Төреайым Сұлтанова

Депутат болу – ер-азамат үшін үлкен сын. Бүтін бір елдің аманатын арқалап, мәселесін шешу ақыл, қайрат пен үлкен жүректі қажет етеді. Ал осындай міндет әйел баласына бұйырса ше? Бұл — екі есе еңбек, екі есе жауапкершілік. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз Төреайым Сұлтанова да осы талаптың үдесінен шығып, халықтың қалаулысы атанып отыр.

Төреайым Сұлтанова
Төреайым Сұлтанова

Шымкент қалалық мәслихатының депутаты, жеке кәсіпкер Төреайым Жолдыбайқызы жолдасы Жорабек Мұсабаев екеуі бір қыз, екі ұл тәрбиелеп, 3 немере сүйіп отырған бақытты отбасы.

– Мен ОҚО Сайрам ауданындағы бұрынғы Теспе, қазіргі Құрманбек Жандарбеков ауылының тумасымын. Отбасымызда 1 ұл, 6 қызбыз. Анам қыздарын жастайынан үй шаруасына баулыды. Ал әкем балаларының жақсы азамат болып қалыптасуы үшін бар күш-жігерін аямайтын. Бәрімізді оқытты, аяққа тұрғызды, – дейді Төреайым Жолдыбайқызы.

Бала кезінен дәрігер болуды армандаған Төреайым мектепті тәмамдағанда ойланбастан-ақ Алматы мемлекеттік медицина институтының Шымкенттегі филиалына құжат тапсырып, оқуға түседі. Ақыл-парасатымен, зеректігімен, үздік үлгерімімен қатарының алды болды. 1984 жылы оқуын тәмамдап тұрмысқа шығып, үлкен бір әулеттің келіні атанады. Сәлемі түзу жас келін ағайын-туыстың, көрші-қолаңның алдын кесіп өтпей, орамалын басынан тастамайтын. Енесінің жағдайын жасап, айтеуір бабын табуға тырысады. Абысын-ажынымен де, қайынсіңлілерімен де тіл табыса біледі. Өз кезегінде енесі де келінінің мамандығы бойынша жұмыс істеп, тәжірибе жинақтағанын қаласа керек. Осылайша, Төреайым мен Жорабек Шымкентке қоныс аударады. Фармацевт-дәрігер мамандығын игерген кейіпкеріміз қаладағы №152 Абай аудандық дәріханасында екі жылға жуық абыройлы қызмет етеді. 1986 жылы Төреайым мен Жорабек ұлды болған. Артынан Айнұр мен Сардар дүниеге келеді. Жас балаларымен бірнеше жыл үйде отырған Төреайым қайтадан жұмысқа шығуға бел буа-ды. Сөйтіп, бүлдіршіндерін анасы Мейіркүлге қалдырып, Шымкенттегі №1 қалалық емханаға жұмысқа орналасады.

– 2011 жылы қарашада қалалық мәслихатта сайлау жұмыстары бас-талды. Емхана ұжымы №11 сайлау округінен менің кандидатурамды ұсынды. Халықтың қолдауымен, сайлаудан жеңіп шықтым, – дейді Төреайым Сұлтанова мәслихаттқа келген кезін есіне алып.

Ізденімпаз әрі еңбекқор ол қызметте жүріп-ақ біліктілігін арттыру мақсатында аспирантураны тәмамдап, фармацевтика ғылымдарының кандидаты, доцент атанады. «Алла Тағала бұйыртса докторлықты да қорғаймын», – дейді Төреайым болашағына бағдар жасап.

– Өз басым «жоқ» деп қол қусырып отыратын жандардың қатарынан емеспін. Қолымнан келгенше кез-келген саланы игеріп әкетуге барымды саламын. Осы орайда «Көз қорқақ қол батыр» деген қағиданы ұстанып, жеке кәсіппен айналысуға бел будым. Қалада бөлшек саудамен айналысатын бірнеше дәріхана мен «Ай нұры» деп аталатын медициналық орталық аштым. «Қызымды қияға, ұлымды ұяға қондырдым. Шүкір, қыздан да, ұлдан да немерем бар. Жұмысым алға басып, халықтың да көңілінен шығуға тырысып жүрміз. Бұдан асқан бақыт жоқ шығар, сірә».

– Күні бүгінге дейін қол жеткізген жетістіктерімнен гөрі әйелдік борышым, босағамның іргесіндегі келіндік міндетімді бірінші орынға қоямын. Мен үшін атақ-даңқтан, мансаптан киелі шаңырағымның шаттығы биік. Ата-анам маған осылай тәрбие берді.Халық арасында билік басындағы әйелдер үй-шаруасымен айналыспайды деген пікір қалыптасқан. Бәлкім жұрт мені де ақсаусақ деп ойлайтын шығар. Олай емес. Қарапайым әйелдерден артықшылығым жоқ. Мен де үй-шаруасымен айналысып, ас әзірлеймін. Балаларымның тәрбиесіне көңіл бөліп, сабағын қадағалаймын. Қолым қалт етсе телехикаяларды көріп, ондағы кейіпкерлермен бірге көз жасымды сығып аламын, – дейді депутат ханым.

Билік басындағы бикеш – Төреайым Жолдыбайқызының жанұясы, жұмысы, депутаттық қызметі осындай. Билікке де, үй шаруасына да үлгеріп жүрген іскер ханымға тек сәттілік тілейміз. Ал, сіз отбасы мен қызметін қатар алып жүретін әйелдер жайлы не ойлайсыз? Ортаға салар ойыңыз болса, пікір білдіріңіз, қадірлі оқырман.

Айжан Ермекқызы