– Былтырғы жылы біз «Нұрсәт» шағынауданынан жалдамалы пәтерге ие болғанбыз. Пәтерді жекешелендіруге мүмкіндігіміз бар ма? Оның талаптары қандай?
Рахима ДӘрібаева, «Нұрсәт» шағынауданының тұрғыны
Гүлнар ӘШІРБАЕВА, Шымкент қалалық тұрғын-үй секторының меңгерушісі:
— Еліміздің «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 13 бабына сәйкес, азаматтар Қазақстан Республикасының аумағында мемлекеттiк тұрғын үй қорынан бір тұрғын үйді ғана жекешелендіруге құқылы. Мемлекеттiк тұрғын үй қорынан өздерi тұратын тұрғын үйлердi меншiгiне тегін алуға төмендегі азаматтар құқылы: 1) Ұлы Отан соғысының мүгедектерi мен қатысушылары; 2) 1 және 2-топтағы мүгедектер; 3) Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың, басқа да радиациялық апаттар мен азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi авариялардың салдарларын жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтар мен оқу-жаттығуларға тiкелей қатысқан адамдар; 4) Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен Қазақстан Республикасының азаматтары; 5) бұрынғы Кеңестiк Социалистiк Республикалар Одағын қорғау кезiнде, әскери қызметтiң өзге де мiндеттерiн басқа кезеңдерде орындау кезiнде немесе майданда болуға байланыс-ты ауруға шалдығу салдарынан, сондай-ақ Ауғанстанда немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген басқа да мемлекеттерде әскери қызметiн өткеру кезiнде жаралану, контузия алу, мертiгу салдарынан мүгедек болған әскери қызметшiлер; 6) Арал маңындағы экологиялық қасiрет салдарынан зардап шеккен Қазақстан Республикасының азаматтары; 7) күнтiзбемен есептегенде жиырма және одан да көп жыл еңбек сiңiрген әскери қызметшiлер; 8) ғарышкерлiкке кандидаттар, ғарышкерлер. Қазақстан Республикасының қалған азаматтары тұрғын үйдi қалдық құны бойынша жекешелендiре алады.
Мақпал РЫСБАЕВА