Жоғалған келіншек

Оңтүстік Қазақстан облысы аумаңында, Төле би ауданындағы Қасқасу шатқалында бір келіншек жоғалып кетті. Бұл туралы суыт хабар облыстық төтенше жағдай департаментінің апатты-құтқару жасағына 15-тамызға қараған түні сағат 11-лер шамасында түскен. Қоңырау шалғандар кешке қарай қарай жоғалған келіншекті түнге дейін іздеп, таба алмағандарын айтады.

Жоғалған келіншек
Жоғалған келіншек

Құтқарушылар шұғыл жиналып, тау бөктеріне аттанып кетеді. Сол түнгі сағат 00:07-ден бастап Төле би аудандық тәртіп сақшылары мен құтқарушылар жоғалған адамды іздеуге кіріседі. Анық болғандай, ол Шымкентке Астанадан қыдырып келген болып шықты. Бір топ адам болып, тауға қыдыруға шығады. Кешке дейін демалып, апақ-сапақта алысырақ кеткен азаматша адасып кетеді. Соның кесірінен таудың бөктерінде түнеп шығуға мәжбүр болады. Оны алғашында өз беттерімен іздеген жақындары таба алмайды. Содан құтқарушыларға хабар беруге тура келген.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=fP4OgkwNxxY[/youtube]

Әбден шаршап, жаураған әйелді құтқарушылар таңғы сағат 05-те тауып алды. Сосын жергілікті полицейлерге табыстады. Осы орайда құтқарушылар табиғат аясына демалуға шығатын адамдардың жергілікті құтқару жасақтарына келіп, тіркелулерін ескертеді. Бұл — аса қиын шаруа емес. Ал есесіне кенет жоғалған адамды іздеуде көп көмегін тигізеді.