Еліміздің жолдарындағы жағдай аса қауіпті (бейнекадрлар)

743
Көлік саны артқан сайын жол апаттары да жиілеп кетті

2013 жылдың 6 айының ішінде Қазақстанда 8462 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан 1167 адам мерт болды. Ал жарақат алып, ауруханаға жеткізілгендердің саны он мың адамнан асып жығылады. Көңіл көншітпейтін бұл мәліметтерді ішкі істер министрлігінің жол полициясы комитетінің мамандары мәлімдеп отыр.

Көлік саны артқан сайын жол апаттары да жиілеп кетті
Көлік саны артқан сайын жол апаттары да жиілеп кетті
Тәртіп сақшыларының мәліметінше, өткен жылғымен салыстырғанда биылғы жол апатының саны 49 пайызға артқан. Тиісінше опат болған адамдар да көбейген. Әрбір жетінші жол-көлік оқиғасы халықаралық немесе республикалық маңызды жолдарда орын алатын көрінеді. Келеңсіз жағдайлардың туындауына, сол бұрынғыдай, жүргізушілердің жол жүру ережесін өрескел бұзуы себеп болып отыр. Оған статистика да дәлел бола алады. Тіркелген жол апаттарының 91 пайызға жуығы осы жүргізушілердің кесірінен болып отыр.
Жол апатына көбінесе жүргізушілер кінәлі
Жол апатына көбінесе жүргізушілер кінәлі

Бұл — жалпы Қазақстандағы жағдай. Ал Шымкенттегі ахуал қандай? Күнделікті көріп отырған оқиғаларға қарағанда, өңірімізде де жол апаты азаймағанын байқауға болады. Біздің қаламызда да соңы кісі өлімімен аяқталатын жол апаттары жиі тіркеліп отырады. Сондай оқиғалардың бірі таяуда ғана қаланың қақ ортасында орын алды.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=miEeCIGHSpQ[/youtube]

Жібек жолы және Мәделі қожа көшелерінің қиылысында БМВ және Опель Вектра көліктері қақтығысып қалған. БМВ көлігі жолдың қарсы бағытына шығып кетуі салдарынан 23 жастағы жүргізуші оқиға орнында опат болды. Ал «Опельдің» жүргізушісі мен екі жолаушы ауруханаға жеткізілді.

Сол күні Республика даңғылы мен Айбергенов көшесінің қиылысында тағы бір ірі жол-көлік оқиғасы болды. Абырой болғанда бұл жолы мерт болған адам жоқ. Алайда, Субару және Ауди көліктерінің қақтығысуы салдарынан жас қыз қатты зардап шекті. Ол басын көліктің теміріне ұрып алған.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=j4RiJdR_bu0[/youtube]

Куәгерлер тез арада жедел жәрдем қызметіне хабар берген. Дәрігерлер келіп, зардап шегушіні ауруханаға алып кетті.

Ал мына оқиғада екі жүк көлігі соқтығысып қалған. Цемент таситын Камаз бен HOWO көліктері Алматы-Шымкент тасжолын бөлісе алмай қалған секілді.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=c0yX6rpD4_k[/youtube]

Автобустардың мәселесі — өз алдына бір төбе тақырып. Шымкенттің жолаушылар тасымалдайтын қоғамдық көліктері халық аузына іліккені қашан. Тіпті, олар туралы анекдот та бар.

«Шымкенттік автобус жүргізушісі «Формула-1″ Гран-приіне қатысып, Михаэль Шумахэрден озып кетіпті. Ол тіпті жолдың шетінде қол көтеріп, айқайлап тұрған жанкүйерлерді автобус тоқтатып тұр деп ойлап, екі адамды мінгізіп алыпты.»

Әзіл — әзілімен. Алайда, шымкенттік жүргізушілердің жол үстінде жарысатыны ешкімге жасырын емес. Ол сөзімізге мына бейнекадр дәлел бола алады. Бәсекелестерінен қашып, кестесінен кешігіп келе жатқан жүргізуші жүйткіген күйі келіп, бағдаршамның қызыл түсіне де қарамастан қиылыстан өте шықты. Абырой болғанда бұрылыста тұрған өзге жүргізушілер автобусты өткізіп жіберді. Әйтпегенде жүйткудің соңы немен аяқталары белгісіз еді.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=Ym2ZG-HFJFA[/youtube]

Бір айта кетерлігі, өзгелердің өмірін қатерге тіккен жүргізуші жазадан құтылған жоқ. Қиылыстың арғы бетінде кезекшілікте тұрған жол полициясының қызметкерінің құрығына түсті.

Ал мына оқиғада жаяу жүргінші ажал аузынан қалды. Жарысқан екі автобус аялдама түскен келіншекті екі ортада қысып тастай жаздады.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=hMpThcDhsF4[/youtube]

Автобус жүргізушілері өздерін жолдың патшасымыз деп есептесе керек. Кез келген жерге тоқтай салғандарымен қоймай, жол үстіндегі өзге жүргізушілерге кедергі келтіретіндері жасырын емес. Міне, мына оқиғадағыдай:

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=gD1v0_O6Vpc[/youtube]

Қоғамдық көліктердің жүргізушілері тек жол жүру ережесін бұзып қана қоймайды. Олар көліктерінің техникалық ахуалына кейде пысқырып та қарамайды. Солардың бірі — мына автобустың жүргізушісі.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=ZtlcTM7JwZc[/youtube]

Осы бейнекадрдағы автобус жүргізушісі тиісті мамандар тарапынан жазасын алды деп сенеміз. Себебі, егер қателеспесек, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мамандары тарапынан техникалық ақаулығы жөнделмеген, көк түтінді бұрқыратып жүретін қоғамдық көліктерге бақылау жасалуы тиіс болатын.

Шынын айту керек, жол апатының барлығын бірдей жүргізушілер жасай бермейді. Кейде жаяу жүргіншілердің өздері де қауіпті жағдайдың туындауына себепкер болады. Оған мына бейнекадрларды көрсеңіз көз жеткізесіз.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=hLOIEndEm6s[/youtube]

Асыққан екі қыз бағдаршамның қызыл түсі жанып тұрғанына қарамастан көшеден жүгіріп өтіп кетпек болды. Құдай сақтағанда жүргізуші көлікті дер кезінде тежеп үлгерген.

Мына жүргінші аялдамадан жүгіріп шығып, көліктің астына түсіп кете жаздады. Аяладама ұялы телефонмен сөйлесіп тұрған жігіт кенеттен жолдың қарсы бетіне жүгіре жөнелді. Абырой болғанда аздап жарақат алғаны болмаса жас жігіттің жаны аман қалды.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=J7jf4mjc6Z8[/youtube]

Ал екінші оқиғада үлкен кісі жолдың өтуге аранйы белгісі жоқ тұсынан қарсы бетке өтіп кетпек болады. Дегенмен, жай басып, жолдың орта тұсына жеткенде екі жақтан келіп қалған екі көлік қарт кісіні қақпас үшін бір-бірімен соғысуға мәжбүр болды.

Қалай болғанда да жол үстінде жүргенде жаяу жүргіншілердің де, жүргізушілердің де барынша абай болғаны абзал. Себебі, қауіпті жағдай кез келге сәтте туындай қалуы мүмкін.