Құтқарушылардың әр күні қауіпті

Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша  2013 жылдың 6 айында 112 шұғыл шақырту пультіне 10 793 шақырту келіп түссе, оның 330-ы  жедел құтқару жасағына тиесілі
Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша 2013 жылдың 6 айында 112 шұғыл шақырту пультіне 10 793 шақырту келіп түссе, оның 330-ы жедел құтқару жасағына тиесілі

Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша 2013 жылдың 6 айында 112 шұғыл шақырту пультіне 10793 шақырту келіп түссе, оның 330-ы жедел құтқару жасағына тиесілі. Халыққа қызмет көрсету бойынша 108 жәбірленушіге көмек көрсетіліп, 72 бала құтқарылды. Жол көлік оқиғасы салдарынан орын алған қайғылы жағдайда 9 мәйіт пен 6 адам, 1 баланың денесі апатты мәшиненің құрсауынан шығарылды. Қалың қардың құрсауында қалған 103 адам мен 23 техника қауіпсіз аймаққа көшірілсе, топан судың астында қалған 7 адам, оның ішінде 2 бала құтқарылған. Абайсызда құдыққа түсіп кеткен 4 адам мен 12 жан-жануардың өмірі сақтап қалынды. Іздестіру жұмыстары барысында бетпақ далада адасқан 2 адам табылса, тауға шығып түсе алмай қалған 4 адамға көмек көрсетілді. Құздан құлап ажал құшқан 1 мәйітті шығару жұмыстары жүргізілген.

Ғалымжан Бекенұлы
Ғалымжан Бекенұлы

Мұның барлығы да жедел құтқару қызметі мамандарының күнделікті атқаратын жұмысы. Бұл жайында БАҚ құралдарында аз жазылып, аз айтылып жүрген жоқ. Алайда біз құтқару қызметі жайлы не білеміз? Бұл салада қандай мамандық иелері жұмыс істейді? Күн сайын қанша мәрте арнайы шақыру бойынша жолға шығады? Міне, осындай сауалдарға жауап іздеген біз Жедел құтқару қызметі мекемесі бастығының орынбасары Ғалымжан Бекенұлына (1-суретте) жолықтық.

Ербол Оспанов
Ербол Оспанов

Облыстық құтқарушылармен алғаш кездескенде бірден байқағанымыз, мұндағы мамандардың барлығы тарамыстай тартылған, тепсе темір үзетін, талай жарыста бәйгені бермей, олжалы оралған спортшылар секілді көрінді. Құтқарушылармен әңгімелесе бергеніміз сол еді, «Құтқару қызметінің» бас құтқарушысы Ербол Оспановтың (2-суретте) қолындағы рациясы безектеп берді. Рациядан құтқару қызметінің кезекші диспетчері қаладағы үйлердің біріне жылан кіріп, тұрғындардың зәре құтын қашырғаны туралы хабарды жеткізді. Жедел хабар алған бас құтқарушы мен оның тобы еш ойланбастан жолға шықты. Біз де құтқарушыларға ілесіп, оқиға орнына жеттік.

Нұралы Әбенов
Нұралы Әбенов

 

Құтқарушы Нұралы Әбенов (3-суретте) көзді ашып жұмғанша жыланның жасырынып жатқан жерін тауып, ұстады. Арада жарты сағат уақыт өтпей, біз мінген құтқарушылар көлігі қаладағы көпқабатты тұрғын үйдің ауласына келіп жетті. Сөйтсек, 5-6 жас аралығындағы ойын баласы айналмалы жүгіртпе жолда ойнап жүріп, екі темірдің арасына аяғын қысып алып, шығара алмай жылап жатыр. Анасы не істерін білмей, есі шығып кеткен. Жедел құтқару жасағының мамандары Талғат Көшенов пен Олжас Бақытұлы әлгі айналмалы ойын құрылғысын арнайы құралдармен кесіп, баланы «азаптан» құтқарды. Бірер секундтардан кейін диспетчерден бірнеше күннен бері пәтерінің есігін ашпай, қоңырауға жауап бермей жатқан кейуана туралы хабар келіп түсті. Оқиға орнына жедел жеткен құтқарушыларды қарияның көршілері қарсы алды. Оқиғаның мән-жайына қаныққан топ арнайы құралдармен есікті ашып берді. Сөйтсек, жасы жетпістерді алқымдаған әжей спирттік ішімдікке сылқия тойып алып, ұйықтап қалыпты. Кешқұрым құтқарушылар қаладағы жол-көлік апаты болған жерге жетуге асықты. Жол полициясы қызметкерлері де оқиға орнына келіп жеткен екен. Сөйтіп, полиция инспекторынан оқиғаның жайын анықтап алған құтқарушылар шұғыл жағдайда көліктің бірінің ішінде жаншылып, жан даусы шығып жатқан адамды құтқаруға кірісті. Олар арнайы металл кескіш құрал арқылы көлікті кесіп, өмір мен өлім арасында аласұрып жатқан адамды шығарып алып, дереу жедел жәрдем дәрігерлеріне табыстады. Осы оқиғадан соң құтқарушылар мінген көлік құтқару қызметі мекемесіне қарай бет алды.

Жол көлік оқиғасы салдарынан орын алған қайғылы жағдайда 9 мәйіт пен 6 адам, 1 баланың денесі апатты мәшиненің құрсауынан шығарылды
Жол көлік оқиғасы салдарынан орын алған қайғылы жағдайда 9 мәйіт пен 6 адам, 1 баланың денесі апатты мәшиненің құрсауынан шығарылды

Сәл үнсіздікті бұзып: « Жігіттер, жұмыстарың қиын да өте күрделі екен, тірі пенденің басына бермесін, әлгі оқиғаларды көріп, шошып қалдым»,– деп құтқарушыларға сөз тастадым. Менің ойымды бірден ұққан бас құтқарушы Ербол Оспанов: «Бұл біздің күнделікті қызметіміз әрі міндетіміз. Қайсыбіреулер айтатындай, құтқарушы болу оңай шаруа емес. Сондықтан осы мамандықты қалағандар алдымен сан түрлі тексеруден өтеді. Құтқарушы спорттық қалыпта ғана емес, психологиялық жағынан да өте мықты болуы тиіс. Әйтпесе, жаңағыдай жол-көлік апатын көре тұрып, жан ұшырып жатқан немесе өлген адамды көліктің бортын кесу арқылы сыртқа шығару оңай емес. Мұндай оқиға ең алдымен, адамның жүйкесіне қатты әсер етеді. Сондықтан да құтқарушы боламын деген адам мұнда бірнеше ай бойы арнайы сынақтан (спорт түрлері бойынша және психологиялық тексеру, т.б.) өтеді. Мысалы, менің бұл қызметте жүргеніме 17 жыл болды. Осы уақыт аралығында алуан түрлі оқиғалардың куәсі болдым. Кейде тұрғындар болмайтын бір нәрсеге шақырса, енді бірде оларға көмегіміз ауадай қажет. Құтқарушылық қызметтің тағы бір ерекшелігі, жол-көлік апатына түскен немесе басқадай жағдайда зардап шеккен адамға біз қажет болған жағдайда дәрігерлік көмек те көрсете аламыз. Өйткені біз медициналық колледжде білімімізді шыңдап, «парамедик» деген куәлік алғанбыз. Арнайы дәрігерлік білімімнің мұндайда көмегі зор»,- дейді кейіпкеріміз. Осы орайда диспетчерлік бөлімнен тағы бір хабар келіп түсті. Сақадай сай тұрған жігіттер шапшаң қимылдап, тағы да дабыл бойынша жолға шықты. Бұл жолы құтқарушылардың экипажы қаладағы жеке үйлердің біріне келді. Құтқарушыларды қарсы алған А. есімді келіншек сыртта тұрған дәретханаға күшігінің түсіп кеткенін айтты. Оқиғаның мән-жайын бірден түсінген құтқарушылар күшікті құтқарып, иесіне табыстады.

Міне, осылайша жедел құтқару қызметі мамандарының күнді түнге жалғаған қауырт жұмысы жалғасып жатты. Біз оларға сәттілік тілеп қала бердік….

Айжан Ермекқызы