Жетім көрсең жебей жүр

Шымкент қаласындағы №3 Балалар үйінің меңгерушісі Қырмызы Қожамжарова

Тұрақты айдарымыздың бүгінгі кейіпкері Шымкент қаласындағы №3 Балалар үйінің меңгерушісі Қырмызы Қожамжарова. Ол бүгінде өзінің туған ұл-қызының ғана емес, сондай-ақ, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған 92 баланың да анасы.

Шымкент қаласындағы №3 Балалар үйінің меңгерушісі Қырмызы Қожамжарова
Шымкент қаласындағы №3 Балалар үйінің меңгерушісі Қырмызы Қожамжарова

Үлкен отбасы атанып, тату-тәтті өмір сүріп жатқан балалар үйіне атбасын бұрып, отанасы Қырмызы Тілеубекқызына жолыққан едік.

– Мен Ақсу ауылының тумасымын. Отбасымызда 2 ұл, 4 қызбыз. Әкем теміржол саласында қызмет етті. Анамыз үй шаруасын дөңгелетіп, балаларын бағып, тәрбиесімен айналысты. Анам бәрімізді жастайымыздан еңбекке баулыды. Қай сыныпта оқып жүргенім есімде қалмапты, әйтеуір мектеп қабырғасында жүргенімде анамнан айырылып қалдым. Әкеміз «жетімек» деген сөзді естімесін деп барын балаларының аузына тосып жетілдірді. Оқытты. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Тағдыр мені маңдайымнан сипай қоймады. Әкемнен де айырылып қалдым, үлкен ағам да бақилық болды. Сөйтіп жүргенде өмірдің тоқпағына тағы да түстім. Балаларымның әкесі, өмірлік жолдасым, отағасы мәңгілік сапарға, мезгілсіз кете барды, – дейді Қ. Қожамжарова.

Кейіпкеріміздің өзі де жастайынан анасынан айырылып, жетімдіктің дәмін көргендіктен болар ата-анасының аялы алақаны мен қамқорлығынсыз қалған бейкүнә сәбилердің ішкі мұңы мен зарын жақсы түсінеді.

Жылуды да, жақсылықты да отбасынан іздеген балақайлар үшін ананың мейірімінен артық нәрсе жоқ. Сондықтан да болар, Қырмызы бойындағы бар махаббатты, мейірімді көздері жәутеңдеген балақайларға арнап келеді және оған еш өкінген де емес.

– Бұл өмірде әрбір адамның маңдайына жазылған тағдыры әртүрлі. Бірақ, соған қарамастан бәрі де бақытты болуға лайықты. Әсіресе ата-ана қамқорлығынан айырылған балалар әке-шеше мейіріміне аса зәру. Мұндағы бүлдіршіндер жатар орын, киер киімнен кенде емес. Сонда да болса, олар үшін өзінің туған анасының «айналайын» деген сөзіне ештеңе жетпейді, – дейді балалар қамқоршысы.

Қырмызы Тілеубекқызына балалар үйін аралатып таныстыруға қолқа салған едік, ол кісі ойланбастан ақ келісе кетті.

– Мынау бөлме балалардың ән салып, би билеуі үшін түрлі құрал-жабдықтармен жабдықталған. Дәліздің оң жағында жатын бөлмелер бар. Онда бүлдіршіндер теледидар көреді. Ал, мынау бөлмеде кітап оқып, шығармашылықпен айналысуға мүмкіндік жасалған. Бізде спорт залы, алаң бар. Үлкен және кішкентай қауызда балақайлар қалағанынша шомылады, – дейді Қырмызы Тілубекқызы.

Балалар үйін аралап жүргенімізде «сіз менің анамсыз ба?» деп етегіме жасы 3-4 шамасындағы бүлдіршін жабысты. Оның жәутеңдеген көздерін көріп, еріксіз жанарыма жас толды. Өмір есігін аша салысымен «тастанды» атанған, ата-ансының аялы алақаны мен қамқорлығынсыз қалған бейкүнә сәбилердің аянышты өмірлері кім-кімді болса да елжіретері сөзсіз.

Ананың «айналайын» деген сөзіне ештеңе де жетпейді
Ананың «айналайын» деген сөзіне ештеңе де жетпейді

– Мұндағы балалар ғимаратқа енген әрбір жанға жалтақтап, солардың арасынан бір жақын адамын іздейді. Оларға қарап тұрып жан жүрегің езіледі, көзіңе еріксіз жас келеді. Жетімнің басын сипап, жылы сөйлегеннің өзі сауап деседі. Қазіргі бейбіт заманда жетім балалар жәутеңдемей өз үйінде өскені жөн болар еді. Бала – ата-ананың бауыр еті. Бауыр етінен жаралған соң көз қуанышының бақытты ғұмыр кешуі, толыққанды отбасында дүниеге келіп, тәрбиеленуі үшін ата-ана барын да, жанын да беруге даяр. Десек те, қоғамымыздағы баланың бәрі бірдей анасының жылуын сезінбейтіні ащы да болса шындық. Дүниеге шыр етіп келген сәбидің тірі жетімге, я болмаса тұл жетімге айналуы – бүгінгі қоғамның ауыр дерті, – дейді Қырмызы апай.

Бүгінде балалар үйінде 3 жас пен 11 жас аралығында 92 бала тәрбиеленуде екен. Оның 45-і қыз, 47-і ер-бала. Жыл басынан бері 5 бала патронаттық тәрбиеге, 2 бала қорғаншылыққа берілсе, 4 баланың ата-анасы табылып, өз отбасына оралыпты.

– Біздің балалар үйіне келіп түсетін балалардың тағдыры әртүрлі. Мәселен, аналары созылмалы ауруға душар болып, баланы күтіп бағатын басқа ешкім болмағасын әкелетін жағдайлар да кездеседі. Бірінің ата-анасы нашақор, ішкілікке салынса, енді бірі мезгілсіз қайтыс болып, қараусыз қалады. Түрлі себептерге байланысты балаларынан бас тартқан ата-аналар да бар. Мәселен, біздің балалар үйінде 4 жыл бойы Арай, Нұрай және Аян есімді 11, 9 және 6 жастағы ағайынды балалар тәрбиеленді. Олардың анасы басқа діни ағымға кіріп отбасын тастап кетіп қалады. Ал, әйелінің бұл әрекетіне күйінген отағасы ішкілікке салынып кетіпті. Осылайша, олар ата-ана құқығынан айырылып, балалар «жетімдер» үйін паналайды. Араға төрт жыл салып, емделіп, басына баспана тұрғызып, жұмысқа орналасқан отағасы балаларын іздеп келді. Құзырлы органдар балаларды әкесіне қайтаруды жөн санайды. Біз балаларға қанша жағдай жасап, көңіл бөлгенімізбен туған ата-анасындай бола алмаймыз ғой,-дейді кейіпкеріміз отбасы құндылығының рөлі жайында ойымен бөлісіп.

Қырмызы Қожамжарованың айтуынша, балалар үйіне қолдау көрсетіп, ойыншық, киім және басқа да түрлі заттарды әкелетін жомарт жандар да баршылық. Олар бүлдіршіндердің шаттыққа толы, бейкүнә күлкісі үшін аянып қалмайтындарын айтады екен.

Әрине, жетім балалар туралы сөз қозғағанда, мұның бір парасы оларды асырап алуға, оның ішінде шетелдік азаматтардың отбасыларына берілуіне келіп тірелетіні белгілі. Кейіпкеріміз қазақстандық балақайлардың мұхит асып шетелге кеткенше, өзіміздің елде қалғанын қалайтынын айтты.

Әрине, әрбір бөбектің өз ата-анасының қамқорлығында өскеніне, ал жетім балалардың отандық отбасыларда тәрбиеленгеніне не жетсін?! Бұл еліміздің демографиялық ахуалының сәл де болса жақсаруы үшін де, ең бастысы, өкініп әрі опық жеп қалмауымыз үшін де аса қажет. Қазақ халқы қашанда жетімін жылатпаған, жатқа бермеген, олардың тағдырына бей-жай қарамағанын ескерсек, қаракөз сәбилердің шетел аспай, өз топырағында тәрбиеленуі керек.

Қырмызы Тілеубекқызы өзінің мойнына артылған жүктің қаншалықты салмақты екенін түсінеді. Біздің кейіпкеріміздің өмірі, жомарттығы, кең пейілі мен дархан көңілі, парасаттылығы өзгелерге үлгі болуға тұрарлық.

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ