Бүгін тапа-тал түсте қаланың орталығы қан жоса болды. Атылған оқ ауладағы бала түгіл ересектердің зәресін алды. Қаладағы қанды оқиғаның куәгерлерінің айтуынша, қаруланған бірнеше адам көпқабатты үйдің ауласына кірген бойда оқ жаудыра бастаған. Дүйім жұртты дүрліктірген оқиғаны анықтауға біз де тырыстық.
Қанды оқиғаның куәгері 10 жасар Сәбина Асади. Бізге түс ауа ұйыған қанның іздерін көрсетіп жүр. Үй алдында орын алған жәйт бүлдіршіннің көз алдынан кетпейді. Қорыққаны соншалықты, көрген-білгенін дұрыстап баяндап та бере алмады.
Сәбина Асади: «Мен ол кезде үй алдында достарммен ойнап жүр едім. Бір ағайлар келіп, үй алдында оқ жаудырды. Көзімізше атып салды. Мен мұны ешқашан ұмытпаймын».
Үй алдында оқ жаудырғандар — ит ататындар болып шықты. Ауладағы қаңғыбас ит пен мысықты аулауға келгендер, хайуандарды қууға ерінген болар, бірден шүріппені басуға кірісіпті. Қантөгіс бүлдіршіндер тұрмақ, үлкендерді де дүрліктірген.
Светлана Шаповалова, Қазыбек би көшесі №196 үйдің тұрғыны: «Дауысы қатты шықты
мылтықтың. Зәрем қалмай, далаға шықтым. Сөйтсем атыс басталып кетіпті. Бәрінен бұрын балалар мысықтарын бергісі келмей жүгірді. Балаларға оқ тиіп кете ме қорықтым. Неткен қатыгездік бұл?!»
Бір қызығы қанды оқиғаның балалар көзінше орын алуынан Шымкент қалалық ветеринар бөлімі басшылығы да бейхабар. Мекеменің мамандары алғашында қарудың дыбысы шықпайды, инеге ұқсас пішінде дегенімен, сөз соңында жаңылысып кетті. Айтпақшы, аулау шарасы алдын-ала тұрғындарға хабарланбаған.
Төрәлі Жұбанов, Шымкент қалалық ветеринарлық бөлімінің бас маманы: «Балалардың көзінше аулауға болмайды. Оны айтуға тиісті, айтқан да шығар. Оған біз қасында болған жоқпыз ғой. Қазір оны инемен аулайды. Дыбысы шығады оның мылтық құсап».
Қаңғыбас иттерді аулау ережесі жылдар бойы бекітілмеген екен. Тек тұрғындар тілегі бойынша ғана аулауға құқылы. Биыл ереже облыстық мәслихат қарауына ұсынылыпты. Бұған қарамай, әзірге үй алдында оқ жауып жатыр.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=cy2leZcP86s[/youtube]