күрделі жөндеу жұмыстары жүруде

Қаламызда 12 бала-бақша әзірге өз жұмысын тоқтатты. Оларда қазір жоспарлы түрдегі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Қалалық білім бөлімі меңгерушісінің айтуынша, мектепке дейінгі мекемелердің біразы тозығы жеткен. Көненің көзін көрген бұл ғимараттардың бүгінде қабырғалары жарылып, кірпіштері мүжілген.

күрделі жөндеу жұмыстары жүруде
күрделі жөндеу жұмыстары жүруде

«Жанар» бала-бақшасында 3 айдан бері күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Осы уақыт аралығында балаларды бақшаға әкелу тоқтатылған. Себебі, 40 жылдан бері жөндеу көрмеген мектепке дейінгі мекеме бүгінде түбегейлі жаңартылуда. Құрылысы қарқын алған ғимараттың күннен-күнге құлпыруы мекеме меңгерушісіні де қуантып отыр.

Алима Губашева,  №44 «Жанар» балабақшасының меңгерушісі:»Менің мұнда меңгеруші болғаныма 5 жыл болды. Сол жылдарды еске алсам, көңілім құлазиды. Жағдай тіптен нашар еді. Қазір өздеріңіз көріп отырсыздар, балабақшамыз жағдайы жақсарған. Осыған дейін ағымдағы жөндеу жұмыстарынан басқа жөндеу көрмеген».

Күннің ыстығына қарамастан еңбек етіп жатқан құрылыс компаниясы балабақшаны жаңа оқу жылында пайдалануға бермек. Айта кеткен жөн, уақыт пен көп қаражат талап еткен бұл құрылысқа қазынадан 110 млн. теңге бөлінген.

Ал мына балабақша күрделі жөндеу жұмыстарынан кейін жаңа кейіппен бүлдіршіндерге қайта есігін ашпақ. Бұған дейін жермен жексен болған ғимараттың бүгінгі кейпі тіптен өзгеше. Алайда, бюжеттен бөлінген қаражат тәрбие мекемесінің тек жартысына ғана жеткен. Ал сыртқы көрінісіне қаражат жетіспеушілігі қолбайлау болған.

Сауле Керейбаева, №100 «Тоғжан» балабақшасының меңгерушісі: «Балабақша өте ескі болатын. барлық жерін жөндеу керек. терезелері салынып, полдары төселді. Жылу құбырлары тартылып жатыр».

жөндеуден кейінгі бақша көрінісі
жөндеуден кейінгі бақша көрінісі

Биылғы жөндеуден өткізіліп жатқан балабақшаның үшеуі облыстық бюджеттен, тағы 7-еуі қала қазынасынан қаржыландырылып отыр. Қалған екі ғимаратқа ақша республикалық трансферттен бөлінген. Күрделі жөндеу жұмыстары бөбектердің дені жазғы демалыста жүргенде жүргізіледі. Қалған бүлдіршіндер басқа балабақшаға немесе шағын-орталықтарға уақытша жіберіледі.

Жанат Тәжиева, қалалық білім бөлімінің басшысы:» Ата-аналар балалары уақытша балабақшаға бармағандықтан өздерінің келіспейтіндерін айтып шағымданып жатыр. Олай етуге болмайды, әрине. Біз ата-ана мен балаларына жап-жаңа ғимаратты тарту етпекпіз».

Айта кеткен жөн былтыр қаладағы 6 балабақша жөндеуден өтіп, ел игілігіне берілсе, биыл 12 бала-бақшада күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.