Бүгін өңірімізде кешенді тестілеу науқаны басталды. Шымкент, Түркістан, Мақтарал аудандарында 4 күн бойы 5 300 талапкер білім көрсеткіші таразыға түседі. Оған арнаулы оқу орнын, лицейді бітіріп немесе алдыңғы жылдары ҰБТ -да сүрінгендер қатысады.
Қаламызда 3 тестілеу орталық жұмыс жасап отыр. Білім сынағын ҚР Білім Министрлігінен арнайы шақырылған 7 өкіл қадағалап жатыр. Аудиторияға арнайы комиссиядан басқа, бөгде ешкім кіргізіліп жатқан жоқ.
Ғимарат табалдырығанда металл тексеретін арнайы қондырғы орнатылған. Әзірге ешқандай ұялы телефон, техникалық құралдар немесе көмек қағаздары табылмапты. Ал ата-аналар сынақ барысын есік алдында арнайы ілінген монитор арқылы көріп, куә болып жүр.
Ержан Әмірбекұлы, ҚР Білім Министрлік өкілі: «Қазіргі таңда талапкерлердің 98-99 процентке жуығы келді. Белгілі бір себептермен келмей қалған студенттердің тізімі бар абитуриенттердің. Біз оларды анықтап жатырмыз. Әзіргі жағдайда ешқандай төтенше жағдай тіркелген жоқ, барлығы қалыпты жағдайда өтіп жатыр».