Тұрғын үй көмегін тағайындауды электронды түрде жүзеге асыруға болады. Ол үшін алдымен порталда авторлану немесе тіркелу керек. Сосын электрондық сұранымның ашық жиектерін толтыру және оған ЭЦҚ-мен қол қою керек. Үшінші қадам — электрондық сұранымға келесі құжаттардың скан-көшірмелерін қоса беру қажет:
1. Отбасының табысын растайтын құжаттар. Тұрғын үй қатынастары саласындағы өкілетті орган тұрғын үй көмегін алуға үміткер отбасының (ҚР азаматының) бірлескен табысын есептеу тәртібін анықтайды;
2. Тұрғын үйді (тұрғын үй ғимаратын) ұстауға жұмсалатын ай сайынғы жарналар көлемі туралы есепшоттар;
3. Коммуналдық қызметтерді тұтынуға арналған есепшоттар;
4. Телекоммуникация қызметіне берілген түбіртектер-есепшоттар немесе байланыс қызметін көрсетуге арналған шарт көшірмесі;
5. Жергілікті атқарушы орган жеке тұрғын үй қорында жалға алған тұрғын үйді пайдалану үшін жалға алу төлемінің көлемі туралы жергілікті атқарушы орган ұсынған есепшоттар.
Айта кетейік, бұл пилоттық режимдегі қызмет тек Астана, Алматы қ. және облыс орталықтарының тұрғындары үшін ғана қолжетімді. Егер жоба нәтижелі болса, басқа аймақтар да бұл қызметтің шарапатын көруге мүмкіндік алады. Қызмет көрсету нәтижесінде тұрғын үй көмегін тағайындау туралы хабарлама немесе одан бас тарту туралы дәйекті жауап беріледі.
Мақпал РЫСБАЕВА