Мемлекеттік білім грантының иегерлері анықталды. Биыл Республика бойынша 68 742 талапкер айтулы конкурсқа өтініш білдірген. Бүгінде оның 30758-і ақысыз білім алу мүмкіндігіне ие болып отыр. Ал ел аумағында ең көп сұраныс «аударма ісі» мамандығына түсіпті. Дәлірек айтсақ, орыс бөліміне 1 орынға 65 адамнан тура келген. Айта кетейік, қазіргі таңда мемлекеттік сынақ конкурсына құжат тапсырған 8000-нан аса жерлестеріміздің 2500-дайы білім грантын жеңіп алыпты.
Гүлістан Қайратқызы күн сайын ғаламтордан көз алмай, білім грантының жеңімпаздары жарияланатын желілерде отырды. Қаламыздағы №8 мектеп-гимназияны тәмамдаған түлек ҰБТ-де 86 балл жинаған. «Алтын белгіні» ақтағанымен, үмітінен күдігі басым болыпты. Өз есімін жеңімпаздар қатарынан көрген ару қуанышын бөлісті бізбен.
Гүлістан Қайратқызы: «Бұл менің 1-сыныптан бергі армандап келе жатқан жетістігім. Менде толық 100 пайыз 100 бал болған жоқ, 86 балл ол грантқа түсу үшін менің география пәніммен ол өте қиын. Сондықтан да менде өте қорқыныш болды, қатты уайымдадым».
«Баласы атқа қонса, үйдегі анасы тақымын қысады» деген. Күлімхан Сейілбекова бүгінде 4 баланың анасы. Тұңғышы Гүлістанның үздіктер қатарынан табылуы бауырларына да үлгі болғанын қалайды. Қуанышты бөлісу үшін туыс-жекжатты үйге шақырып әлекке түсіп жүр.
Күлімхан Сейілбекова: «Қазір жалпы енді студент оқытудың өзі оңай емес қой, оның мынау Қазақстандағы беделді университеттердің төлемақысы біразға дейін барады. Жылына 700 мың, 600 мың дегендей. Сол енді 4 жылға есептеген кезде бірнеше, 2 млн.800 мыңдай ма сондай ақшаны, енді бізге үлкен көмек болып тұр да. Қызымыз сондай жағдайға жеткізіп отыр.
Бүгінде 2500-нан аса жерлесіміз мемлекеттік білім грантына ие болыпты. Олардың басым бөлігі техникалық мамандықтарға құжат тапсырған. Ал өңіріміздегі М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне оқуға тапсырған талалапкерлердің 1730-і мемлекеттік грантты иемденіпті. Бұл көрсеткіш жылдағымен салыстырғанда 25 пайызға артық.
Дархан Сабырханұлы, ОҚМУ проекторы: «Біз қазір технологиялық жабдықтар, машиналармен жабдықтарға көп грант алып отырмыз. Құрылыс мамандығына көп грант алып отырмыз. Және ауылшаруашылық мамандықтарына, тағы бір айта кететін нәрсе тамақ өндіріс технологиялары және одан кейін өңдеу өндіріс технологиясына 40-тан аса грант алдық».
Әлі педагогикалық мамандықтарға ҚР Білім және Ғылым министрлігі тарапынан қосымша грант бөлінуі мүмкін екен. Ал мемлекеттік білім грантының иегерлері тамыз айының 25-жұлдызына дейін тегін оқу куәліктерімен бірге құжаттарын ЖОО-на тапсырып үлгеруі керек.