Тассайдың тұрғындары тұншығып отыр. Шымқаланың іргесіндегі Тассай елдімекенінде кәдімгі таза ауа тапшы. 10 жылдан бері шошқаның өлексесі мен малағы сасыған иістен көз ашпайтын жерлестеріміздің мұңын біз де тыңдап қайттық.
Тассайлық тұрғындар қолқаны қабатын сасық иістен зәрезап болған. Көк шыбыннан көз ашпайтын елдімекеннің мыңнан астам тұрғыны жаз шықса үй есігін ашпай, тығылып тіршілік етуге мәжбүр. Себебі ауылдағы шошқа фермасынан тарайтын өлексе мен малақ иісіне бетперде де дес бермейді.
Ұмсынай Сұлтанова, Тассай ауылының тұрғыны: «Шалдар да барды оған. Беловодқа, анаяқа-мынаяқа, тыңдамады. Мынау зор екен кәрісіміз. Бала-шаға ауырып жатыр, өзім де аурумын, анау куні менен аллергия тасып кетті дардай өзімді, доғдырға барып укол алып жақсы болдым».
Дәл ауылдың іргесінен қазылған шұқырда шошқаның ішек-қарны, малағы және өлекселері жатыр. Қапқа салып лақтырғанымен, қаңғыған иттер мал қалдығын шашып тастайды. Ал, жекенің меншігіндегі ферма қожайыны тұрғындардың жанайқайын құлағына да ілмеген.
Еркін Аманбаев, Тассай ауылының тұрғыны: «Шошқаның малағы ағып жатыр суға ұқсап,
мына жердің тереңідігі 10 метрдей. Өздері эксковатормен қазған. Басынан бері қарай 500 метрдей. Енді осының бәрін толтырды. Ішінде балдарымыз кірсе, Құдай сақтасын, мынаның ішіне түсіп кетсе, шыға алмайды, өліп қалады. Бывлтыр мына жерде бір тана түсіп кетті. Сол күйі шығал алмай қайтыс болды. Өлді ол».
Тұрғындардың сөзіне сенсек, сасық иіс аллергиялық ауру тұрмақ, жұрттың жүйкесіне де әсер етіп жатыр. Әзірге, шошқаны бағып, табыс көзіне айналдырған кәсіпкерге ешкімнің сөзі өтетін емес. Бір қызығы өңірімізде бүгінге дейін үй жануарларын ұстау жөнінде ереже қабылданбаған. Сондықтан аудан-қаланың ветеринарлық бөлім басшылары да шарасыздық танытып отыр.
Төрәлі Жұбанов, Шымкент қалалық ветеринарлық бөлімі басшысының міндетін атқарушы: «Үй жануарларының барлығын, қағидасын жасап, ережесін облыстық мәслихатқа ұсындық. Бізге жан-жақтан өтініш түседі арыз түседі, осындай ауламызды жан-жағымыздан сасытады деген, иісі шығады деген сияқты. Соған біз ешқандай қолдау тауып отқан жоқпыз. СЭС мамандары бізге жұмсайды, біз оларға қағидамыз-ережеміз болмағаннан кейін, ешқандай ештеңе айта алмай отырмыз».
Облыстық мәслихаттағылар үй жануарларына қатысты ережені қарап, оның ішінде қаңғыбас-ит мысықтарға қатыстысын ғана бекітіпті. Қалғандарын қарауға құлықсыз.
Александр Гурьев, ОҚО мәслихат аппараты басшысы: «Облыстық мәслихатқа ұсынылғанымен, бұл біздің құзырымызда емес, бұған арнайы заң-ереже шығарылмаған, Сондықтан облыстық мәслихат ережені бекіте алмайды. Біз заңға қарсы келе алмаймыз».
«Мен салар да сен салар» болып жүргенде, тұрғындарды тұншықтырып жүрген жеке кәсіпкер Тассайдан тағы бір шошқа ферма ашуды жоспарлап, құрылыс жұмыстарын бастап жіберіпті. Ал елдімекенде мал асырауға қатысты арнайы ереженің жоқтығына ашынған тұрғындар жуырда Елбасыға хатпен шықпақ.
Айта кетейік, санитарлық-індетті қадағалау қызметінің мәліметі бойынша, Оңтүстік өңірі бауыр құрты-эхинококк ауруынан республика бойынша көш бастап тұр. Бұл дерт малдың өлекселерін жеген ит арқылы адамға жұғады. Ал, шошқа фермасымен көршілес Тассайлық тұрғындар ел арасында аурудың артқанын айтып отыр. Бірақ оны тексеріп жатқан ешкім жоқ.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=OQcQecPvPeI[/youtube]