Қасиетті Ораза айының келуіне орай, шымкенттік жолаушы тасымалдайтын компаниялардың басшылары бірнеше қалалық бағыттағы көліктерде жол жүруді ақысыз етуді ұйғарды.
Демалыс күні №84 бағытында екі, ал №74, 4, 6 және 58 бағыттарында 1 автобустан тегін жүрді.
Шымкент қаласының бас имамы Ербосын Орын «Ораза айындағы бұл шара халықтың береке-бірлігін арттыру» дейді. Айтуынша, автобустардың тегін қызмет етуі Рамазан айының соңғы күндерінің бірінде де жалғаспақ. Сонымен қатар, қаланың бас имамы шаһарымыздағы жетім-жесір, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларына жақын күндері ауызашар жасап беруді жоспарлап отырмыз дейді.
Ал жолаушыларды мұндай игі шараның тек бір күн болғаны қынжылтты. Осылайша, сенбі күні болған шарада 6 автобус халыққа күні бойы қызмет етті.
Ербосын Орын, Шымкент қаласының бас имамы: «Мақсатымыз сол — елді ынтымаққа, бірлікке шақыру. Рамазан айының қадір-қасиетін түсіндіру. Рамазан айының ұлық ай екені, сондай бір қасиетті ай екені, ол айларда адамдар бір-бірімен сыйластықпенен, татулықпенен, қол ұшын беру арқылы, бір-бірімен жақындасу мақсатында ұйымдастырып жатқан арнайы іс-шара».