«Әлеуметтік желілер жорналшылар үшін». Бүгін «Отырар» телеарнасында осы тақырыпқа арналған семинар-тренинг өтті. Арнайы шараны американдық тілші, көптеген әлемдік деңгейдегі саяси-әлеуметтік басылымдарда қызмет еткен Соня Смит жүргізді. Жаңашыл жиынға өңіріміздегі бірқатар телеарна-газет тілшілерімен бірге, әлеуметтік желілердің белсенді тұтынушылары қатысып отыр. «Фейсбук» және «Твиттер»-де қолдану аясын жіліктеп түсіндірген маман, әріптестерімізге желіні хабар жәшігі ретінде қолдануды ұсынды. Бұған қоса кең жолақты ғаламтор мүмкіндігі ақпаратты Қазақстанға ғана емес, дүние жүзіне жедел жеткізуде маңызы артып отыр.
Соня Смит, Texas Monthly газетінің тілшісі: «Мен тілшілерге әлеуметтік желілерде жұмыс істеуді ұсынамын. Себебі мұнда уақытты тиімді пайдалануға болады. Жаңалықтың 70 пайызын қарапайым тұтынушылар жазып отырады. Ең бастысы тараған ақпараттың жалған немесе шын екенін бірнеше минуттың ішінде анықтай аласыз. Оқырмандар да Сіздерге дер кезінде пікір білдіреді».
Әріптесінің осы пікірін қолдаған жерлестеріміз әлеуметтік желіде жұмыс жасау барысы оларға жаңалық еместігін жеткізді.
Жандос Қалтаев, әлеуметтік желілердің белсенді тұтынушысы: «Мен негізі әлеуметтік желіде жұмыс жасауды қолдаймын. Мәселен, өткенде біздің өңірде ұшақ апаты орын алды ғой. Сол қаралы жағдайды біз телеарна, басылымдардан бұрын әлеуметтік желілерде жарияладық. Менің сол маңда тұратын достарым хабарласып айтты. Мен тез арада оны жарялап жібердім. 1 сағаттай уақыт өтісімен телеарналардан көрсете бастады. Міне, осы жеделдік жағына келгенде өте тиімді деп айта аламын. Ашық және жабық информация деп жатады ғой, солардың барлығы осы желілерде көптің көмегімен жазылып тұрады. Ал бүгінгі семинарға келетін болсақ, Соня Смит негізі Қазақстанға өзінің мақсаттары бойынша келген болуы керек. Өзіне қажетті мәліметтер алуы үшін. Қазақстанда жалпы әлеуметтік желілердің қолданылушылардың саны қандай, әлеуеті қандай, болашағы қандай деген сияқты мақсаттарымен осында отыр. Бірақ менің ойымша еліміздің белсенді жастары мен журналистері осы Соня Смит айтқан мәліметтердің 95 пайызын біледі деп ойлаймын. Ешқандай жаңа бағытты байқамадық. Бұдан бөлек бір ұнамаған жәйт бұл жерде аудармашының көп қателіктерін байқадық. Себебі жақында Түркияда болған қозғалыстарды революция деп аударып отыр. Осындай көптеген кемшіліктер болып жатыр. Ал өзіме келетін болсам, жаңа дүниені үйрену үшін келгенмін бүгін. Бірақ, өкініштісі ондай ешнәрсе ала алған жоқпын. Бірақ шетел азаматтарының әлеуметтік желілерге қатты қызығушылығы мол екенін білдім».
ӘріптестерімізСеминар-тренингтен ешқандай мәлімет немесе жаңа дүние үйрене алмай қайтты. Тек әлеуметтік желінің қай жылдары пайда болғаны және танымал тұлғалардың жариялау қағаздарымен таныстырған маманның дәрісін тыңдаумен шектелді. Жаңа технология көш ілгері дамыған заманда Соня Смиттің қазақстандықтар туралы «бұл» пікіріне реніш білдіргендер де болды.