Гиппократтың барлық аурудың емі күн деп айтып кеткені белгілі. Ультракүлгін сәуленің әсерінен тері тез қызарып, оның зат алмасуы, қан айналымы жақсаратын көрінеді. Терідегі минерал заттардың алмасуын қалыптастыратын «Д» дәрумені көбейіп, сынғыш, әлсіз сүйектің жетілуіне, қажетті дәруменді сіңіруге себеп болады. Сондай-ақ, тіс, тырнақ, шашқа ең қажетті кальцийді алмастыруға көмектеседі. Ең бас-тысы, күн сәулесі арқылы терідегі саңырауқұлақты аурулардың микробтарын жоюға болады. Күнге күю әртүрлі тері ауруларын (терлегіштік, безеу тағы басқа) емдеуге пайдалы. Қысқасы, күн сәулесінің адам ағзасына пайдасы жетерлік. Дегенмен, дәрігерлер күнде көп жүруге болмайтынын ескертеді.
Мамандардың айтуынша, күннің астында ұзақ уақыт жүру салдарынан түрлі тері аурулары пайда болады. Мәселен, Облыстық тері-венерологиялық диспансердің дерматовенерология бөліміне түсетін науқастардың бір айда 15-20-сы фотодерматит деген диаг-нозбен ауыратындар екен.
Фотодерматит – күн сәулесінен пайда болатын ауру. Адамның денесінде бөртпелер пайда болып қышып, мазаны алады. Көбіне бетке, мойынға, қол-аяққа шығады. Бұл ауру арнайы мамандардың бақылауымен емделеді. Сондай-ақ, дәрігерлердің айтуынша, күн көзінде шамадан көп қыздырыну тері обырына әкеп соқтырады. Әсіресе, терісі аққұба, сепкілге бейім жандардың күн көзінде ұзақ жүруіне немесе қыздырынуына болмайды екен.
Тері обыры – қатерлі ісік. Мамандардың айтуынша, қауіпті онкологиялық ауруға әртүрлі жастағы адамдар, әсіресе 15 пен 39 жас аралығындағы нәзікжандылар шалдығады екен. Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымы мамандарының мәліметінше тері обыры бойынша Дания елі көш басында тұрса, екінші орында – Австралия мен Швеция, үшінші орында Германия тұр.
Тері обыры дененің ашық жерінде, әсіресе бетте пайда болады. Яғни ісік маңдайда, мұрында, көздің маңайы мен желке, құлақ қалқаны маңайында жиі кездеседі. Ісік — жалақ жара, түйіндақ немесе түйін түрінде кездеседі. Алғашында теріде бір немесе бірнеше түйін пайда болады. Науқастың еш жері ауырып, дене қызуы көтерілмегендіктен ол дәрігердің көмегіне жүгінбейді. Уақыт өте ісік ұлғайып, қанап, ауырып, мазаны алады. Мамандар тері обырын хирургиялық жолмен емдеуге мүмкіншілік бар екенін айтады. Ісікті кесіп алып тастауға, қатыруға (криодеструкциялау), тоқпен күйдіруге (электрокоагуляция) болады. Қосымша әдіс ретінде сәулелік терапия қолданылады. Сондай-ақ, ісікті емдеу үшін дәрігерлер теріге физикалық, химиялық қоздырғыштардың әсерін азайту керектігін айтады. Сондай-ақ, ультракүлгін күн сәулесін артық қабылдамау, темекі шегуді тоқтату, теріге түсетін қоздырғыш заттармен қарым — қатынасты азайту керек. Нәрлендіруші және күннен қорғайтын майларды үнемі қолданған жөн. Обыр ауруы байқалысымен уақытында дәрігерге көрініп, емделу керек.
Күн сәулесінің пайдасы да зияны да жетерлік. Ендеше, «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеп» қатерлі дертке душар болмас үшін қауіпсіздік шараларын сақтағанымыз жөн.
Дайындаған – Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ
Мая Баймұратова, дәрігер-дерматовенеролог:
– Жаз мезгілінде сағат 11.00 мен 16.00 аралығында күн көзінде жүруге болмайды. Жазда қалпақ, көзілдірік және шыт матадан тігілген жеңіл киім кию керек. Ал, күнге аллергиясы бар азаматтардың ұзын жеңді көйлек кигені абзал. Жаз маусымында жағажайға барып шомылып, күнге қыздырынбақ болсаңыз дәріханаларда сатылатын арнайы күн көзінен сақтайтын кремдерді қолданғаныңыз жөн. Кремді нұсқаулық бойынша пайдаланыңыз. Қалай десек те, күн көзінде шамадан көп уақыт жүрмегеніңіз дұрыс.