Қарағанды және Астана қаласынан келген шәкірттер 10 күн ішінде өлкенің тыныс-тіршілігімен етене танысуы тиіс. Осылайша түрлі ұлт өкілдерінің Оңтүстікте бір атаның баласындай ғұмыр кешіп жүргеніне куә болды олар. Ынтымақтың, ауызбіршіліктің сырын білуге асықты. Сұрақ-жауапқа ұласқан кездесу кеште озат оқушылар тосылып қалмады.
Әсем Ирагим, оқушы: «Мен Шымкент қаласына алғаш рет келіп отырмын. Бүгін экспедициямыздың 10-шы күні. Осы күндер ішінде біз өңірде әр түрлі ұлт өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатқанына көзіміз жетті. Шымкент қаласы бізді өте жылы қарсы алды. Тұрғындары да еңбекқор, кішіпейіл. Тарихи орындарға Түркістан қаласына да бардық. Оңтүстіктегі қасиетті жерлерді көріп таң қалдым. Алла қаласа келешекте отбасыммен келмекпін».
«Ұлы Жібек жолы» экспедициясы құрамында астаналық Назарбаев зияткерлік мектебінің 48 оқушысы бар. Бұл мүмкіндікке ие болу үшін олар жыл бойы еңбектенеді. Шымкентке ұстаздармен келу де талай шәкірттің арманы болыпты.
Салтанат Омарова, экспедиция жетекшісі: «Оқушыларды жай ғана клас-класқа бөліп келген жоқпыз. Жыл бойы оқушылардың білімі, жалпы олардың мынау интеллектуалдық деңгейлері сараланды. Қоғамдық жұмыстарға қатысулары. Міне, осы бойынша мектебімізде «Шаңырақ» акциясы жұмыс жасайды. Осы жерде олар бонустарын жинап, жыл бойы ең көп бонус жинаған екі «Шаңырақ» тобы келіп тұр.
«Туған елге тағзым» экспедициялық топ белсенділері ҚР-ның халықаралық дәрежедегі спорт шебері Әлия Юсупова, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушы Есбол Жүсіпов, жазушы, қоғам қайраткері Мархабат Байғұт, ақын Әбілда Аймақ сынды Оңтүстіктің мақтанышына айналған тұлғалармен кездесті. Көкейдегі сауалдарды ортаға салды. Мұндай маңызды кездесуді күтпеген оқушылар мәз-мейрам. Солардың бірі Мәдина Тұяқ. Астана қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы. Шәкірт кеш қонақтарына сауал қойып, ізденумен қатар, өзінің ғылыми жұмысын жазып жүр.
Мәдина Тұяқ, оқушы: «Біз Шымкентте жүріп, көп жерлерге бардық. Бүгін де көптеген Қазақстанға белгілі адамдармен кездесіп жатырмыз. Әлия Юсуповамен кездестік. Еңбекқор және батырлығымен танылған әпкеміздің бойынан көп нәрсені үйренуге болады. Алдын тек теледидардан көретін едік, бүгін өзіміз сұрақ қойып жатырмыз. Бұл біз үшін үлкен мәртебе деп білемін. Менің ғылыми зерттеу жұмысымның тақырыбы 3 тілдік саясаттың дамуына әсер етуші факторлар. Осы Шымкен қаласына, ОҚО-ға келудегі мақсатымыз зерттеу жұмысына арналған барлық мәліметтерді жинау еді. Сондықтан мен және менімен бірге жұмыс істейтін тағы бір оқушы сұрақтар, тестілер, болжамдық тестілер, ағылшы, орыс және қазақ тілдерінен дайындап әкелдік. Осы Қазығұрт ауданы, Тұрбат ауылына барғанда, Сайрам су өлкелеріне барғанда, басқа да қорықтарға барғанда біз тұрғындардан сол тесттерге жауаптар алдық. Сонымен сухбаттар алдық. Сұрақтар қойылды, басқа да статистикалық мәліметтер алынды. Енді біздің жоспарларымыз бойынша Астанаға келіп, барлығын түгендейміз да жобамызды бітіреміз».
Оңтүстіктің ғана емес, еліміздің арқа тұтар азаматтары ел өткені мен бүгінін таразылайтын ойлы сөздермен қорытындылады кешті. Зейінді оқушылар ойларының ұшқырлығына тәнті болды олар. Айтпақшы, экспедиция аяқталғаннан кейін, алдағы оқу жылында жинақталған мәліметке толы оқушылар еңбегі мектеп кітапханасына беріледі.