Өлкедегі астық түсімі биыл екі есеге артық орындалуы мүмкін. Осыған орай «нан бағасы арзандауы мүмкін бе?» деген сұраққа ауыл шаруашылығы мамандары «нарық шешеді» деп жауап береді. Мұндай жауапты тілшіміз Түлкібастағы астық орағы кезінде облыстың бас шаруасынан сұрап білді.
Кершетас ауылындағы «Бес жал» өндірістік кооперативі тұқымдық бидай дайындайды. 2 мың гектарға дәнді-дақыл еккен қожалық биылғы орақтан көп өнім алудан үмітті. Былтыр әр гектардан мардымсыз түсім алып, қиналып еді.
Спабек Истанбеков, «Бес жал» ӨК төрағасы: «Астық түсімі нашар болды былтырғы жылы. Биыл жақсы. 35-40 центнерден болып жатыр Құдай қаласа. Мемлекеттен көмек уақытылы берілді биыл. Тыңайтқыштар ерте көктемде берілді».
Қуанатын жәйт, биыл былтырғымен салыстырғанда екі есеге артық астық жиналуы мүмкін. Бұл дегеніңіз өңірде, жалпы елімізде нан көп болады. Осыған байланысты ас атасы арзандауы мүмкін бе? Бұл сұраққа облыстық ауылшаруашылық басқармасындағылар объективті түрде жауап қатады.
Қанатбек Оспанбеков, облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы: «Жалпы облыс халқының 56 пайызы ауыл жерлерде тұрады. 80 пайызы ауылшаруашылығымен айналысады. Өздері егіп алады. Солар өздерінің астығын, өздеріне нанға пайдаланады. Сондықтан халыққа өнімділік оң әсерін тигізеді деп ойлаймыз».
Облыс бойынша 180 мың гектарға дәнді-дақыл егілген. Соның 70 мың гектары жиылып алынды. Қазіргі түсім 19-20 центнердің төңірегінде. Осы деммен бидайды төкпей-шашпай жиып алсақ, 15 тамызға дейін облыс шаруалары 350 мың тоннаның көлемінде астық алуы мүмкін. Былтыр бұл көрсеткіш небары 170 мың тонна болған еді.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=fVyeGEMGrhQ[/youtube]