ОҚО әкімінің орынбасары қоғамдық қабылдау өткізді

Қабылдауға 7 азамат келді

 

Қабылдауға 7 азамат келді
Қабылдауға 7 азамат келді

Облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қаныбеков сайрамдық тұрғындармен кездесті. Басым бөлігі әлеуметтік мәселелерге арналған кездесуде шенеунік тиісті жауабын беріп, барлығының да заң жүзінде шешімін табатынын түсіндірді. 

Қабылдауға келген азаматтың бірі Ілияс Шадманұлы Сайрам ауданына қарасты Әсіл ауылының төбе биі. Ауыл маңынан «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» жолының түсе бастауы сол екен, содан бері ақсақалдан маза кетті. Өйткені, Әсілдегі жалғыз көпір шұрық тесікке айналып, құрып барады. Үлкен жол жабылғасын, жүк көліктерінің негізгі легі осы өткелден өтсе керек.

Ілияс ШАДМАНҰЛЫ, Әсіл ауылының төбе биі
Ілияс ШАДМАНҰЛЫ, Әсіл ауылының төбе биі

Сайрамға облыстан шенді келеді дегенді естігеннен , Ілияс қарт тыныштық таппады, кездесуге асыкты. Ауылдан сайланған халық қалаулысын ертіп, облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қаныбековтың қабылдауына бет алды.

Ауылдың әкімі де осында. Қолындағы апатты көпірдің суретін басшылыққа көрсетіп, мәселенің шешімін табайық деп ойын ортаға салды. Жалғыз ойы-өз басының қамы емес, халық пайдаланатын көпір жайы.

Әсілдегі көпір 2014 жылы ғана жөнделеді. Жауапты тараптың түйген ойы осы. Бірақ оған дейін ауыл көпірі шыдай қояр ма? Өйткені, өткелдің апаттылығына қарамастан ол жерден өтіп жатқан көліктер толастар емес.

Қазіргі күні әсілдіктер ауылдағы жалғыз өткелді әзер сақтауда. Тесілген тұсына топырақ төгіп, илалаған болады. Бірақ бұл қауіптен құтқармайды. Керісінше, судың ағысын бөгеп, істің кері кетуіне себеп болуда. Ал Ілияс қарттың кешегі қабылдаудан жалғыз үміті бар. Атайға Сәкен Қаныбеков арнайы жұмыс тобымен бірге осында келетінін айтты. Сол шақта өткелдің қаншалықты апатты екені зерттеліп, соған қарай мәселе шешіледі деп сөзін берді.

Осылайша, қоғамдық қабылдауға келген азаматтар жеке басының қамын күйттеп келген жоқ. Бірі ауданнан кәсіптік мектеп ашайық десе, екіншісі би орталығын құруды ұсынды. Сайрамдық жұрттың мұңына қаныққан облыс әкімінің орынбасары барлық істің ақ-қарасын сала мамандарынан да сұрап білді. Екі тараптың жауабын тыңдап, күрделісін заң аясында шешуді ұсынды.

Бас-аяғы бір сағаттың ішінде Сәкен Қаныбеков арызбен келген 7 азаматты қабылдады. Бұған дейін ол Қазығұрттың тұрғындарының мұқтажын тыңдап еді. Енді шілде айының екінші онкүндігінде Шардараның жұртымен кездесу өткізеді.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=GCSE3iJ8thA[/youtube]