін» деп арыз жазсам, «мұндайға рұқсат беретін заң жоқ» деп бет бақтырмай отыр. Не істесем болады?

Ғабит Акбердиев
Ғабит Акбердиев

Ғабит Акбердиев, ОҚО еңбек инспекция-сы жөніндегі басқармасының мемлекеттік еңбек инспекторы:

– Иә, егер баланың әжесі (атасы, не өзге туысы, қамқоршысы) іс-жүзінде балаға қарап отырған болса оған жұмыс беруші ҚР Еңбек Кодексінің 195 бабының 1 тармағын басшылыққа ала отырып баланың күтіміне байланысты жалақысы сақталмайтын демалыс беруге міндетті. Демалыс балаға қараушы адамның жазбаша өтініші негізінде оның қалауы бойынша толық немесе бөлініп пайдаланылуы мүмкін. Бұл уақытта қызметкердің жұмыс орны сақталып, жалпы және мамандығы бойынша жұмыс стажы есептеледі.