Жалға берілетін тұрғын үй құрылысы отандық құрылыс саласын дамыту үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. «Қолжетімді баспана» бағдарламасы Қазақстанды алып құрылыс алаңына айналдырып, жас кәсіпкерлердің жұмыс жасауына зор мүмкіндіктер береді. Қаржы шығындарының ағымын арнайы құрылатын комиссиялар бақылайтын болады.
Мұндай масштабы кең стратегиялық жоспардың іске асырылуы компьютерлік технологиямен басқарылатын инфрақұрылымды құрылыс индустриясының дамуымен тікелей байланысты. Әрине, осындай бүкіл ел өмірінің қуаттылығын көтеріп, әлеуметтік инфрақұрылымды кеңейтіп және жастардың мерейін асыратын ауқымды жобаларды іске асыру кең және ұзақ мерзімдік шараларды талап етеді. Мұндай стратегиялық бағдарламалар құрылыс экономикасының болашақтағы потенциалын бағалау және ғылыми орындалу барысына тұрақты мониторинг жүргізіп, сараптамалық талдау жасап отыруды және ғылым мен өндірістің қосарланған бағытындағы мамандықтар бойынша зерттеуші мамандарды даярлауды міндеттейді. Құрылыс циклының ұзақтығы және материал шығынының көптігі – құрылыс өндірісі экономикасының шаруашылықтың басқа салаларынан ерекшелігін көрсетеді. Құрылыс экономикасында күрделі жобаны бағалау, басқару үрдістері мен қаржыландыру мәселелерін оптимизациялау мәселелері туындайды. Кез-келген күрделі құрылысқа кететін қажетті жоғары технологияларды, материалдық және қаржылық шығындары мен қаржы шығындарын бағалау үшін техникалық және экономикалық есептеулер арқылы дәлелденген жобалар құрастырылуы тиіс. Нарықтық қатынастар жағдайында құрылыстағы бағаның қалыптасуы — мемлекеттің баға саясатының құрама бөлігі. Сондықтан, инфляция сияқты сыртқы факторлар өзгеруінің әсерінен өндірістік циклдардың ұзақ мерзімдік құрылыстардың нақты бағасы жобада анықталған құнынан әлдеқайда ауытқып кетеді. Инвестициялық тапшылықтан құрылыстың жобадағы жоспарланған уақытында орындалмай қалуы туындайды. Осы бағытта математикалық және компьютерлік модельдер – құрылыс индустриясының жұмыс графигінің ауытқуын уақытында дәлдеп, түзететін инновациялық бақылаушының қызметін атқарушы құрал. Қазіргі нарықтық ашық экономика жағдайында, құрылыс кәсіпорындары бәсекелік мүмкіндігін, қаржылық орнықтылығын, несиелік қабілеттілігі және еңбек өнімділігінің көрсеткіштері негізінде ғана мемлекеттік бағдарламаларды орындауға қатыса алады. Инвестициялық циклдың әрбір кезеңінде құрылыстың құнын анықтау, несиелік нормативтердің қолдану шарттарын қадағалау, құрылыс өнімдерінің және материалдарының келісімдік бағаларын қалыптастыру, оларға мониторинг жүргізу, нарық жағдайындағы баға қалыптастыру жүйесін жасақтау – құрылыс экономикасының басты мақсаттары. Қазақстанда тұрғын үй құрылысы саласы нарықтық қатынастарға көшті. Жалпы, құрылыс сапасына бақылау жасауды жергілікті әкімдіктер қамтамасыз етеді. Қазіргі уақытта құрылыс сапасына ерекше көңіл бөлінуде. Банк өз тарапынан, тұрғын үй сатып алушылар пулына қатысушылардың өкілі ретінде, салынып жатқан үйлердің сапасын тексеруді кезеңділікпен жүзеге асырады. Және өз клиенттері үшін салынып жатқан объектінің ағымдағы жағдайы туралы ақпараттарды банктің сайтына орналастырып отырады. Жалпы, бағдарламада негізінен, жайлылығы 3 және 4 класты тұрғын үй салу көзделген. Жайлылығы 3 және 4 класты баспаналарға қандай пәтерлер жатады? Олардың 1 және 2 класты жайлылықтан қандай айырмасы не?
Мақпал РЫСБАЕВА
Самат БАЙДУАНОВ, «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» ОҚО филиалының директоры:
– Қысқаша айтар болсақ, 1 және 2 класс – бұл барынша мүмкін болатын артықшылықтары бар таңдаулы (элиталық) тұрғын үйлер болып табылады. Ал 3 және 4 класс – бұл қалыпты заманауи жайлы бас-пана. Қай класс болса да, қауіпсіздік пен сапалылық жағдайы бірдей. Яғни кез-келген кластағы тұрғын үйлердің сейсмикалық беріктігіне, құрылыс сапасына кепілдік беріледі. Дегенмен, өзіндік ерекшеліктері де жоқ емес. Мысалы, жайлылығы 3 класты үйлердің ас бөлмесінің ауданы 9 ш.м. кем болмауы керек. Төбелерінің биіктігі – 2,7 м., 1 адамға жалпы ауданы 18 ш.м. кем емес, бөлме саны 2 және одан көп болғанда, санторап бөлек, пәтердің әрленуі – жақсартылған болуы тиіс. Ал жайлылығы 4 класты үйлерде ас бөлмесінің ауданы 6 ш.м., төбелерінің биіктігі – 2,5 м., 1 адамға жалпы ауданы 15 ш.м. кем емес, санторап бірге болуы мүмкін. Пәтердің әрленуі – жай әрлеу.
3 класты жайлылық бойынша таза әрленген тұрғын үйдің 1 шаршы метрі үшін сату бағасы, Шымкент қаласы бойынша – 90 мың теңге. Ал 4 класты жайлылық бойынша таза әрленген, тұрғын үйдің 1 шаршы метрі үшін сату бағасы Шымкент қаласы бойынша – 80 мың теңге.