Шымкентте облыс әкімі А. Мырзахметовтың жүлдесі үшін көңілді тапқырлар клубы (КТК) ойындары өтті.
“Жайдарманның” айтулы көңілді кешін әдеттегідей Есен Елеукен жүргізді. Өнер додасына еліміздің танымал 9 құрамасы (Аралдан келген “Аралас Ас”, астаналық “Демеушіміз Болашақ”, Қызылорданың мақтанышы “Тұңғыш Астана”, Алматыдан “Алматы құрамасы” мен “Жаснар”, Семейден “альянстықтар”, Шудың өнерпаздары “Шу-Чу” және жерлестеріміз “Шымкент”құрамасы мен “Ассорти”) жолдама алған. Олардың өнерін қазылар алқасы (ОҚО Жастар сасаты мәселелері басқармасы бастығының орынбасары Б.Жанәбіл, спорт шебері Е.Шынәлиев, “Шымкент жастары” МКМ директоры Е.Айтбаев, әртіс М.Достаев, режессер Ш.Орынбаев) бағалап отырды.
Павлодарлық «Біз қазақпыз» құрамасы ойынды басталысымен-ақ, салмағы ауыр әзілді ұсынды. Мемлекеттік тілдің маңызын бойлаған олар көрерменге ерекше әсер сыйлады. Олар 2009 жылдан бері “Жайдарманның” сахнасын жандандырып жүр. Жас өнерпаздар облыс әкімінің жүлдесі тігілген ойынға үлкен дайындықпен келіпті. Әзілдерімен ақиқат астасқандай.
«Біз қазақпыз»: “Ешқандай қорқыныш жоқ, қайта қуанып жүрміз. Бірінші рет ойнап жатқан жоқпыз. Көптеген сахналар көргенбіз. Бірақ Шымкент қаласының сахнасында бірінші рет ойнадық. Жүлдеден үміт бар, ынта-жігер, ниет бәрі бар. Біздің құрама өзгелерден оқ бойы озық тұрады, себебі біздің жігіттер Қайрат Нұртастың, Бекболат Тілеуханның, Мейрамбек Беспаевтың образын сомдай алады. Сосын екі орыс бар қазақшаны судай білетін. Әдемі және әзілқой хабарлаушымыз бар. Стиліміз осы ғой жалпы, Солтүстікті бәрі орысшаланған өлке деп жатады. Мына екі орыс досымызды алып шығамыз, өзіміз бармыз дегендей. Осылайша бұл идеологияны құртамыз”.
Түркістандық “Ассорти” құрамасы ойынды “Қыз ғұмыры” әзілінен бастады. Көпшілікке күлкінің дәруменін сыйлауға тырысқанымен, қазылар алқасының көңілінен шыға алмады. Еліктеушілік былай тұрғанда, ұрланған әзілдер қойылды деп отыр. Ал Есен Елеукен Оңтүстікте әзілдің кенжелеп қалғанына ұйымдастырушыларды кінәлады.
Есен Елеукен, “Қазақстан КВН Одағы” республикалық жастар қб-ның президенті: “Енді
қазір мысалы үшін Оңтүстіктің командалары қатысып жүр. Сәйкесінше осындай арзан әзіл немесе осындай бағытты ұсынғаннан кейін өздерінің нәтижесін алып жатыр. Мысалы үшін биылғы жылы жартылай финалда өкінішке орай жыл сайын шымкенттік командалар болатын еді. Биыл жоқ. Ешқандай көрінбеді. Бұл нені білдіреді?! Әрине, жергілікті командалар, ең бастысы жергілікті ұйымдастырушылар басқа бағыт алмаса, басқа бағытта жұмыс жасамаса бұның арты осылай төмен қарай кете берері сөзсіз”.
Ал әрдайым КТК-ның басы-қасында жүріп, ойыншылармен жұмыс жүргізетін “Жастар Орталығы” МКМ басшылығы бар кемшілікті “Жайдарман” студиясына артты. Мекеме директоры Ханай Әшірбеков “Біз тек ұйымдастырушы ретінде қаржылық жағынан қамтамасыз етеміз, олардың әзілін қадағаламаймыз. Бұған “Жайдарман” арнайы студиясы жауап береді” деп ақталды. Айта кетейік, бұл өнер бәсекесіне облыстық бюджеттен 1 млн. 500 мың теңге қаржы қаралған. Облыс әкімі миллондап қаржы жұмсап, жағдай жасап отырғанымен, ұйымдастырушылардың әзілкештер әзіліне қарауға мұршасы болмаған сияқты.
Аида Оңғарбаева, көрермен: “КВН өте қызықты өтіп жатыр. Әсіресе “Жаснарлықтар”, Павлодардан келген “Біз қазақпыз” өте керемет әзілдерін ұсынып жатыр. Бір өкініштісі біздің жерлестеріміздің қызықты ойындарын байқап жатқан жоқпыз. Күлдіремін деп анайы әзілдер айтып, өздері ұялып қалып жатыр”.
Сонымен, 9 құрама қатысқан ойында облыс әкімінің кубогын (200 мың теңге) астаналық “Демеушіміз болашақ” құрамасы жеңіп алды. 1-орынды (150 мың теңге) Алматы қаласының құрамасы иеленді. 2-орын (100 мың теңге) “жаснарлықтарға” бұйырды. 3-орынды (50 мың теңге) Екібастұздан келген “Біз қазақпыз” ойыншылары місе тұтты. Өкініштісі, шымкенттік өнерпаздар бұл жолы да жүлдеден шет қалды.