Өткенге көз жүгіртпей алға жылжу жоқ. Облыстық прокуратура биылғы жылдың бірінші жарты жылдығын таразылап, атқарған жұмысты қорытындылады. Баспасөз жиынын облыс прокуры Ибраһим Имановтің өзі жүргізіп отырды.
Алдымен баяндама жасаған облыс прокуроры біршама құқық бұзушылықтың есеп-қисабын нақтылап берді. Облыс прокурорлары заңсыздықтың алдын-алып, көпе-көрнеу әділетсіздікке араша түсуде жан аямай жұмыс істеген. Әсіресе, қаймана жұрттың аяққа тапталған құқын қайтару фактілері көп. «Іштен шыққан жау жаман» демекші, құқық қорғау органы өкілдерінің де бірталай заңсыз әрекеті әшкере болған.
Биылғы жарты жылдықта әлеуметтік-экономикалық салада бас-аяғы 20 мыңнан астам заң бұзушылық тіркеліпті. 11 мыңнан аса азаматтың құқығы қайтарылып, 3,5 мың лауазымды тұлға түрлі жауапкершілікке тартылған. Осының нәтижесінде 2,5 млрд теңгеден астам қаражат мемлекет қазынасына құйылған.
Аты өшкір сыбайлас жемқорлық әрекетті түбірімен жойып жіберуге қауқарымыз жетпей тұр. Қай салада болмасын жегіқұрт кеселіне кезігесіз. Облыс прокурорларының араласуымен 177 іс тексеріліп, 813 заң бұзушылық мәлім болған екен. 56 лауазымды тұлғаның жауапқа тартылып, 43 млн теңгенің мемлекет қазынасына аударылғаны сәл де болса көңілге демеу.
Баспасөз жиынынан ұққанымыз, өңірімізден түлеп ұшқан прокурлардың еңбегі еленген сыңайлы. Облыс прокуроры Ибраһим Әлжанұлы биылғы жартыжылдықтың өзінде 8 жерлесіміздің генерал шенін иеленгенін тебірене айтып өтті. Құрметке бөленген прокурорлар жер-жерде, түрлі басшылық қызметтің тізгінін ұстағандар. «Атқарылған жұмыс аз емес. Атқаратын жұмыс бұдан көп», – деді облыс прокуроры болашаққа сеніммен қарап.
Соңына қарай, облыс прокурорының бірінші орынбасары Батыржан Жәнібеков азаматтардан келіп түскен сауалдарға тиянақты жауап берді.